Accessibility links

Қоғам қайраткері, ғалым Мұрат Әуезов қайтыс болды


Мұрат Әуезов
Мұрат Әуезов

Қоғам қайраткері, ғалым Мұрат Әуезов дүниеден өтті. Бұл туралы жазушы, Қазақстан ПЕН клубының президенті Бигелді Ғабдуллин Facebook-тегі парақшасында хабарлады. Оның айтуынша, Әуезов ұзаққа созылған науқастан көз жұмған.

Шығыстанушы, мәдениеттанушы, мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Мұхтарұлы Әуезов 1943 жылғы 1 қаңтарда Жамбыл облысы Меркі ауылында дүниеге келген. Ол – белгілі қазақ жазушысы Мұхтар Әуезовтің ұлы.

1965 жылы Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Шығыс тілдері институтын филолог-шығыстанушы мамандығы бойынша бітірген.

Әдебиет теориясы бойынша филология ғылымдарының кандидаты. Марқұм "Қазақфильм" киностудиясында бас редактор (1981-1987), Қазақстан Жазушылар одағының көркем аударма және әдеби өзара байланыстар жөніндегі алқасының басшысы (1988-1990), Қазақстандағы "Мир" телерадиокомпаниясының көркемдік жетекшісі (1990) сияқты шығармашылық қызметтер атқарған.

Көркемдік процестің теориясы мен практикасы бойынша 200-ден астам жарияланымның, сондай-ақ "Уақыт байланыстырушы – жіп" (1972), "Иппокрена. Уақыт құдықтарына бару" (1997) және "Қайту үшін кету" (2002) сияқты еңбектердің авторы.

Мемлекеттік қызметте де істеп, Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің депутаты, кеңес президиумының мүшесі, парламентаралық байланыстар жөніндегі комитеттің төрағасы (1990), Ұлттық кітапхана директоры (2003-2006) сияқты қызметтер атқарған. Қазақстанның Қытай Халық Республикасындағы тұңғыш елшісі болды.

Мұрат Әуезов қоғамдық-саяси өмірге де белсене араласты. Жас кезінде Мәскеуде оқитын қазақ жастарының қазақ мәдениетін дамытуға бағытталған "Жас тұлпар" мәдени-ағарту ұйымына кірді, кейін "Невада – Семей" антиядролық қозғалысының вице-президенті, "Азамат" қозғалысының тең төрағасы болды, "Сорос – Қазақстан" қорында басшылық қызмет атқарды әрі "Қоғамдық қорғау" қорының бір құрылтайшысы болды.

Ол өмірінің соңына дейін Қазақстандағы қоғамдық-саяси процестерге үн қосып, азаматтық ұстанымын білдіріп келді. 2006 жылғы Алматыдағы "Шаңырақ оқиғасы" аталған билікке қарсы наразылық кезінде ұсталып, қамалған азаматтарды қорғау жөніндегі қоғамдық комитетке мүше болып, ұзақ жылға сотталған Арон Атабекке араша сұрап күрескендер арасында болды. Соңғы рет 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде ұсталғандары қорғау жөніндегі "Араша" комитетінің құрамына кірді.

Азаттық редакциясы Мұрат Әуезовтің отбасы мен жақындарына көңіл айтады.

Төменде Мұрат Әуезовтің 2019 жылы Азаттыққа берген Қытайдың Қазақстанға қаупі туралы сұхбаты.

Мұрат Әуезов: Қытайды білетін мамандар қоғамда түсіндіру жұмысын жүргізуі тиіс
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:42 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG