Accessibility links

Солтүстік Кореяның тыңшы спутнигін ұшырған сынағы сәтсіз аяқталды


Пхеньян зымыран ұшырғаны туралы видеоны Оңтүстік Кореяда көрсетіп жатыр. 27 мамыр, 2024 жыл.
Пхеньян зымыран ұшырғаны туралы видеоны Оңтүстік Кореяда көрсетіп жатыр. 27 мамыр, 2024 жыл.

27 мамырда Солтүстік Корея аспанға "белгісіз снаряд" ұшырды. Ол Пхеньянның бұған дейін жоспарында айтқан баллистикалық ракета технологиясы бар барлау спутнигі болуы мүмкін.

Бұл жөнінде алдымен "Рёнхап" агенттігі Оңтүстік Кореяның штаб басшылары комитетінің дерегіне сүйеніп хабарлады. Біраздан соң Пхеньян "Маллигён-1-1" спутнигімен ракета ұшырғанын растады. Солтүстік Корея сынақтың сәтсіз аяқталғанын мойындады. Құрылғы елдің солтүстік-батыс жағалауындағы Сохэ ғарыш айлағынан ұшқаннан кейін көп ұзамай әуеде жарылып кеткен.

Спутник жарылды деген сәттен үзіндіні Жапонияның NHK телеарнасы көрсетті. Ақпаратқа қарағанда, ол Солтүстік Корея мен Қытай шекарасында жарылған.

Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёль, Жапония премьер-министрі Фумио Кисида және Қытай премьер-министрі Ли Цян Сеулде үш жақты саммит өткізіп, Корей түбегіндегі бейбіт өмірге деген ұмтылысын растағаннан кейін бірнеше сағат өткенде спутник аспанға ұшты.

Баллистикалық зымыран технологиясы қолданып зымыран ұшыру БҰҰ қабылдаған қарарларға қайшы.

АҚШ-тың Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы әскери басшылығы Солтүстік Кореяның зымыран ұшырғанын сынға алып, жағдайды одақтастарымен және серіктестерімен талқылап жатқанын айтты.

Бұған дейін "Рёнхап" агенттігі Ресей сарапшылары орбитаға тыңшы спутник шығаратын Солтүстік Кореяның зымыран тасығышын ұшыруға дайындыққа қатысып жатыр деп хабарлаған. Бұл – Мәскеу қосылған халықаралық санкцияларға қайшы әрекет.

  • Ресей қосылған БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің санкциялары Солтүстік Кореяға зымыран сынағын өткізуге тыйым салады. 2022 жылы Ресей Украинаға басып кірген соң Мәскеу Пхеньянға салынған санкция режимін бұзатын әрекеттерге барды деген айып үнемі айтылып келеді. Ресей билігі оны жоққа шығарады.
  • Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров қыркүйекте Ресей мен Қытайдың Солтүстік Кореяға қарсы санкциялардан бас тарту ниеті барын айтты. Оның сөзінше, олар "басқа геосаяси жағдай кезінде" қабылданған.
  • Наурызда Ресейдің БҰҰ-дағы өкілі Василий Небензя Солтүстік Кореяға қарсы санкция режимі "шындықтан алшақ" деп мәлімдеді. Мәскеу ұстанымы басқа болса да, ол БҰҰ қарарларын бұзбауға тиіс.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG