Accessibility links

АҚШ-тағы дауылдан кемі 21 адам опат болып, жүздеген адам жараланды


АҚШ-тың орталық аймақтарында қатты дауыл тұрып, салдарынан Арканзас, Оклахома, Техас және Кентукки штаттарында кемі 21 адам мерт болды, зардап шеккендер саны жүзден асады, арасында балалар да бар.

Кентукки штатының губернаторы Энди Бешир дүйсенбіде аймақта төтенше жағдай жариялады. Дауылдың соңы жойқын торнадоға ұласты.

Көптеген үй мен қоғамдық ғимарат бүлінген. CBS ақпаратынша, шамамен 370 мың үй жарықсыз қалған. Соның салдарынан Арканзас ауруханасында кемі бір науқас көз жұмған, себебі оған қажет аппарат жұмыс істемей қалған. Кей аймақта күн жақсармаса, жарықты қайта қосу бірнеше күнге созылуы мүмкін.

Метеорологтар мәліметінше, дауыл кемінде әлі бір күн жалғасады, ол АҚШ-та халық тығыз орналасқан шығыс жағалауға қарай беттеуі мүмкін.

  • Биыл сәуір-мамыр айларында болған дауыл мен торнадо салдарынан АҚШ-тың көптеген штаты зардап шекті. Өткен аптада Айова штатында кемі бес адам опат болған. Оның алдында Хьюстонда күн бұзылып, сегіз адам көз жұмған. АҚШ-тың орталық штаттары климат пен рельеф ерекшеліктеріне байланысты "торнадо белдеуіне" жатады. Алайда кейінгі жылдары жаһандық климат өзгеруіне байланысты дауылдар бүкіл әлемде күшейіп, жойқын зардап тигізе бастады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG