Accessibility links

G7 елдері Иранды айыптап, Израильді қолдады және шиеленісті басуға шақырды


"Үлкен жетілік" (G7) құрамына кіретін демократиялық елдердің басшылары 14 сәуірге қараған түні Иранның Израильге бұрын-соңды болмаған дрон-камикадзе және зымырандармен жасаған шабуылын айыптады. АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Канада, Италия, Германия және Жапония басшылары жексенбі кешке видеокездесуде қабылдаған ортақ мәлімдемеде осылай деп жазылған.

G7 елдері Иранды аймақтағы тұрақтылықты бұзуға, шиеленістің "өршуіне" барып отыр деп айыптады. Олар "Иран мен оны қолдайтын күштерді алда шабуыл жасамауға шақырып, "тұрақтылықты бұзатын әрекеттерге жауап беруге" дайын екенін мәлімдеді.

Мәлімдемеде Иранға, әсіресе оның зымыран мен дрон өндіру бағдарламасына жаңа санкция салынуы мүмкін екені айтылған. Аты-жөні аталмаған АҚШ-тың жоғары лауазымды шенеунігі ақпарат құралдарына бірқатар мемлекет Ислам революциясы сақшылары корпусын Израиль талабы бойынша террористік ұйым деп тану мүмкіндігін талқылағанын айтты.

"Үлкен жетілік" Израильге ынтымақтастық танытып, оның өз қауіпсіздігін қорғауына құқығы бар деп хабарлады. Мәлімдемеде жағдайды тұрақты ету және одан әрі шиеленіске жол бермеу туралы айтылған. G7 елдері Израильдің Иранға соққы беруін қолдамайтынын білдірді. Бұған дейін Ақ үй өкілдері Вашингтон жағдайдың одан әрі өршуін қаламайды деп айтқан. Ақпарат құралдарының жазуынша, президент Джо Байден АҚШ-тың Иранға соққы беруге араласпайтынын айтты.

Израиль әскери кабинеті жексенбі кешке қарымта шабуыл мәселесін талқылады. CNN телеарнасы және басқа да Батыс ақпарат құралдары Израиль дереккөздеріне сүйеніп, қандай жауап болатыны жайлы шешім әлі қабылданған жоқ, кабинетте оның қажеті туралы емес, қандай болатынына байланысты келіспеушілік бар деп хабарлады. The New York Times дереккөздерге сілтеп, Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Байденмен сөйлескен соң Иран шабуылына бірден жауап беру идеясынан бас тартты деп мәлімдеді.

Иран шабуылын тойтаруға Израиль әуе қорғанысынан бөлек АҚШ пен Ұлыбритания қатысты. Бұл Израиль өкілдеріне аймақтағы Иранға қарсы "коалиция" құру туралы айтуға мүмкіндік берді. Бұл тұжырымдаманы көбіне Израиль қорғаныс армиясының өкілі Даниэл Хагари қолданды.

Украина президенті Владимир Зеленский Израильге қарсы соққыны айыптады, ол Иран шабуылына тойтарыс берген әуе қорғанысының жұмысына назар аударып, бұл жағдайды Украинадағы соғыспен салыстырды. Ресей әскері де Украинаға дронмен және зымырандармен соққы жасайды. Зеленский Батыс елдерін Украина қорғанысын қамтамасыз ететін әуе қорғанысы жабдықтарын жеткілікті түрде беруге шақырды.

  • Израильдің жоғары лауазымды шенеунігіне сүйенген Ynet порталы Израиль Иран нысана көздеп жіберген дрондар мен ракеталардың 99% атып түсірген деп хабарлады. Израильдің "Темір күмбез" бен "Дәуіт шоқпары" деп аталатын қорғаныс жүйелері іске қосылған. Иран жіберген ондаған дронды Израиль шекарасына жақын маңда АҚШ бастаған аймақтық коалиция күштері жойған. Дрондарды атып түсіруге Ұлыбританияның әуе күштері де қатысты деп хабарлады Sky News. Ондаған дронды Иорданияның әскери-әуе күштері атып түсірген. Қаза тапқандар жоқ, бірақ бірнеше адам зардап шеккен.
  • Иранның БҰҰ-дағы өкілдігі мәлімдеме таратып, шабуылды Дамаскідегі консулдыққа жасалған соққыға жауап деп атады. (Израиль шабуылды ресми түрде мойнына алмаған). Мәлімдеме авторларының жазуынша, мұны аяқталған әрекет деп атауға болады, алайда Израиль АҚШ-тың қолдауымен жауап берсе, Иран бұдан да пәрменді соққы жасайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG