Accessibility links

Санкт-Петербургте полиция базар аралап, 49 мигрантты ұстады


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Ресейдің Санкт-Петербург қаласында полиция көтерме базарларды аралап, көші-қон ережесін бұзған 49 мигрантты ұстады. Бұл туралы Санкт-Петербург және Ленинград облысы бойынша ішкі істер министрлігі басқармасы хабарлады.

Санкт-Петербургтегі София көшесі, Непокорённых даңғылы және Петро-Славянка ауылындағы базарларда полиция 350-ден аса мигранттың құжатын тексерген, олардың 49-ын әкеткен. Оларды "Ресейге кіру ережесі немесе онда болу режимін бұзды" деп әкімшілік жауапқа тартқан.

Жол полициясы қызметкерлері шетел азаматтары жүргізетін 242 көлікті де тексерген, алты жүргізуші жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылған.

ІІМ басқармасының хабарлауынша, тексерулер 11 маусымда Орталық Азия елдерінің бірінен барған 20 жастағы екі азамат 26 жастағы мигрантты ұрлап кетіп, оны ұрып-соғып, телефонын, жеке заттарын тартып алып, банк картасынан 55 мың рубль шығарып алған соң болған. "Қарақшылық" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер ұсталған.

Полиция мигранттар тұратын жерлерде осы ортадағы істерге байланысты тұрақты түрде тексеру жүргізетінін хабарлады.

Бұған дейін BBC-дің Орыс қызметі "Крокус Сити Холл" концерт залындағы терактіден кейін Ресейге кіру ережесін бұзды деген шетел азаматтарының ісі көбейіп бара жатқанын жазған. Мигранттар құқығын қорғайтын адвокат полиция мигранттар арасында төлқұжат мерзімін тексеруді қатаңдатқанын айтқан. "Полиция мигранттардың бәрін дерлік, әсіресе оларда Тәжікстан төлқұжаты болса көшеден ұстап, бөлімшеге апарады, сол жақта тексеріп, жартысын босатады" деді адвокат.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG