Accessibility links

Шахтинскідегі "Қазақстан" шахтасындағы апат. Қазірге дейін не белгілі?


Шахтинск қаласындағы "Қазақстан" шахтасынан шыққан түтін. 18 тамыз 2023 жыл.
Шахтинск қаласындағы "Қазақстан" шахтасынан шыққан түтін. 18 тамыз 2023 жыл.

Қарағанды облысы Шахтинск қаласындағы "Қазақстан" шахтасында 17 тамызда болған өрттен үш шахтер қаза тауып, жер астында қалған екі адам әлі іздестіріліп жатыр.

"ҚАЗАҚСТАНДА" НЕ БОЛДЫ?

Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бір жұмысшының мәйіті 17 тамыз кешкі сағат бес жарымда тапқан. Ал екінші мәйіт 18 тамыз таңертең, үшінші шахтердің сүйегі 18 тамыз түсте табылғаны айтылды.

Шахтаның иесі "АрселорМиттал Теміртау" (АМТ) мәліметінше, қаза болған бір жұмысшының аты-жөні Виталий Слюньков. 1965 жылы туған бесінші разрядтағы электрослесарьдың 39 жыл тәжірибесі болған. Қаза болған екі жұмысшының аты-жөні әзірге жарияланбады.

17 тамыз таңертең апат болған кезде жер астында 227 шахтер болған, олардың ішінде 222 шахтер жер бетіне шығарылды. Өрт әлі толық өшірілмегені хабарланды.

АМТ компаниясының тау-кен бөлімі атқарушы директорының орынбасары Сергей Огайдың сөзінше, қазір өртті сөндіру үшін төрт бөлім істеп жатыр. Тағы үш бөлім іздеу жұмыстарына күш салып жатыр.

"Жұмысшыларымызды тезірек табу үшін барлық шараны қолданып жатырмыз. Көмір департаменті мен "Қазақстан" шахтасы тәулік бойы кәсіпорынның басы-қасында" деді ол.

17 тамыз кешкісін Огай "шахтаның ішін түтін басып кеткендіктен іздеу жұмыстары қиынға соғып тұр" деген еді.

Ал дәрігерлердің сөзінше, сегіз адам ауруханаға жатқызылған. Қазір екі шахтер жансақтау бөлімінде жатыр.

- Екі адам Мақажанов клиникасына жеткізілді, алдын ала тексеріс бойынша, олардың шахта газынан қатты уланғаны анықталып, улы-гипоксикалық энцефалопатия, улану бронхиті диагнозы қойылды. Жансақтау бөлімінде жатыр, - деді Қарағанды облысының штаттан тыс бас токсиколгы Сәуле Смағұлова.

17 тамыз таңғы сағат онда, ресми дерек бойынша, шахтадағы конвейер лентасында өрт болған. Осыдан соң жер астындағы шахтерлерді шығара бастаған, бірақ шахтаның астын түтін басып, жағдай қиындап кетті.

Өрттің неден шыққаны әзірге белгісіз. Қазір "Тау және құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережесін бұзу" бабы бойынша тергеу басталғаны, оқиға орнында Қарағанды облысы полиция департаментінің басшысы жүргені хабарланды.

"АМАП АМТ МІНДЕТТЕМЕЛЕРІН ӨРЕСКЕЛ БҰЗҒАНЫН КӨРСЕТЕДІ"

Апаттан соң Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет пен Қарағанды облысы әкімдігіне апат себептерін жан-жақты тергеп, зардап шеккендерге қажетті көмекті көрсетуге тапсырма берді. Ақорда сайтының жазуынша, Тоқаев үкіметке АМТ компаниясымен жұмысшылардың қауіпсіздігін "мүлтіксіз қамтамасыз ету" бойынша келіссөз жүргізуді де тапсырған.

Ақорда шетелдік АМТ компаниясына тиесілі кәсіпорындарда апаттардың жиі болуы олардың инвестициялық және өзге де міндеттемелерін өрескен бұзғанын көрсететінін айтады.

"Мұндай жағдайлар олардың Қазақстан нарығында қызмет етуіне қатысты шешім шығаруға ықпал етеді" деп мәлімдеді Ақорда сайты.

"Қазақстан" шахтасы – Қарағанды облысы Шахтинск қаласындағы "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына тиесілі 8 шахтаның бірі. Онда көмір өндіріледі. Бұл 1957 жылы қазылған, 1969 жылы пайдалануға берілген елдегі ең ескі шахталардың бірі.

Қарағанды облысындағы "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы шахтасына кіріп бара жатқан кеншілер. Көрнекі сурет.
Қарағанды облысындағы "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы шахтасына кіріп бара жатқан кеншілер. Көрнекі сурет.

2022 жылы 3 қарашада Шахтинскідегі АМТ компаниясының Ленин атындағы шахтасында метанның салдарынан жарылыс болып, бес адам қаза тапқан, төрт адам уланған. Бұл оқиға бойынша тергеу әлі аяқталған жоқ. Зардап шеккен шахтерлердің жақынданы қауіпсіздікке жауаптылар жазадан құтылып кете ме деп қауіптенеді. Олардың алаңдауына негіз бар, себебі 2021 жылы Абайдағы АМТ шахтасындағы жарылысқа байланысты қозғалған іс тоқталыған еді. Абайдағы жарылыста адам шығыны болса да, ешкім жауапқа тартылған жоқ.

2021 жылы Қазақстан төтенше жағдай министрлігінің мамандары "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының өндірістік нысандарында қауіпсіздік ережелері сақталмайтынын бірнеше рет анықтап, шара қолданған. Алайда соттар нысанның жұмысын тоқтату туралы өтініштерді орындамай, тек айыппұлмен шектелеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG