Accessibility links

Amnesty International: әлемдегі өлім жазасы кейінгі 10 жылда ең жоғары деңгейге жетті


Ирандағы өлім жазасына қарсы AI демонстрациясы.
Ирандағы өлім жазасына қарсы AI демонстрациясы.

Дүниежүзінде өлім жазасының саны артып барады, былтыр ол көрсеткіш кейінгі 10 жылға жуық уақытта ең жоғары деңгейге жетті. Бұл туралы Amnesty International құқық қорғау ұйымының 29 мамырда жариялаған есебінде айтылған.

Құқық қорғаушылардың мәліметінше, 2023 жылы дүниежүзінде 1153 өлім жазасы болған. Бұл көрсеткіш одан алдыңғы жылмен салыстырғанда шамамен 30 пайыз өсті. Қытайда өлім жазасына кесілгендер есепке енбеген, себебі Пекин мұндай үкімдер жайлы статистика бермейді. Ол жақта бірнеше мың адамды өлім жазасына кесті деп бағалайды, бұл мәлімет Қытайды есепте бірінші орынға шығарады.

1153-2015 жылдан бергі ең көп өлім жазасының саны. 2023 жылы мұндай жаза бойынша 2428 үкім шыққан.

Amnesty International Таяу Шығыс елдерінде, соның ішінде Иранда өлім жазасы күрт өскенін айтады. Онда 853 үкім шыққан. "Иран билігі адам өміріне мүлдем немқұрайлы қарайды" дейді құқық қорғаушылар. Есеп авторлары адамдарды көбіне есірткіге байланысты қылмыстар үшін өлім жазасына кесті деген.

Құқық қорғаушылардың дерегінше, өлім жазасы көбіне Қытай, Иран, Сауд Арабиясы, Сомали және АҚШ-та болады. Ақпаратқа қарағанда, АҚШ-та өлім жазасына бір жылда 24 адам кесілген. Ал 2022 жылы 18 сотталушыға өлім жазасын берген.

Былтыр өлім жазасы 16 елде болған, бұл 2015 жылдан бергі, яғни Amnesty есебі шыққалы ең аз көрсеткіш. Есеп авторлары былтыр Беларусьте бірде-бір өлім жазасы болмады дейді.

Әлемнің көптеген елінде өлім жазасын заң бойынша жойған, кейбіреуінде, соның ішінде Ресейде мораторий бар. Кремльді қолдайтын бірқатар саясаткер мен қоғам қайраткері Ресейдегі өлім жазасына мораторийді алып тастауды қайта-қайта қолдайды. Мұндай талқылау биыл наурызда Мәскеу іргесіндегі "Крокус Сити Холлда" болған терактіден кейін қайта басталды. Кремль ол кезде мораторийді алып тастауға қатысты нақты ештеңе айтпады.

Amnesty International есебі — сот шешімі бойынша шыққан өлім жазасы туралы, оған соттан тыс шыққан жаза, соның ішінде Украинадағы соғыс кезінде болған оқиғалар жатпайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG