Accessibility links

Жапаров "шетел өкілдері туралы" заң бойынша қудалау болмайтынын айтады


Қырғызстан президенті Садыр Жапаров
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров мемлекеттік "Кабар" ақпарат агенттігіне берген сұхбатында үкіметтік емес ұйымдардың жеке өкілдері елдегі "шетел өкілдері туралы" заң жайлы "ақпаратты бұрмалайды" деген пікір айтты.

Жапаровтың сөзінше, заң қабылданғанға дейін ол бірнеше ай бойы талқыланған, сол кезде оның басты мақсаттарының бірі — шетелден қаржы алатын үкіметтік емес ұйымдарды қайта тіркеу және оларға "шетел өкілі" мәртебесін беру екені айтылған.

"Мемлекет сырттан алынған қаражаттың нақты қандай мақсаттарға жұмсалатынын білуге тиіс. Менің әлеуметтік желідегі сөздерім осы тұрғыда айтылды. Мұны үкіметтік емес ұйымдардың бәрі жақсы түсінді. Ал кейін күліп тұрып, "біз тіркелгенбіз" дейді. Айтыңызшы, кім "шетел өкілі" ретінде тіркелген? Олардың ешқайсы бұлай тіркелген жоқ. Осыны айтқым келген", - деді Жапаров.

Оның айтуынша, заңға сәйкес, шетелдік донорлар қаржысы есебінен жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдар қайта тіркеуден өтеді, кейін "шетел өкілдерінің" жеке тізімі жасалады.

"Олар бұрынғыдай жұмыс істей береді. Ешқандай қудалау болмайтынына кепілдік беремін", - деді Жапаров.

Жапаров Қырғызстан билігі осы заңмен елдегі үкіметтік емес ұйымдар жұмысының ашықтығын қамтамасыз еткісі келетінін тағы қайталады. Оның сөзінше, "шетелден кім қаржы алатынын халық білуі керек". Қырғыз президентінің пікірінше, "ашықтық дегенді мемлекет олардың қаражатына әуестеніп отыр деп түсінбеу керек".

"Заң қабылданды. Жаңа ережелер бойынша жұмыс істеу керек. Үкіметтік емес ұйымдарға бұл проблема емес. Жалғыз мен ғана емес, беделді сарапшылар да мұндай заң басқа елдерде, тіпті үкіметтік емес ұйым өкілдерінің бізге үлгі ретінде алатын Батыс елдерінде де бар дейді. Егер оларға сенбесе, интернеттен іздеп көрсін", - деді Жапаров.

Қырғызстанның "Әділет" заң клиникасы қоры мен Factcheck.kg онлайн-платформасы жүргізген сараптамаға қарағанда, қырғыз заңы Ресейдің "Шетел агенті" туралы заңынан көшірілген.

Ресей билігі ол заңды 2012 жылы қабылдап, бүгінге дейін оған бірнеше өзгеріс енгізген. Кейінгі өзгерістерге сәйкес, бұл тізімге шетелден қаржы алатын тұлғалар ғана емес, Ресейдің Украинаға басқыншылығын айыптаған, билікті жиі сынайтын тұлғалар да енгізілді. Билік осы тізімге жергілікті және шетелдік ақпарат құралдарын (соның ішінде Азат Еуропа/ Азаттық радиосын), журналистерді, сарапшыларды, әншілер мен әртістерді, үкіметтік емес ұйымдарді, блогшыларды енгізді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG