Accessibility links

Назарбаевтың бірінші баспасөз хатшысы болған Ғаділбек Шалахметов қайтыс болды


Ғаділбек Шалахметов
Ғаділбек Шалахметов

Қазақстандық журналист Ғаділбек Шалахметов 80 жасында қайтыс болды деп хабарлады журналистер академиясы. Марқұмның неден қайтыс болғаны айтылмады.

Ғаділбек Шалахметов 1943 жылғы 9 маусымда Ресейдің Астрахань облысында дүниеге келген. Алматыдағы қазақ политехника институтында (1961-1966 жылдары) білім алған, Мәскеудегі сценарийстер мен режиссерлар жоғарғы курсында оқыған.

1960-жылдардың басында Қазақ ССР Ғылым академиясының Металлургия және байыту институтында жұмысшы, кейін аппаратшы, Өскемендегі қорғаныс-мырыш комбинатында балқытушы болып істеген.

1982 - 1983 жылдар аралығында Қазақ ССР мемлекеттік кино ұйымында бас редактор болды. 1983 жылы Қазақ ССР телевизия және радиохабарларын тарату мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары, 1986 жылдың ақпанынан бастап Қазақ ССР Жоғарғы кеңес президиумының жарлығымен Қазақ ССР мемлекеттік телерадиокомитеті төрағасы болып тағайындалды.

1990 жылғы 24 сәуірде Жоғарғы кеңес жаңадан Қазақ ССР президенті лауазымын енгізіп, бұл қызметке сол кездегі Қазақ ССР компартиясының бірінші хатшысы Нұрсұлтан Назарбаев сайланғаннан кейін көп ұзамай Шалахметов президент аппаратына қызметке ауысқан. Әуелі баспасөзбен байланыс бөлімін басқарған ол 1991 жылдың қаңтарынан бастап Қазақ ССР президентінің баспасөз хатшысы болып тағайындалды. Кейінірек сол жылы Қазақ ССР баспасөз және бұқаралық ақпарат министрінің бірінші орынбасары – Қазақ мемлекеттік телерадиохабар тарату компаниясының төрағасы болды.

1992 жылы қыркүйекте Қазақстан президенті баспасөз қызметінің жетекшісі лауазымына тағайындалды.

Шалахметов 1992 жылы құрылған "Мир" телерадиокомпаниясын он жылға жуық басқарды. Кейінгі жылдары Астанадағы Еуразия университетінің этностық және діни толеранттық жөніндегі кафедрасының меңгерушісі болып істеді.

2009 жылы "Казахстанская правда" газетіне берген сұхбатында Ғаділбек Шалахметов Нұрсұлтан Назарбаевқа "көз жұма ілесіп, қайда болса да баруға дайынмын" деп мәлімдеген. (Совет одағы құлар алдында Қазақстан басшылығына келіп, содан бастап елді отыз жылға жуық басқарған Назарбаев 2019 жылы наурызда орнына Қасым-Жомарт Тоқаевты қалдырып, президенттіктен кеткен. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін мемлекеттік билікке араласуды қойды.)

Жергілікті ақпарат құралдары Ғаділбек Шалахметовпен қоштасу рәсімі 6 сәуірде Алматыда өтеді деп хабарлады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG