Accessibility links

Сирияда әуе шабуылынан Иранның екі генералы қаза тапты


Иранның әскери қолбасшысы, бригада генералы Мұхаммед Реза Захеди — 2024 жылы 1 сәуірде Дамаскіде жарылыста қаза тапқандардың бірі.
Иранның әскери қолбасшысы, бригада генералы Мұхаммед Реза Захеди — 2024 жылы 1 сәуірде Дамаскіде жарылыста қаза тапқандардың бірі.

Сирия астанасы Дамаскіде Иран елшілігі аумағына жасалған әуе шабуылынан Иранның элиталық Ислам революциясы сақшылары корпусының екі генералы қаза тапты. Шабуылды Израиль жасаған деген болжам айтылды.

ISNA агенттігінің жазуынша, қаза тапқандар арасында Иранның арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің бірі — "әл-Құдыс" күштері командирлерінің бірі Мұхаммед Реза Захеди, оның орынбасары, бригада генералы Мұхаммед Хади Рахими және олардың бес әріптесі бар. Иранда оларды Сириядағы әскери кеңесшілер деп атаған.

Елшіліктің консул бөлімі ғимаратына жергілікті уақыт бойынша сағат 17-де (Мәскеу уақытымен сәйкес келеді) шабуыл жасалды деп хабарлады Азаттықтың Иран қызметі — Фарда радиосы. Фотолардан ғимараттың толық қирағаны көрінеді.

Сирия қорғаныс министрлігі Израиль ұшақтары Голан жотасынан шабуылдаған деп хабарлады. Сирия әуе қорғанысы израильдік бірнеше зымыранды атып түсірді деген хабар тарады. Шабуыл салдарынан елшіліктің екі күзетшісі жараланған.

Иран СІМ басшысы Хосейн Амир Абдоллахиян консул бөліміне шабуылды "халықаралық конвенцияларды бұзу" деп атады. Израиль шабуылға түсініктеме бермеді.

2020 жылы Бағдадта АҚШ-тың зымыран соққысынан "әл-Құдыс" қолбасшысы генерал Касем Сулеймани қаза тапқан. Бұдан соң аймақтағы жағдай ушығып кеткен еді. Иран топтары америкалық әскери базаларға бірнеше рет шабуыл жасады, Тегеран ядролық келісім шарттарын орындаудан бас тартты.

Ислам революциясы сақшылары корпусы Иран саясаты мен экономикасына айтарлықтай әсер етеді. Ресми түрде армия құрамына кіретін корпустың өз әскері, соның ішінде әуе және теңіз күштері бар, ирандық зымыран бағдарламасын басқарады және ел президентіне емес, Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеиге есеп береді.

АҚШ билігі корпусты "террорлық ұйым" деп атайды. Ақ үйдің баспасөз хатшысы Карин Жан-Пьер президент Джо Байденнің командасы Дамаскідегі оқиғаларды "зерттеп жатқанын" айтты деп хабарлады "Америка дауысы".

Генерал Мұхаммед Реза Захеди Тегеранның ядролық және зымыран бағдарламаларын әзірлеуге қатысы бар деген күдікпен Иранның 15 жоғары дәрежелі әскери және саяси лауазым атқаратын адамдарынан тұратын БҰҰ-ның "қара тізіміне" енгізілген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG