Accessibility links

Шымкент соты "асырауындағы алты баланы қинады" деген күдікке ілінген адамды мәжбүрлеп емдеуге жіберді


Шымкент қалалық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі соттың судьясы Болат Қарабаев "алты баланы қинаған" деп айыпталған Ұлықбек Смановты мәжбүрлеп емдеу туралы шешімін оқып тұр. 18 маусым, 2024 жыл.
Шымкент қалалық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі соттың судьясы Болат Қарабаев "алты баланы қинаған" деп айыпталған Ұлықбек Смановты мәжбүрлеп емдеу туралы шешімін оқып тұр. 18 маусым, 2024 жыл.

18 маусым кешке Шымкент қалалық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Алматы, Астана, Шымкент қаласынан "асырап алған алты баланы қинады" деп айыпталған 53 жастағы Ұлықбек Смановты мәжбүрлі түрде емдеуге жіберіп, оны қылмыстық жауаптан босатты.

Сотқа Смановтың сенімді өкілі ретінде қатысқан оның әпкесі інісі бала кезден психикалық ауруға шалдыққанын айтып, соттан оны мәжбүрлі түрде емдеуге жіберуді өтінген. Мұны Азаттыққа Смановтың адвокаты Ибадулла Нұрманов растады.

Бір ай бұрын Шымкенттегі балалар құқығы жөніндегі уәкіл Жанетта Жазықбаева Сманов асырап алған "балаларды қараусыз қалдырып, ауласындағы сарайда аш ұстап, ұрып-соққан" деп мәлімдеген.

Сманов Қылмыстық кодекстің "Қинау" (110-бап) және "Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау" (140-бап) баптары бойынша күдікке ілінген. Оны мәжбүрлі түрде емдеуге жіберу туралы өтінішті сотқа тергеушілер жолдаған.

Судья Болат Қарабаев кәмелет жасқа толмаған балалардың қатысы болған соң іс жабық қаралғанын айтты.

Сот Смановты қылмыстық жауаптан босатып, оны мамандандырылған үлгідегі психиатриялық ауруханада мәжбүрлі түрде емдеу жөнінде шешім қабылдады.

Сманов сотқа қатысқан жоқ. Оны Алматы облыстық психикалық денсаулық орталығына жатқызды деп хабарлады сот органы.

Смановтың психикалық денсаулығына байланысты сот-психиатриялық сараптама тағайындалған. Сараптама қорытындысында оның 1995 жылдан бері созылмалы психикалық ауруға шалдыққаны анықталып, "параноидты шизофрения" диагнозы қойылғаны айтылған.

Сот Абай аудандық полиция қызметкерлері, Шымкенттегі №3 балалар үйінің басшысы, Шымкент, Алматы, Астана қалалық білім басқармасы басшысы мен басқармалардың қорғаныш және қамқорлық жөніндегі функцияларды жүзеге асыру жөніндегі бөлім басшылары мен мамандарына кеткен кемшіліктерге байланысты тиісті шара қолдану жөнінде жеке қаулы шығарды.

Биыл ақпанда балалар құқығын қорғайтын арнайы топ Смановтың үйіне барып, ол асырап алған балалардың адам төзгісіз ауыр жағдайда тұрып жатқанына куә болған. Олардың мұндай күйге тап болғанын асырап алған баланың бірі №3 балалар үйінің директорына хабарлаған. Сараптама жүргізіліп, балалар "жеңіл жарақат" алғаны анықталған.

Балалардың бәрі қазір Шымкенттегі жасөспірімдер үйі мен балалар үйінде. Мамандар балаларға психолог көмегі керегін айтады.

Шымкент қалалық білім басқармасының мәліметінше, балаларды Смановқа асырауға бергенде оның дерті мен бұрын сотты болғаны жөнінде орталықтандырылған базаларда ешбір дерек болмаған. Балалардың жағдайы анықталып, олар аянышты хал-жағдайда екені бұқараға жария болғаннан кейін Бас прокуратураның "Ақпараттық қызмет" жүйесінде Смановтың 1994 жылы "Абайсызда адам өлтіру" бабымен күдікке ілініп, денсаулығындағы психикалық кінәратына байланысты қылмыстық жауаптан босатылғаны жөнінде дерек пайда болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG