Accessibility links

Трамп Украинаға көмек көлемін "реттеуге" уәде берді


Украина президенті Владимир Зеленский (сол жақта) мен АҚШ-тың сол кездегі президенті Дональд Трамп. 25 қыркүйек, 2019 жыл.
Украина президенті Владимир Зеленский (сол жақта) мен АҚШ-тың сол кездегі президенті Дональд Трамп. 25 қыркүйек, 2019 жыл.

АҚШ-тың бұрынғы президенті және биыл сайлауда республикашылдар атынан президенттікке кандидат болудан үмітті Дональд Трамп Детройттағы сайлауалды шарада Вашингтонның Украинаға беретін көмек көлемін сынға алып, Ақ үйге кірсе, бұл мәселені "шешетінін" айтты.

Трамп Украина президенті Владимир Зеленскийді саясаткерлер арасындағы "сату жағынан ең жақсы агент" деп атады. "Біздің елге келген сайын ол 60 млрд доллар алып кетеді" деді Трамп. Ол Зеленский кейінгі жолы келгенде, төрт күн бұрын "60 млрд-пен кетті", кейін оған тағы 60 млрд керек екенін айтты дейді. Трамп "бұл ешқашан бітпейді" деп, оған осы мәселені шешу керек деді.

Бұқаралық ақпарат құралдары Трамптың сөзінде қате бар деп жазды: Зеленский АҚШ-қа соңғы рет былтыр барған, бұрынғы президент айтқан 61 млрд долларға жуық көмекті Украинаға конгресс сәуірде ғана бөлген. "Төрт күн бұрын" Зеленский АҚШ-қа барған жоқ. Трамп Италияда өткен "Үлкен жетілік" саммитінде Украинаға 50 млрд доллар несие беру туралы шешімді меңзеген болуы мүмкін (бұл ақшаның бәрін тек АҚШ бөлмейді). Бұған дейін Трамп Украинаға тікелей емес, несие түрінде көмек беруді қолдаған.

Трамп 2019-2020 жылдары конгресте президентке импичмент жариялау туралы мәселе көтерілген кезде Зеленскийдің өзін қалай ұстағанын айтып, мақтады. АҚШ өкілдер палатасы ол кезде Трампқа импичмент жариялаған (оны сенат қолдамады), бұл дау Трамптың Зеленскиймен болған әңгімесінен соң туған. Трамп Украина президентінен АҚШ-тың қазіргі президенті Джо Байденге қарсы айыптау материалдарын талап етті деген.

2022 жылы Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Трамп қарама-қайшы мәлімдемелер жасап келеді. Ол егер президент болса, Ресей Украинаға шабуыл жасауға батылы бармас еді деген. Тағы бірде ол Байден әкімшілігі мен демократтарды Украинаға ақша бөлгені үшін сынға алған. Трамп президент болып сайланса, Украинадағы соғысты "24 сағатта тоқтата алатынын" бірнеше рет айтқан.

Мәскеуде де, Киевте де Трамптың мәлімдемесіне сын көзбен қарайды. Бұған дейін The Washington Post газеті Трамптың бейбітшілік жоспары туралы жазған: ол Мәскеуге де, Киевке де қысым жасап, Украинаны аумағының бір бөлігінен, ал Ресейді басқа талаптарының бір бөлігінен бас тартуға мәжбүрлеп, бейбітшілік орнатқысы келеді деп мәлімдеді. Трамп мұны растаған жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG