Accessibility links

Атырау өңірі: Жылыой ауданында төтенше жағдай жарияланды


Атырау облысы Жылыой ауданы орталығы Құлсарыға жақын маңдағы жолды су алған. Видеодан скриншот.
Атырау облысы Жылыой ауданы орталығы Құлсарыға жақын маңдағы жолды су алған. Видеодан скриншот.

Атырау облысы Жылыой ауданында тасқынға байланысты 4 сәуірден бастап төтенше жағдай жарияланды. Бұл туралы облыс әкімдігі хабарлады. Осы ауданның Қосшағыл ауылдық округіндегі Қарағай ауылын су алған. Төтенше жағдай министрлігі штабы Қарағай ауылы халқын қауіпсіз жерге көшіру туралы шешім қабылдады.

Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова ақпаратты растады. Ең алдымен балалар, әйелдер, науқастар және мүгедектігі бар адамдар көшіріледі деген шенеунік "Қазақпарат" агенттігіне.

Аудан орталығы Құлсарыдағы үш мектепте қабылдау пункті ашылған деген хабар тарады.

2021 жылғы халық санағының дерегінше, Қарағай ауылында 151 адам тұрған.

"Қарағайдан қабылдау пункттеріне автобус қатынайды. Тұрғындарға жеке басын куәландыратын құжаттарды, қажет заттарды ала жүріңіздер деп айтылды", – деген әкім орынбасары.

Бүгін әкімдік жедел штаб Құлсары мен оған жақын жатқан елді мекендердегі жағдайға байланысты отырыс өткізді деп мәлімдеді. Биліктің хабарлауынша, аудан орталығынан 20 шақырым қашықта жолға су жайылғандықтан көлік қозғалысы шектелген.

"Атырау облысы аумағындағы республикалық маңызы бар Доссор - Құлсары - Бейнеу тасжолының 103-шақырымын су басқаны себепті Құлсары - Доссор арасында көлік қозғалысы тоқтатылды", – деп хабарлады жергілікті билік.

Тасқынға қарсы іс-шараларға қатысып жатқандарды жанармаймен және өзге қажет заттармен қамтамасыз ету жедел штабқа жүктелді. Тасқынмен күреске нақты қанша адам жұмылдырылғаны айтылмаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG