Accessibility links

Тасқындағы мал шығыны туралы жазбадан соң қозғалған іс тоқтады


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

28 мамырда Қызылорда соты полиция әлеуметтік желіде "жалған ақпарат таратты" деп айып таққан белсенді Гүлназ Серікбаеваның ісін тоқтатты. Сот оның іс-әрекетінен заңға қайшы әрекет таппады. Белсендінің өзі айыпты жоққа шығарды.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, полиция рапортында белсенді Facebook-те "тасқын суға ағып кеткен малға өтемақы алу үшін өлігін әкеліп, дәлелдеу қажет екен. Өлексені таба алмасаңдар, Бишімбаевтың көріпкеліне хабарласыңдар, 100 пайыз көмектеседі" деген жазба жариялағанын іске ілік еткен.

Қорғау тарапы белсенді заңға қайшы әрекет жасамады деп, Серікбаеваның ол жазбаны бұқаралық ақпарат құралдарына сүйеніп шығарғанын айтты.

Сот отырысында белсендінің адвокаты Әбдіраман Аққұлов хаттама толтырған учаскелік инспектор Жұбатқановқа жеке қаулы шығару туралы өтініш түсірді. Сот ол бойынша шешім шығармады.

Құқық қорғаушылар Гүлназ Серікбаеваның сатиралық сипаттағы жазбасы белсендіні "саяси қудалауға" ілік болды деді.

27 мамырдағы сот отырысында учаскелік инспектор Серікбаеваның әлеуметтік желідегі парақшасына мониторинг жүргізілгенін растады.

Биыл наурыздың соңында Гүлназ Серікбаева Қызылордадағы полиция басқармасы ғимаратының маңында Facebook-те эфирге шығып, және бір белсенді Ыдырыс Бекмағанбетовке қолдау көрсеткен. Қызылорда соты мұның алдында Бекмағанбетовті "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деген айыппен бір тәулікке қамаған. Серікбаева 2022 жылы болған Қаңтар оқиғасына халықаралық тергеу жүргізуге шақырған. Белсенді бұған дейін оның желідегі сыни видеолары билік назарына түскенін айтты.

Қазақстан билігі елде саяси көзқарасы үшін ешкім қудаланбайды дейді.

Сот істі қарау кезінде билік бекіткен өтемақы алгоритміне назар аударды. Ауыл шаруашылығы министрлігі тасқын судан болған мал шығынына өтемақы төлеу туралы хабарламаны сәуірде жариялады. Министрлік "меншік иесін анықтауға жануардың бірдейлендіру нөмерін (бирка, таңба және т.б.) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқорымен салыстырады" деген.

Азаттық сөйлескен Қостанай облысы Амангелді ауданының тұрғыны Мұрат Тұрмағанбетовтің су тасқынынан жүздеген малы қырылған. Ол облыс орталығынан келген комиссия өлексесі табылған малға ғана өтемақы төлейміз деп айтқанын мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG