Accessibility links

Ресейде полиция бөлімінде "Слава Украине!" деп ұран салған қазақстандық 13 күнге қамалды


Ресейдің Свердлов облысы Ревдинск қаласының соты Қазақстан азаматы Андрей Хохловты 13 күнге қамады. Хохлов полиция бөлімінде "Слава Украине!" ("Украина даңқы арта берсін!") деп айғайлағаны үшін экстремистік символиканы дәріптеді деген айыппен әкімшілік жауапқа тартылды. Осы іс бойынша сот қаулысы шыққанын "Медиазона" жазды.

Андрей Хохлов 4 маусымда көшеде балағат сөз айтқаны үшін ұсталып, полиция бөлімшесіне жеткізілген. Ол сол жерде "қолын сермеп, "Слава Украине!" деп айғайлады" деп жазылған іс материалында.

Қоғамдық орында балағаттағаны үшін оған ұсақ бұзақылық жасағаны туралы әкімшілік хаттама толтырылып, 500 рубль айыппұл салынған. Ал екінші әкімшілік хаттама бойынша сот оны 13 күнге қамаған. Сот Хохловтың "Слава Украине!" деп айтқан сөзін "Украина ұлттық ассамблеясы – Украина халықтық өзін өзі қорғау" және "Правый сектор" экстремистік ұйымдарына тән қылық" деп тапқан.

Хохлов кінәсін мойындайтынын және ісіне өкінетінін айтқан. Ол полиция бөлімінде "Слава Украине!" деп айғайлаған кезде масаң болдым деп түсіндірген.

"Слава Украине!" деген сөз 2018 жылдан бастап Украина қарулы күштері мен Ұлттық полициясының ресми ұранына айналған. 2024 жылғы 18 қаңтарда Ресей әділет министрлігі "Украин ұлтшылдары ұйымының" белгісі мен "Слава Украине!" деген ұран сөзді қолдануға тыйым салған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG