Accessibility links

Швеция мен Иран тұтқын алмасып, швед дипломаты бостандыққа шықты


Швеция азаматы Йохан Флодерус (ортада) Тегеран сотында отыр. Иран, 10 желтоқсан, 2023 жыл.
Швеция азаматы Йохан Флодерус (ортада) Тегеран сотында отыр. Иран, 10 желтоқсан, 2023 жыл.

Швеция мен Иран тұтқын айырбастауға келіскеннен кейін сенбі, 15 маусым күні болған айырбас нәтижесінде Еуропа одағы сыртқы саясат департаментінің қызметкері, Швеция азаматы Йохан Флодерус бостандыққа шықты. Ол Иран түрмесінде екі жылдан астам уақыт қамауда отырды.

Флодерус Иранда 2022 жылы сәуірде туристік сапардан оралған кезде қамауға алынған. Бір жылдан астам уақыт одан ешқандай хабар болған жоқ. Иран билігі оны тыңшылық жасады деген айыппен қамауда ұстап отырғаны кейін белгілі болды. Оған ешқандай сот болмаған.

Иран Флоредустен өзге Швеция және Иран азаматтығы бар Саид Азизиді де босатты. Ол былтырғы жылдың аяғында Иранда қамауға алынып, ұлттық қауіпсіздікке қарсы әрекет жасады деген айыппен бес жылға бостандығынан айырылған.

Швеция Иран азаматы Хамид Нуриді босатты. 2022 жылы Стокгольм соты Нуриді 1988 жылы Иранның сол кездегі жоғарғы басшысы аятолла Хомейнидің бұйрығымен Иран түрмелеріндегі тұтқындарды жаппай өлтіруге қатысқан деген айыппен өмір бойына бостандығынан айырған. Ол кезде Иранда, құқық қорғаушылардың дерегінше, 5 мыңға жуық адам өлтірілген. Нури 2019 жылы Иранға турист болып барған кезде қамауға алынған еді.

Иран мен Швеция тұтқын алмасқанын биыл 15 маусымда Швецияның премьер-министрі Ульф Кристерссон хабарлады. Ол Иран өзінің әдеттегі тактикасын қолданып, Нуриге шығарылған үкімге қарымта ретінде Швеция азаматтарын кепілге алып, оларды "арсыз келіссөз ойнындағы құралға" айналдырды деді. Кристерссон Швеция билігі отандастарын босату үшін "күрделі шешім" қабылдауға мәжбүр болғанын айтты.

Иран мен Швецияның тұтқын айырбастау жөнінде келісімге келуіне Оман араағайын болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG