Accessibility links

Дос пен қастың арасы. Ресей көршілерінің рейтингі және Қазақстанның "құбылуы"


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей президенті Владимир Путин Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесінің саммитінде. Астана, 13 қазан 2022 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей президенті Владимир Путин Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесінің саммитінде. Астана, 13 қазан 2022 жыл.

Кремльге жақын институт Ресей Украинаға басып кіргелі Мәскеуге "достық және қастық пиғылдағы көршілер арасы алыстап барады" дейді. Басқыншылықты қолдаған Беларусь достар тізімін бастаса, былтырғы "үздік" Қазақстан биыл "құбылмалы" елге айналған.

Ресей қазір елдерді "дос" және "қас" деп бөлуге әуестеніп отыр. Сол себепті Кремльге қатысы бар зерттеу институты көрші елдерді Ресейге деген "пиғылына" қарай жіктегені таңғаларлық емес. Десе де, бұл жіктеу санға сүйене ме, сезімге сүйене ме деген сұрақ туады.

Коммуникацияны дамыту жөніндегі ұлттық зерттеу институты (КДҰЗИ) ақпанның басында Ресейге көрші 14 елдің Мәскеуге деген ұстанымы жайлы зерттеуінің қорытындысын жариялады. Кремль Украинаға қарсы басқыншылық соғыс бастағалы көршілердің рейтингідегі орны да ауысқан.

Көш басында Беларусь, соңында Украина тұрғаны таңғаларлық емес-ақ, бірақ ортадағы өзгерістер назар аударарлық. Мәселен, 2008 жылы аумағына Ресей әскері соғыспен кірген Грузияны зерттеу авторлары "салыстырмалы түрде достық пиғылда" деп таныған. Ал былтырғы рейтингінің басында тұрған Қазақстан әлі де "дос", бірақ "достығы құбылмалы" деп көрсетілген.

Ресей президенті Владимир Путин мен Армения премьер-министрі Никол Пашинян Шығыс экономикалық форумында. 7 қыркүйек 2022 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин мен Армения премьер-министрі Никол Пашинян Шығыс экономикалық форумында. 7 қыркүйек 2022 жыл.

КДҰЗИ-дің құрылғанына көп болмаған, ол туралы ақпарат та аз. The Moscow Post газетінің жазуынша, былтыр жазда Санкт-Петербургтегі экономикалық форумда осы институт пен Ресейдегі Президент кітапханасы әріптестік келісіміне қол қойған.

Сондай-ақ институт сайтында Ресей мен оның одақтастарындағы зерттеу институттары әріптес деп көрсетілген. Ал институттың қамқоршылар кеңесінде КГБ-ның зейнетке шыққан офицерлері көп. Зерттеу ұйымы "елдер мен халықтар арасындағы көпжақты диалогтың дамуын" зерттейтінін мәлімдейді.

"ҚАСТЫҚ ПИҒЫЛДАҒЫ ЕЛДЕР"

Кейінгі уақытта көрші елдердің Кремльге деген ұстанымы Мәскеуді қатты алаңдатып отыр. Ресей былтыр соғыс бастағаны үшін сан түрлі санкцияға ұшырағанда, ел президенті Владимир Путин "қастық пиғылдағы" елдер тізімін жасауды тапсырды, кейін сол тізімді қарымта санкция жариялауға пайдаланды.

Институт зерттеуді Ресей мен оның көршілері арасындағы коммуникацияның 10 түріне сүйеніп жасағанын айтты. Оның ішінде "баспасөздегі коммуникация" және "білім саласындағы коммуникация" секілді сыртқы саясат категориялары мен көршілердің орысша сөйлейтін халыққа деген ұстанымы секілді бұлыңғыр категориялар бар.

Зерттеу институты 14 елдегі "коммуникация режимін" 68 өлшеммен бағалағанын мәлімдейді. Бірақ Азаттық радиосы зерттеудің әдістемесі қандай болды деп сұрағанда, жауап бере қоймады.

2022 жылғы рейтингіні алдыңғы жылмен салыстыра отырып, КДҰЗИ "достық және қастық коммуникациялық режимдердің арасы алыстап кетті" дейді.

Авторлардың айтуынша, Украина, Эстония, Латвия және Литвада "коммуникацияны дамыту шарттары нашарлағаны сонша, тыйым салу деңгейіне жеткен", ал осыған дейін "күмәнді" болған Өзбекстан мен Түркіменстанның Ресейге деген "достық пиғылы арта түскен".

Сандарды сөйлетсек, ең үлкен өзгерісті Эстонияға жазған. Оның Ресейге деген ұстанымына 2021 жылы -10,7 ұпай берілсе, былтырғы қорытынды бойынша -51,8 ұпай жазылған. Эстония премьер-министрі Кая Каллас Кремльдің басқыншылығын айыптауда Еуропаның ең сыншыл саясаткерлерінің қатарынан табылды. Екі ел бір-бірінің елшілерін елінен қуды.

Эстония премьер-министрі Кая Каллас Еуропа лидерлерінің саммитінде. Брюссель, Бельгия. 9 ақпан 2023 жыл.
Эстония премьер-министрі Кая Каллас Еуропа лидерлерінің саммитінде. Брюссель, Бельгия. 9 ақпан 2023 жыл.

Алдыңғы жылы Украинаның рейтингі -43,8 ұпай болып, көрсеткіші Латвиянікінен жақсырақ болған. Бірақ былтырғы көрсеткіші -83,6 ұпайға жеткен.

БАСПАСӨЗДЕГІ ЖАҒДАЙ

Сарапшылар Кремль халықаралық әріптестерімен қарым-қатынасында басына сөйлейтінін айтатын. Ал осы КДҰЗИ зерттеуінің қорытындысы Кремльдің мәлімдемелерімен үндес болып тұр.

Ресейдің Украинадағы басқыншылық соғысын Беларусьтай қолдай алмаған Қазақстан соның айқын мысалы болса керек.

Өйткен айда қазақ кәсіпкері Киев түбіндегі Буча қаласына гуманитарлық көмек ретінде киіз үй жібергенде, Мәскеу Астанамен арада дипломатиялық дау бастады. Ресей сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Мария Захарова қазақ билігінен "Ресей-Қазақстан стратегиялық әріптестігі мен одақтастығына зиян тигізетін" көмекке ресми Астананың қатысы жоқ екенін растауды талап етті.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров бұған жауап ретінде "түсіндіретін ешнәрсе жоғын", Қазақстан өз азаматтарының Украинаға көмек беруін тыя алмайтынын мәлімдеген.

Баспасөз саласында Ресейдің БАҚ-ты қадағалайтын бас институты Роскомнадзор көрші елдердегі ақпарат құралдарының ісіне араласып, Ресей соғысы туралы материалдарын алып тастауды талап етіп, талап орындалмаған жағдайда ақпарат құралын Ресей аумағында бұғаттайтынын мәлімдеп жүр. Ресей билігі соғысты әлі "арнайы әскери операция" деп атап отыр.

Қазақстандағы Arbat.media басылымына келгенде, бұл талап одан әрі кетіп, Ресейдегі Владимир қаласының соты баспасөз өкілдерінен соғыс туралы хабары үшін сотқа келуді талап етті. Баспасөз құралы бұл талапты орындаудан бас тартты, ал қазақ билігі бұл қадамды құптады.

Ресей билігі қазақстандық редакцияны сотқа берді
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:51 0:00

"Қазақстан әлі дос мемлекеттердің қатарында, бірақ бұрын бұл елде достық қарым-қатынас өздігінен жүрсе, қазір оған күш салмай болмайды" дейді зерттеу авторлары.

Ресей институтының биылғы рейтингінде медиа құралдары мен әлеуметтік желідегі еркіндікті қатты шектейтін елдер жоғарғы орыннан көрінген.

Түркіменстан баспасөзі 2022 жылы Ресейдің Украинадағы соғысын көп ретте елеусіз қалдырған. Бірақ елде кейінгі уақытта Батысты Украинаны қолдағаны үшін сынайтын пропаганда күшейген. Институт ең көп ұпайды осы Ашғабатқа берген. Оның көрсеткіші алдыңғы жылғы +14,5 ұпайдан +47,1 ұпайға жеткен.

Блогерлер мен медианы соғыс туралы хабар таратудан аулақ болуға үндейтін Өзбекстан Армения, Қазақстан және Тәжікстан елдерінен озып, жетінші орыннан үшінші орынға шыққан.

Авторлар Грузияға да оң баға берген. Оның көрсеткіші 20 ұпайға жақсарып, тоғызыншы орыннан табылған. Одан кейінгі Молдовадан едәуір алда. Зерттеушілер Грузия "Ресейге қарсы халықаралық санкцияларға қосылмағанын" ескертіп, ондағы "экономикалық коммуникация жақсарғанын" атап өткен.

Зерттеудің өзге қорытындыларына келсек, Кремльге жақын институттың Ресейге көрші елдерде Ресей жайлы ақпарат цензураға ұшырайды деп айтуы күлкі келтіреді. Себебі Ресейдің өзінде сөз еркіндігі мәселесінде сұрақ көп.

Дәл осыны діни институттар туралы мәлімдемесінен де байқауға болады. "2021 жылы тіпті достық пиғылы төмен елдердің өзінде достық коммуникация каналы болған діни институттар биліктің қысымына ұшырап, саяси таңдау жасауға мәжбүр" дейді зерттеушілер. Ал Ресейдің өзінде соғыс туралы сөзі үшін православ шіркеуінің діни қызметкеріне айыппұл салынып, буддистер тұратын Қалмық Республикасының бас ламасы "шетел агенті" деп танылып отыр.

КДҰЗИ қамқоршылар кеңесінің құрамы да институттың академиялық салмағына күмән келтіреді. Жеті мүшенің бесеуі түйіндемесінде Ресей мен Совет Одағының мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде жұмыс істегенін көрсеткен. Олардың арасында Владислав Гасумянов та бар. Ол өткен аптада жарық көрген блогында институт рейтингін "Ресей мен өзге елдерге" үлгі деп атады.

Оның сөзінше, Ресей әріптестерімен қарым-қатынасында патерналистік жүйеге сүйенеді, ал Еуропа елдері мен АҚШ колониялық жүйе құрған.

"Көршілерге ойлануға, басымдықтарды айқындауға және сағат тілін теңестіруге негіз бар. Уақыт тілі кері айналмайды" дейді ол көрші елдерге қарата.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG