Accessibility links

Нүкенованың қорғаушысы Бишімбаевты Чикатилоға теңеді. Айыпталушының адвокаттары бұған шүйлікті


Қуандық Бишімбаев сот отырысында. Астана, 3 мамыр 2024 жыл.
Қуандық Бишімбаев сот отырысында. Астана, 3 мамыр 2024 жыл.

Азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталып отырған бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаевты жәбірленушінің адвокаты маньяк саналатын Андрей Чикатиломен салыстырды. 4 мамырда Астана сотында өткен сөзжарыста жәбірленуші жақтың қорғаушысы Игорь Вранчев айыпталушының оқиға болған күнгі әрекетін «сау адамның күйі емес» деп атады.

"Бұл – Бишімбаевтың сау күйі емес, бірақ бұл оны қабілетсіз етпейді. Қарапайым мысал, Чикатило не үшін өлтірді? Оның қалыпты санамен түсіндіруге келмейтін себептері болды. Ол тек өлтіргенді қалады. Мұнда соған ұқсас жағдай: Бишімбаев қызғаншақ болды, мұнысы оны ауру күйге түсірді; жеккөрушілік болды, ол оны қорлауға, жәбірлеуге итермеледі... [Видеоны] Салтанатты кемсіту үшін түсіргенін өзі айтты" деді адвокат.

Вранчев сондай-ақ Бишімбаев ірі денелі адам ретінде өз соққыларының әйел адамын өлтіріп қоюға не майып қылуға апаруы мүмкін екенін аңғаруы қажет еді деп мәлімдеді.

Бишімбаевтың адвокаттары оны Чикатиломен салыстырғанған шүйлікті.

"Бишімбаев бірнеше адамды өлтірген жоқ, зорлаған жоқ. Өз құрбандарының етін жеген жоқ, сол себепті оны Чикатиломен салыстыру артық" деді адвокат Лейла Рамазанова.

Қызғаныштың қылмысқа себеп болғанын сөзжарыста прокуор Айжан Аймағанова да атап өтті. Ол Бишімбаев қызғанышқа душар болған деді.

Бұған дейін Бишімбаев соттағы куәлігінде Салтанат Нүкеновамен азаматтық некесіне марқұмның некеге дейін өзге ер адамдармен қарым-қатынаста болғаны, оның бұл туралы алдын ала айтпағаны сызат түсіргенін мәлімдеген.

Нүкенованың ағасы, сотқа жәбірленуші ретінде қатысып жатқан Айтбек Амангелді Бишімбаев пен оның отбасы Салтанатты қаралап жатқанын айтты.

Бишімбаев тағы да кешірім сұрады
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:20 0:00

Қуандық Бишімбаев азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы қинады (қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-тармағы) және аса қатыгездікпен өлтірді (99-баптың 2-тармағы) деп айыпталып отыр. Нүкенова 9 қарашада Астанада айыпталушының отбасына тиесілі BAU ресторанында өлі табылды. Бишімбаев азаматтық некедегі өліміне қатысы барын мойындайды, бірақ тағылған айыппен келіспейді. Ол сотта абайсызда өлімге әкелген жарақатқа себепші болғанын айтты. Бишімбаевтың адвокаттары айыпталушының ойында кісі өлтіру пиғылы болмады дейді.

Бишімбаевпен бірге оның туысы, BAU ресторанына иелік ететін компанияның директоры Бақытжан Байжанов айыпталып отыр. Оған қылмысты жасырды деген айып тағылған. Ол бар болғаны бастығы, өзінен жасы үлкен Қуандық Бишімбаевтың тапсырмасын орындағанын айтады.

Алқабилердің қатысуымен өтіп жатқан сот процесі 27 наурызда басталған. Сот отырысы Жоғарғы соттың Youtube каналында тікелей эфирде көрсетіліп келеді. Сот процесін Қазақстанда және шетелде жүздеген мың адам бақылап отыр.

Осы дау өршіген тұста құқық қорғаушылар Қазақстан билігін тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңды күшейтуді талап еткен. Парламент осы талаппен үндес заң жобасын қабылдап, 15 сәуір күні оған ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Ел арасында бұл заңды "Салтанат заңы" деп атай бастады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG