Accessibility links

Қазақстан Швейцариядағы саммитке "басқа шараларға байланысты" қатыспады


Швейцариядағы "Бейбітшілік саммитіне" қатысушылар.
Швейцариядағы "Бейбітшілік саммитіне" қатысушылар.

Қазақстан 15-16 маусымда Швейцарияда өткен "Бейбітшілік саммитіне" халықаралық іс-шаралар кестесіне байланысты қатыспады. Бұл туралы 17 маусымда Астанадағы брифингте сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров айтты.

Оның сөзінше, Қазақстан кестесінде Украинада бейбітшілік орнату жайын талқылаған халықаралық конференция болмаған.

Смадияров "Қазақстан саммит нәтижесінде қабылданған құжатты қолдай ма?" деген Азаттық сұрағына "бұл мәселеге қатысты қандай да бір түсініктеме бере алмаймыз, өйткені біз қатыспадық. Құжат туралы да айта алмаймын" деді.

"Бейбітшілік саммитіндегі" қорытынды коммюникені осы жиынға қатысқан 78 мемлекет қолдады. Басында ұйымдастырушылар 80 ел қолдады деп хабарлаған, кейін тізімнен Ирак пен Иордания шығып қалды. Бұған не себеп болғаны әзірге белгісіз. Бірнеше ақпарат құралы олар құжатқа қойған қолын қайтарып алды деп жазды.

Коммюникеде конференцияда талқыланған үш негізгі тақырып: гуманитарлық мәселелер, ядролық қатерді болдырмау және азық-түлік қауіпсіздігі енгізілген.

"Настоящее время" тілшісінің сұрағына берген жауабында Украина президенті әлем елдерінің бәріне, соның ішінде саммитке қатыса алмаған немесе қандай да бір себеппен құжатқа бірден қол қоймаған мемлекеттердің қорытынды коммюникеге қосылу мүмкіндігі барын айтты. Ол "әлі нақты шешім қабылдамаған" мемлекеттерді Украина мен Еуроодақ елдерінің жақын көршілері сияқты Ресейден төнген қауіптің салдарын түсінуге шақырды.

Украина бойынша Швейцарияда өткен екі күндік саммитке 100-ге жуық ел мен халықаралық ұйымдар өкілдері қатысты. Ресейді оған шақырмады. Мәскеу өзі қатыспаған іс-шараның мәні болмайтынын мәлімдеп, шақырса да бармас едік деген. Ресей Швейцарияны бейтарап ел деп санамайтынын айтқан.

Мәскеумен жақсы қарым-қатынастағы бірқатар мемлекет саммитке қатысқан жоқ, олардың қатарында Қытай, Египет, Пәкістан, Орталық Азия елдері, Африка мен Азияның көп елі бар. Саммит басталатын күннің қарсаңында Колумбия президенті де Швейцарияға барудан бас тартты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG