Accessibility links

Алматы әуежайы халықаралық рейстерді жаңа терминалға көшірді


Алматы әуежайының жаңа халықаралық терминалы.
Алматы әуежайының жаңа халықаралық терминалы.

Қазақстан азаматтық авиация комитеті Алматы әуежайында халықаралық рейстердің бәрі жаңа терминалға ауысты деп хабарлады.

"13 маусым сағат 23.13-тен бастап Алматы әуежайында халықаралық рейстердің бәрі жаңа терминалға (Т2) ұшып келеді. 14 маусым сағат 01.00-ден бастап халықаралық рейстердің бәрі Алматы әуежайының жаңа терминалынан ұшуға көшті", – деп хабарлады комитет.

1 маусымда жаңа терминал ашылғалы бері онда 310 халықаралық рейспен 44 мыңға жуық жолаушыға қызмет көрсетілген.

Жаңа терминалда 33 әуе компаниясы істейді, оның ішінде қазақстандық Air Astana, SCAT, FlyArystan компаниялары бар.

"Ескі терминалдан (Т1) ішкі бағыттар бойынша Air Astana, SCAT, FlyArystan, Qazaq Air және "Южное небо" әуе компанияларының рейстері ұшады" деп хабарлады азаматтық авиация комитеті.

Т1 терминалын жаңарту және көлік қоятын тұрақты кеңейту жұмыстары басталды деп хабарлады авиация комитеті.

Алматы әуежайының жаңа терминалы 1 маусымда ашылып, сол күні шетелден ұшып келген бірнеше рейсті қабылдаған. Алматы әуежайы – Қазақстандағы ең ірі әуежай саналады.

2021 жылы сәуірдің аяғында Түркияның TAV Airports холдингі әуе айлағын сатып алатынын хабарлаған. Жаңа халықаралық терминал құрылысы аяқталғаннан кейін Алматы әуежайының президенті Алп Ер Тунга Ерсой қызметінен кетті, оның орнына Гокер Косе келді.

Түркия холдингіне дейін Алматы әуежайының акциясын 2011 жылы Нидерланд елінің Venus Airport Investments B.V компаниясы сатып алып, содан бері қызмет көрсетіп келген. Қазақстандық Forbes журналы бұл компанияның негізгі иесі – Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы, миллиардер Тимур Құлыбаев басқаратын сингапурлік Steppe Capital Pte. Ltd деп жазған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG