Accessibility links

Құлсарыда талап айтылған шақта Тоқаев премьерді қабылдап, күштік құрылыммен бірлесіп қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге шақырды


Су тасқынынан зардап шеккен Құлсары тұрғындарының наразылығы. 16 мамыр 2024 жыл.
Су тасқынынан зардап шеккен Құлсары тұрғындарының наразылығы. 16 мамыр 2024 жыл.

"Үкімет, әкімдіктер құқық қорғау органдарымен бірлесіп, заңға сәйкес қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуі керек" деді сенбі күні су тасқынынан кейінгі ахуалға қатысты премьер-министрдің есебін тыңдаған президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ақорданың жазуынша, премьер Олжас Бектенов президентке су тасқынының салдарын жою мен зардап шеккендерге көмек көрсету жұмыстары туралы есеп берген.

Тоқаев "зардап шеккен тұрғындарды сапалы баспанамен қамтамасыз етуге, қалалар мен елді мекендердегі инфрақұрылымдарды жөндеуге және құрылыс жұмыстарына кірісуге қатысты" тапсырма берген. Бұған қоса, әкімдік жетекшілерін "туындаған мәселелерді шешу және жұртшылықтың орынды талап-тілегін орындау жөніндегі мемлекеттік саясат пен қабылданып жатқан шараларды нақты түсіндіруге" міндеттеген.

"Сонымен қатар үкімет, әкімдіктер құқық қорғау органдарымен бірлесіп, заңға сәйкес қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуі керек" деді Тоқаев. Оның сөзінен Ақорда үзінді келтірді.

Тоқаевтың мәлімдемесі Атырау облысында тасқыннан қатты зардап шеккен аумақтардың бірі Құлсары қаласында баспанасы табиғи апаттан қираған немесе бүлінген тұрғындар талап айтып жатқан шақта жарияланды. Бірнеше күннен бері Құлсары тұрғындары жергілікті әкімдік алдына жиналып, өтемақы талап етіп, түнде де сол жақтан кетпеген. Тұрғындар су тасқынынан құлаған үйлерінің әрбір шаршы метрі "400 мың теңгеден бағаланып, ақша қолға берілсін" деп отыр.

"Ақшаны қолға берсін. Жаңадан саламыз ба әлде басқа жақтан үй аламыз ба, оны өзіміз шешеміз" деген еді 16 мамырда наразы тұрғындардың бірі.

Ал заңға сүйенген әкімдік өкілдері үйлердің әрбір шаршы метрі 200-240 мың теңгеден бағаланады деп отыр. Ал тұрғындар бұған келіспей, Тоқаевқа үндеу жолдаған.

Бұған дейін Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов облыс орталығы Атыраудың өзінде салынып жатқан үйлердің өзі шаршы метрі 370-390-нан сатылып жатқанын алға тартқан. Ал тұрғындар 400 мың теңгеге моральдық та, материалдық та өтемақы кіріп тұрғанын айтады.

Құлсарыда наразылық болған кезде интернеттің нашарлағаны немесе өшкені байқалды. Бір күн бұрын оқиға орнынан ақпарат таратқан Азаттық тілшісіне белгісіз біреу қоңырау шалып, қоқан-лоқы жасап, оқиғадан хабар таратпауды талап еткен.

Биыл көктемде Қазақстанның солтүстігі мен батысында су тасқынының салдарынан мыңдаған адам баспанасыз қалған. Шамамен 120 мың адам эвакуацияланған, кейбірі әлі күнге дейін эвакуация пунктерінде немесе туыстарының үйінде тұрып жатыр. Осыған дейін Тоқаев тасқыннан зардап шеккендердің барлығы назардан тыс қалмайды деген.

Құлсары халқының талабына әкімнің жауабы
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:28 0:00

XS
SM
MD
LG