Accessibility links

Адвокат: Әйгерім Тілеужан микро-инсульт алды


"Әуежайды басып алу ісі" бойынша айыпталған Әйгерім Тілеужан (сол жақта) мен адвокаты Айнара Айдарханова сот үкімін тыңдап тұр. Алматы, 11 шілде 2023 жыл.
"Әуежайды басып алу ісі" бойынша айыпталған Әйгерім Тілеужан (сол жақта) мен адвокаты Айнара Айдарханова сот үкімін тыңдап тұр. Алматы, 11 шілде 2023 жыл.

Түрмеде отырған белсенді, журналист Әйгерім Тілеужан 10 мамырда микро-инсульт алған. Бұл туралы 7 маусымда оның адвокаты Айнара Айдарханова хабарлады. Бірақ ол кезде дәрігерлер әлі растамаған соң көпшілікке айта алмаған.

"[9 мамырдағы] демалыс күндері қан қысымы көтерілген. Таңертең оң жақ беті ауырып оянған, жансызданып, шаншыған. Оң көзі ісіп кеткен. Мен оны көргенде, көзі қанға толып тұрды. Осыған байланысты ол дабыл қақты. Бұған дейін мұндай нәрсе мүлде болмағанын айтты. Оң жақ беті жансызданып қалған. Дүйсенбі, таксофонға хабарласуға болатын күні жағдайы туралы хабарлады. Стресс, аштық, жүйкесі сыр бергені микро-инсульт тудыруы мүмкін. Себебі оны медициналық көмек көрсету үшін жеке клиникаға шығармағаны жүйкесіне тиді. Осы бойынша шағымдар жаздым. Бәрі жоспарланған сияқты еді. Ақша төлеп қойғанбыз. Бірақ оны шығармады" деді Азаттыққа адвокат Айнара Айдарханова.

Қорғаушының айтуынша, Әйгерім Тілеужанды әлі жеке клиникаға алып кетпеген, медициналық көмекті колонияда көрсетіп жатыр.

Азаттық Тілеужанның жағдайына байланысты ішкі істер министрлігі қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі хабарласқанымен, телефонға ешкім жауап бермеді.

Айдарханова 10 мамырда Facebook-тегі парақшасында Әйгерім Тілеужанның денсаулығы туралы жазған.

Әйгерім Тілеужан Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыдағы "әуежайды басып алу" ісі бойынша төрт жылға сотталған. Журналист өзіне тағылған айыпты мойындамаған. Ол былтыр қарашадан бері Алматы облысы Жауғашты елді мекеніндегі әйелдер түрмесінде жазасын өтеп жатыр.

Кәсіби аудармашы Әйгерім Тілеужан белсенді ретінде 2016 жылғы жер митингілерінен кейін таныла бастаған. Тіркелмеген "Демократиялық партияның" мүшесі болған. 2022 жылдың басынан El Media медиа-жобасында журналист болып жұмыс істеген.

Қаңтар оқиғасынан соң Қазақстан билігі мәжіліс сайлауын тағайындап, партияға мүше емес адамдар жеке түсе алатынын мәлімдегенде, құжат тапсырған. Сайлау комиссиясы Тілеужанованы екі рет тіркеп, екеуінде де түрлі себеппен кандидат статусынан айырған. Сайлаудың алдында ол "Қаңтар құрбандарына арналған қаралы митинг ұйымдастырды" деген айыппен 20 тәулікке қамалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG