Accessibility links

Мәскеуде "Крокустағы" шабуылдан соң ұсталған шешенстандық полиция бөлімінде көз жұмды


Шешенстан тумасы Асхаб Успанов Мәскеуде "Крокус Сити Холл" концерт залындағы шабуылдан кейін түнде ұсталып, бірнеше сағаттан кейін полиция бөлімінде көз жұмды. Кейбір басылымдар оны түрмеде азаптаған болуы мүмкін деп жазып жатыр.

Успановтың өлімі туралы ақпаратты "Агентство" сайтына оның анасы растаған. Айтуынша, ол әйелінің жұмысына бара жатқанда ұсталған. Успанов әйеліне қоңырау шалғанда "олардың маған айтары жоқ, маған келмей-ақ қой" деген. Кейін ол әйеліне тағы телефон соғып, полицейлердің дөрекі сөйлегенін айтып, келуін өтінген. Екі сағаттан соң полиция бөліміне барған әйелі күйеуі көз жұмғанын естіген.

29 наурызда Успановтың өлімі туралы оппозициялық 1ADAT телеграм-арнасы хабарлады. Оның қабырғалары мен омыртқасы сынғаны, денесінде қанталаған іздер қалған деген ақпарат тарады.

1ADAT телеграм-арнасы Успановтың денесінен азаптау іздері көрінетін видео жариялады. Мәйітханада түсірілген видеоның авторы "полиция қылмысты жасыру үшін Успановты өз-өзін өлтіргендей етіп шығарған" дейді.

Марқұмның анасы "Агентство" сайтына ұлы мұсылман болған соң суицидке бармайтынын және ислам діні адамның өзіне өзі қол салуын айыптайтынын айтты. Успановтың отбасы оның террорлық шабуылға қатысы бар дегенді үзілді-кесілді жоққа шығарды.

  • Мәскеу іргесіндегі "Крокус Сити Холл" концерт залындағы шабуылдан кейін Ресей қалаларында басқа ұлт өкілдерін тексеру басталды. Мигранттар қысым мен ксенофобияға тап болғанын айтып шағымданды. Оларды ұрып-соғып, Ресейден шығарып жатқаны туралы деректер тарады.
  • 23 наурызда "Крокустағы" терактіге қатысы болуы мүмкін деген күдікпен Тәжікстанның төрт азаматы ұсталған. Оларды сотқа жеткізген кезде түсірілген видео-фотолардан бәрінің денесінде азаптау белгілері бары аңғарылады, біреуі мүгедек адамға арналған арбанда ес-түссіз күйде отырды. Интернетте күдіктілердің біреуін қолға түсірген кезде жерге жатқызып, құлағын кескен сәт көрсетілген видео тарады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG