Accessibility links

Ассанж кінәсін ішінара мойындауға келісіп, түрмеден босап шықты


WikiLeaks сайтының негізін қалаған Джулиан Ассанж
WikiLeaks сайтының негізін қалаған Джулиан Ассанж

WikiLeaks сайтының негізін қалаған Джулиан Ассанж кінәсін ішінара мойындауға келісіп, бостандыққа шықты.

"Джулиан Ассанж босап шықты. 24 маусым күні таңертең ол 1901 күн отырған қатаң режимдегі Белмарш түрмесінен кетті. Лондонның Жоғарғы соты оны кепілге босатты, күндіз оны Станстед әуежайына жіберген, сол жерден ол ұшаққа отырды", – деп хабарлады WikiLeaks.

Ассанж қазір Солтүстік Мариан аралдарына бара жатыр, оны алда АҚШ соты күтіп тұр. Ақпаратқа қарағанда, Ассанж ол жақта бостандыққа шығуға мүмкіндік берген келісім аясында тыңшылық жасады деген айыптардың бірі бойынша кінәсін мойындайды деп жатыр. Сот Ассанждың британ түрмесінде өткізген бес жылын оған жаза ретінде есептемек. Кейін ол өз еліне – Австралияға оралады.

2019 жылы АҚШ федералды прокуратурасы Ассанжға Ирак пен Ауғанстандағы АҚШ әскери күштерінің қызметі туралы құпия құжаттарды жариялауға байланысты тыңшылық бойынша 17 айып және компьютерді теріс пайдаланды деген бір айып таққан. Прокурорлар Ассанж АҚШ-тың бұрынғы әскери қызметкері Челси Мэннингке Wikileaks сайтында жарияланған әскери дерегі бар файлдарды ұрлауға көмектесті деп мәлімдеген.

АҚШ-та Ассанжға тағылған айыптар бойынша 175 жылға дейін бас еркіндігінен айырылу қаупі төнді. Экстрадициялау туралы шешімнен қашқан 52 жастағы журналист жеті жылын Лондондағы Эквадор елшілігінде, кейінгі бес жылын түрмеде өткізіп, британ соттарында өзін экстрадициялауды сұраған Америка өтінішіне қарсылық білдірген.

Ассанждың адвокаттары оның экстрадициясы саяси көзқарасы үшін жазалауға тең болады және оның сөз бостандығы құқығын бұзады деді. Оның жақтастары мен құқық қорғаушылар АҚШ президенті әкімшілігіне Ассанж құпия құжаттарды жариялаған кезде журналист ретінде әрекет етті деп, оны қудалауды доғаруға шақырған. Австралия парламенті Ассанжға отанына оралуға рұқсат беруді қолдаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG