Accessibility links

Ресейдің Ростов қаласында тергеу абақтысында кепілге алынған адамдар босатылды


Дондағы Ростов қаласындағы №1 тергеу абақтысы.
Дондағы Ростов қаласындағы №1 тергеу абақтысы.

Ресейдің Дондағы Ростов қаласындағы №1 тергеу абақтысында кепілге алынған федералдық жаза орындау қызметінің екі қызметкерін жексенбі, 16 маусым күні түс кезінде арнайы жасақ босатып алды. Шабуыл барысында оларды кепілде ұстағандардың көзі жойылды деп хабарлады билік орындары. Бұған дейін оларға терроризм бабы бойынша айып тағылған еді.

Ростовтың тергеу абақтысында адамдар кепілге алынғаны туралы ақпарат жексенбі күні таңертең белгілі болған. Түзеу мекемесінің екі қызметкері: басқармалардың бірінің басшысы мен инспекторы кепілге алынған.

Baza басылымының мәліметінше, алты айыпталушы тергеу изоляторындағы камераның терезе торын сындырып шығып, кезекші бөлімге кірген. Ондағы қызметкерлерді кепілге алған. Қамаудағылардың кейбіріне террористік ұйымға қатысу баптары бойынша айып тағылған (олар "Ислам мемлекеті" экстремистік тобымен байланысы бар деген күдікке ілінген).

Арада біраз уақыт өткенде интернетте кепілге адам алғандар түсірген видеолар тарады. Олар өздеріне қару-жарақ, көлік және қаладан кедергісіз кетуге мүмкіндік беруді талап етті. Видеода сөйлегендердің қолында пышақ пен басқа да өткір заттар бары байқалады.

Жексенбі күні түстен кейін Ростов тұрғындары тергеу абақтысы аумағында атыс дыбысы естіліп жатқанын хабарлады. Көп ұзамай федералдық жаза орындау қызметі арнайы жасақ ғимаратқа басып кіргенін растады. "Қылмыскерлер өлтірілді, кепілге алынғандар босатылды" деп хабарлады билік орындары. Baza дерегінше, кепілге алынғандардың бірі жеңіл жараланып, оған сол жерде көмек көрсетілген. Оның өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ деп жазды басылым.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG