Accessibility links

Путин туысын қорғаныс министрінің орынбасары етіп тағайындады


Ресей президенті Владимир Путин мен қорғаныс министрінің жаңа орынбасары Анна Цивилева.
Ресей президенті Владимир Путин мен қорғаныс министрінің жаңа орынбасары Анна Цивилева.

17 маусымда Ресей президенті Владимир Путин қорғаныс министрлігіндегі төрт орынбасарды (оның ішінде министрдің бірінші орынбасары мен мемлекеттік хатшыны) бірден қызметінен босатып, орнына жаңа үш адам тағайындады.

Путин қол қойған жарлыққа сәйкес, Анна Цивилева министрдің орынбасары болып тағайындалды. Ол Кемеров облысының бұрынғы губернаторы, жақында энергетика министрі қызметіне тағайындалған Сергей Цивилевтің әйелі. Журналистік зерттеулердегі ақпаратта Цивилева – Путиннің туысы, немере қарындасы деп көрсетілген. Цивилевтер "Колмар" атты ірі көмір өндіру компаниясының тең иесі болған. Анна Цивилева 2023 жылы Украинадағы соғысқа кеткендердің отбасыларын әлеуметтік қолдаумен айналысатын "Отан қорғаушылар" қорының басшысы болып тағайындалған.

Цивилевадан басқа, қорғаныс министрінің орынбасары болып Павел Фрадков тағайындалды. Ол – Ресей үкіметінің бұрынғы жетекшісі және сыртқы барлау қызметінің бұрынғы басшысы Михаил Фрадковтың ұлы. Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары қызметіне Леонид Горнин келді, ол бұған дейін қаржы министрінің орынбасары болып істеген.

Путин Николай Панковты, Руслан Цаликовты, Татьяна Шевцованы және генерал Павел Поповты қорғаныс министрінің орынбасары қызметінен босатты.

Биыл мамырдың ортасында Ресей үкіметіндегі ауыс-түйіс кезінде Сергей Шойгу қорғаныс министрі қызметінен кеткен. Оның орнына премьер-министрдің бірінші орынбасары, 65 жастағы экономист Андрей Белоусов тағайындалды. Ол бұрын экономикалық даму министрі болған. Министр ауысқанға дейін де, одан кейін де жоғары дәрежелі әскери қызметкерлердің және қорғаныс министрлігі шенеуніктерінің, соның ішінде министрдің орынбасары Тимур Ивановтың үстінен қылмыстық істер қозғалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG