Accessibility links

Қазақстан үкіметі АҚШ санкциясына неліктен "КБР-Технология" ілінгенін білмейді


Ұйымдасқан қылмыс пен сыбайлас жемқорлықты зерттеу орталығы (OCCRP) және Buro Media мен Verstka басылымдары жүргізген зерттеудегі "КБР-Технология" компаниясының тауар жеткізген жолы.
Ұйымдасқан қылмыс пен сыбайлас жемқорлықты зерттеу орталығы (OCCRP) және Buro Media мен Verstka басылымдары жүргізген зерттеудегі "КБР-Технология" компаниясының тауар жеткізген жолы.

Қазақстан үкіметі ел аумағында тіркелген "КБР-Технология" компаниясы АҚШ қаржы министрлігінің санкция тізіміне не үшін ілінгенін анықтауға тырысып жатыр. Мұны бейсенбі, 13 маусымда премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин айтты.

Сенатқа барған кезде журналистер сұрағына жауап берген вице-премьер үкімет экспорт пен импорт саласында тыйым салынған тауарларға "қатаң мониторинг" жүргізіп жатыр деді.

Ол "алда мұндай жағдайлар қайталанады" және ондайға үйренген жөн деп мәлімдеді. Жұманғариннің жауабын "Власть" сайты жариялады.

Вице-премьердің сөзінше, қазіргі кезде Қазақстан экспорт-импорт бақылауына жататын тізімдегі тауарды көбейткен. Оның айтуынша, "КБР-Технология" компаниясы ол тізімдегі тауарларды жеткізбеген және экспорт пен импорт лицензиясын алуға өтініш бермеген. "Оның не жеткізгенін және қай жерде заңсыздық болғанын анықтаймыз" деді Жұманғарин.

Оның айтуынша, алдағы аптада Астанаға Еуропа одағының арнайы өкілі Дэвид О’Салливан келмек, Жұманғарин онымен осы мәселелерді талқыламақ.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев өздерінде "КБР-Технология" компаниясы туралы "ешқандай ақпарат жоғын" айтты.

"Бір нәрсе айтайын, ол ірі компания емес, бұдан бөлек, олар экспорт лицензиясын сұрап өтініш берген емес. Қазіргі экспорт бақылауында ол компания жоқ. Санкцияға байланысты министрлер көп іс-шара атқарып жатыр", – деді Шарлапаев.

"Информбюро" сайтының жазуынша, ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Қазақстан үкіметі санкция себептерін анықтайды деген. Ол "жанама санкциялар әсері болмайды" деп есептейді.

12 маусымда Вашингтон Мәскеуге Ақ үй енгізген шектеулерді айналып өтуге көмектескен Ресейдегі және басқа елдердегі 300 жеке тұлға мен компанияға санкция салды. Олардың арасында 2022 жылғы 13 мамырда Қазақстанның Петропавл қаласында тіркелген "КБР-Технология" фирмасы бар.

2024 жылы ақпанда журналистер осы компанияның жұмысы туралы зерттеу жариялаған. Оған сәйкес, "КБР-Технология" фирмасы ресейлік "ОСТЕК" компаниялар тобына санкцияға іліккен тауарларды жеткізуге қатысқан. "ОСТЕК" – Ресейдің әскери-өнеркәсіп кешенін радиокоммуникциялық жабдықтармен қамтамасыз ететін маңызды ұйымдардың бірі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG