Accessibility links

"Крокустағы теракт" ісі: 1700-ден астам адам жәбірленуші танылды


Мәскеудің "Крокус сити холл" концерт залында болған теракт ісі бойынша 1700-ден астам адам жәбірленуші танылды. Мәскеудің Басман сотының қаулысында іс бойынша төрт айыпталушының қамау мерзімі ұзартылғаны жазылған. Бұған "Медиазона" басылымы назар аударды.

Іс бойынша 800-ден астам адам куәгер танылған. Тергеу органдарының мәліметінше, 20-дан астам тінту жүргізілген, 650-ге жуық сараптама тағайындалған, арасында баллистикалық, өрт-техникалық және инженер-құрылыс сараптамалары да бар.

20 айыпталушы бар. 18-і – тергеу изоляторында, екеуі ешқайда кетпеу туралы қолхатпен бостандықта жүр. Соңғы айтылған екі адам қауіпсіздік талаптарына қайшы қызмет көрсетті деп айыпталғандар болуы мүмкін.

"Крокустағы" теракт биыл 22 наурызда болған. Тергеу комитетінің мәліметінше, одан 144 адам қаза болған. Біразына шабуылдаушылар оқ атқан, басым бөлігі шабуыл кезінде тұтанған өрттен опат болған.

Шабуылды "Ислам мемлекеті" террористік тобы мойнына алған. Терактіні сол ұйымдастырғанына АҚШ пен Батыстың өзге елдері де сенімді. Ресей жағы терактіге Украинаның қатысы болуы мүмкін деп тұжырымдаған. Киев мұны үзілді-кесілді жоққа шығарады.

Теракт жасады деп айыпталған төрт тәжік азаматы ұстау және тергеу кезінде азапталған болуы мүмкін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG