Accessibility links

СІМ: Бишімбаев сотына қатысқан Собчактың аккредитациясы бар, Грэйсте жоқ


Экс-министрі Қуандық Бишімбаев (ар жақта) пен туысы Бақытжан Байжанов (бер жақта) сот залында. Астана, 29 наурыз 2024 жыл.
Экс-министрі Қуандық Бишімбаев (ар жақта) пен туысы Бақытжан Байжанов (бер жақта) сот залында. Астана, 29 наурыз 2024 жыл.

Қазақстан СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров экс-министр Қуандық Бишімбаевтың сотына қатысқан психолог Наталья Грэйс аккредитация бойынша министрлікке жүгінбеді деп мәлімдеді.

29 сәуірде Қазақстан сыртқы істер министрлігі өткізген брифингте журналистердің бірі Смадияровтан Астанаға келген ресейлік журналист Ксения Собчак пен Грэйстің аккредитациясы туралы сұрады.

"Біріншісі де, екіншісі де аккредитация бойынша жүгінбеді. Олардың процеске қалай қатысқанын сот өкілдерінен нақтылай аласыздар" деп жауап берді Смадияров. Кейін СІМ Ксения Собчактың аккредитациясы бар деп хабарлады.

22 сәуірде журналист Ксения Собчак "Салтанат Нүкенованы өлтірді" деп айыпталған бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың сотына қатысқан. Собчак сот залында марқұмның туыстарының жанында отырды.

Сол күні журналистерге сот залына кіріп, процесті бақылауға қайта рұқсат берілген. Мұның алдында сотқа қатысып отырған алқабилер көрінетін кадр әлеуметтік желіге тарап кетіп, судья БАҚ өкілдерін залдан шығарып жіберген.

Қазақстандық журналистер Жоғарғы сот Собчакқа ерекше жағдай жасап, ол жүретін дәлізді босатты деп айтқан. Олар сот өкілдері ресейлік журналист кірген әжетхана мен лифтіге басқаларды кіргізбей қойғанын да жазды. Қазақстандық журналистер мұны "алалау" деген.

Кейін Ксения Собчак қазақстандық журналистердің уәжіне телеграм-арнасында жауап беріп, аккредитацияны Жоғарғы соттан алғанын, тәуелсіз журналист ретінде осы іс жөнінде материал дайындап жатқанын және өз командасы Жоғарғы соттың баспасөз хатшысымен үнемі байланыста болғанын жазды.

НеХабар телеграм-арнасы ресейлік журналист сот процесіне жәбірленуші ретінде қатысып жатқан марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелдіден сұхбат алғанын хабарлады.

Ал психолог Наталья Грэйс 28 сәуірде Қуандық Бишімбаевтың ата-анасынан алған сұхбатын жариялады. Ол сотқа келген күні AQOSlive тілшісіне Қазақстан сыртқы істер министрлігіне шетел журналисі ретінде тіркелмегенін айтқан.

  • 29 сәуірде Бишімбаевтың сотында мемлекеттік айыптау тарабы сотталушы Бақытжан Байжановқа қатысты айыптау бөлігінде сот тергеуін қайта бастауға өтініш білдірді. Байжанов — Бишімбаевтың туысы.
  • Прокурорлар "Аса ауыр қылмыс туралы хабарламау" бабы бойынша Байжановқа тағылған айыпты алып тастады. Бұдан бөлек, оған "Қылмысты жасыру" бабы бойынша айып тағылған.
  • Жәбірленуші тарап өтінішке қарсылық білдірмеді, Байжановтың адвокаттары құжаттармен танысуға уақыт беруді сұрады. Сот отырысы 2 мамырда жалғасады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG