Accessibility links

"Тоқаев әкімшілігі Назарбаев кланының активтерін қайта бөлуге баса назар аударады". 2023 жылға болжамдар


Кезектен тыс президент сайлауында дауыс беріп жатқан экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев. 20 қараша, 2022 жыл. Астана.
Кезектен тыс президент сайлауында дауыс беріп жатқан экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев. 20 қараша, 2022 жыл. Астана.

"Бірінші президент туралы" заңның күші жойылған соң Назарбаевтың жайы не болады? Президент Тоқаев пен оның әкімшілігі биыл қандай қиындықтарға тап болуы мүмкін? Кремльдің Астанаға қысымы күшейе ме? Азаттық 2023 жылы Қазақстанды не күтіп тұрғаны жөнінде саяси сарапшы Виктор Ковтуновскиймен сөйлесті.

ҚАҢТАР: ШЫН МӘНІНДЕ НЕ БОЛДЫ?

Азаттық: Қаңтар оқиғасынан бері бір жыл өтті. Ұйымдастырушылар аталған жоқ, тергеу аяқталмады. Құқық қорғаушылардың "Қаңтар оқиғасына халықаралық тәуелсіз зерттеу жүргізу керек" деген талабы ескерусіз қалды. Терроршылар шабуылынан бастап, жоғары шенді тұлғалардың сатқындығына дейін әртүрлі болжам айтылды. Сіз қалай ойлайсыз? Қаңтарда не болды?

Саясаттанушы Виктор Ковтуновский
Саясаттанушы Виктор Ковтуновский

Виктор Ковтуновский: 2021 жылдың соңына қарай [Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан] Назарбаевтың отставкаға кеткеннен кейін қолында қалған бар құзыретінен бас тарта бастағаны белгілі болды. Бірінші кезекте, билеуші партияның ("Нұр Отан", 2022 жылы "Аманат" болып өзгерді. — Ред.) төрағалығынан кетті, сол арқылы мәжіліс пен үкіметке ықпалынан айырылды.

Бұрынғы елбасы ("ұлт көшбасшысы", Назарбаевқа берілген мәртебе. – Ред.) мұны өз еркімен жасаған жоқ. Көп нәрсе Нұрсұлтан Назарбаев пен Қасым-Жомарт Тоқаев бірдей шақырылған Санкт-Петербургте өткен ТМД елдері көшбасшыларының саммитінде шешілген сияқты. Кремль операторлары түсірген видеода Назарбаевтың әлжуаз күйге түскені, Беларусьтің авторитар басшысы Александр Лукашенконы қолтықтап жүргені көрінеді. Содан бір апта өткен соң Қаңтар болды.

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей басшысы Владимир Путинмен қол алысып тұр. Мәскеу, 30 маусым, 2021 жыл.
Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей басшысы Владимир Путинмен қол алысып тұр. Мәскеу, 30 маусым, 2021 жыл.

Назарбаев не оның айналасындағы адамдар билігін сақтап қалу үшін саяси қитұрқы әрекетке барды деуге бола ма?! Бір жылдан кейін бұл “астыртын сөз байласу теориясы” болып көрінбейді. Оның үстіне, мұндай теория болғанын Тоқаевтың өзі де растап отыр.

Жаңаөзенде басталған "Газ — елу" (Маңғыстау облысында наразылар сұйытылған ғаз бағасын 50 теңгеге дейін түсіруді талап еткен – Ред.) акциясы ел ішінде өздігінен басталды дегенді жоққа шығара алмаймын. Бірақ наразылықтың республиканың басқа өңірлеріне жылдам тарауына арнаулы қызмет өкілдері көмектескен сияқты. Наразылыққа салмақты себептер болғаны рас, бұған Қазақстанның барлық қалаларында “Шал, кет!” деп ұрандағаны дәлел бола алады. Астыртын ұйымдастырушылар бұлай болады деп күтпесе керек. Жағдайға Кремль қайта араласпағанда қитұрқы әрекет сәтті аяқталар ма еді. Қазіргі президент Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының арқасында ғана билігін сақтап қалды. [Ресей президенті] Путинмен қауіпті ойын ойнауға ешкімнің жүрегі дауаламады. Осылай астыртын жоба жүзеге аспады. Қазір ашық дереккөздерден алынған ақпаратқа сүйеніп, шамамен осындай болжам жасауға болады.

БІРІНШІ ПРЕЗИДЕНТ ТУРАЛЫ ЗАҢНЫҢ КҮШІН ЖОЮ: НАЗАРБАЕВТЫҢ ЖАЙЫ НЕ БОЛАДЫ?

Азаттық: Жақында Ресейде жазушы Леонид Млечиннің Қаңтар оқиғалары туралы кітабы шықты. Желіге тараған үзінділеріне қарағанда, Назарбаев үш жылға президент қызметіне оралып, Кәрім Мәсімов “шексіз құзыреті бар” премьер-министр болғысы келген екен. Кей сарапшылар "билік осы кітап арқылы Қаңтар оқиғасының ресми нұсқасын дайындап жатыр, онда бүкіл жауапкершілік Назарбаевқа артылады" деп топшылады.

Виктор Ковтуновский: Млечиннің кітабы — қоғам реакциясын байқау үшін таратылған ақпарат дегенмен келісемін. Кітапта Қаңтар оқиғасы туралы ресми нұсқаның нобайы бар.

Азаттық: Парламентке Назарбаевты қылмыстық қудалаудан қорғайтын "Бірінші президент туралы" заңның күшін жою ұсынылды. Млечиннің кітабы мен заңнамалық ұсыныс арасында өзара байланыс бар ма?

Виктор Ковтуновский: Елбасын отставкадан кейінгі құзыреті мен мүмкіндіктерінен айыру процесі өзара байланысты оқиғалар тізбегінен тұрады. Билік Қаңтар оқиғасын ұйымдастыруға Назарбаевтың қатысы бар деп мәлімдесе, оны жауапқа тарту мәселесі туады.

Тоқаев Назарбаевты сотқа тартады деп ойламаймын. Бұрынғы президент пен оның туыстарының ықпалы әлі де жоғары, ал Тоқаевқа компромиске келген тиімдірек: қарсыласуды доғарса, жеке басына тиіспейміз деген келісім болатын шығар.

Азаттық: Желтоқсанда мәжіліс "Бірінші президент туралы" конституциялық заңның күшін жою мәселесін қарастыра бастады. Одан бұрын Конституцияға түзету енгізіп, Назарбаев туралы баптарды алып тастаған еді. Заңның күшін жою неге жарты жылдан кейін ғана жүзеге асты?

Виктор Ковтуновский: Президент әкімшілігінің тактикалық сақтығына байланысты "елбасы мұрасынан арылу" процесі баяу жүріп жатыр. Олар революцияға ұқсайтын әрекетке барғысы келмейді. Тоқаевқа асығып, "құрбақаны ыстық суға салып жіберудің" қажеті жоқ. Оған орнын сақтап қалу үшін бұрынғы президентті билігінен ғана емес, қаржылық ықпалынан айыру керек.

Қазір активтерді қайтарып, экономиканың әртүрлі саласын демонополизациялаймыз деген сылтаумен меншікті қайта бөліске салу басталды. Бұл процесс астыртын, жабық әрі құқықтық тұрғыдан күмәнді түрде жүріп жатыр. Бірақ бұл процесті тиімді ете түсуі де мүмкін. Биыл Тоқаев әкімшілігі Назарбаев кланының материалдық активтерін қайта бөлуге баса назар аударады деп ойлаймын.

Азаттық: Қаңтар оқиғасы кезінде қоғам саяси өзгерістерді қалайтыны, Назарбаев мұрасынан арылғысы келетіні белгілі болды. Осыдан кейін "бәріне қарсымын" деген графа, Назарбаевты Конституциядан алып тастау, парламентті құру принципін өзгерту, саяси партияларды тіркеуге қажетті азаматтар санын қысқарту сияқты шаралар қолға алынды. Мұны демократияландыру деп атауға бола ма? Бұл Қаңтарда алаңға шыққан халықтың сұранысына жауап бере ме?

Виктор Ковтуновский: Қаңтарда халықта қандай сұраныс болғанын нақты айту қиын. Өйткені ешкім азаматтық қоғамның пікірін сұрамады.

Саяси реформа — Тоқаевтың ғана мәселесі емес. Бірақ ол қандай саяси реформа болатынын, қай салаға қандай өзгеріс енгізетінін өзі шешеді. Тоқаев сайлау туралы заңды өзгертіп, мәжіліске сайлауды ашық, әділ әрі бәсекелі етіп өткізуге тиіс еді. Әділ сайлау негізінде сайланған өкілдік орган елге қажетті саяси реформалар туралы шешім қабылдауы керек еді.

Азаттық: Қаңтар оқиғасынан кейін Тоқаев "Жаңа Қазақстан" құрамыз деді. Кей сарапшылар Қазақстанның жаңармағанын, елдің өтпелі кезеңде қалып қойғанын айтады. Қазір қандай Қазақстанда өмір сүріп жатырмыз?

Виктор Ковтуновский: "Жаңа Қазақстан", "Әділ Қазақстан", "Екінші Республика" деген терминдердің бәрі пропагандалық сипатқа ие. Бұл іші жеуге жарамсыз, сырты әдемі кәмпитке ұқсайды. Назарбаев мұрасынан арылуға келсек, бірінші кезекте, суперпрезиденттік республикадан бас тартуымыз керек. Тоқаев мемлекеттік органдарды толық бақылауына алып, билігін нығайтқанымен, өзінің авторитаризмін шектейтін құралдар енгізбеді. Президенттің сөзіне қарасақ, алда да ондай ниеті жоқ сияқты.

Азаттық: Тоқаев 2023 жыл былтырғыдан да күрделі әрі қиын болады деді. Оның сөзінше, жағдай ушығып, халықтың өмір сүру сапасы төмендеп келеді. Наразы көңіл-күй адамдарды көшеге, алаңға бастап шығуы мүмкін бе? Әлде халық Қаңтардан кейін қорқып қалды ма?

Виктор Ковтуновский: Тоқаевпен келісемін: биыл саяси тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да қиын жыл болады, өйткені әлемде үлкен оқиғалар болып жатыр. Бірақ мұның соңы жаппай наразылыққа ұласады дегенге күмәнім бар. Жергілікті жерлерде наразылық акциялары болуы мүмкін. Бірақ билік алдаумен немесе күшпен болсын, оларды басып тастайды. Халық наразылығының артында биліктегі элитаның бір бөлігі қолдайтын мықты оппозиция тұрғанда ғана табысқа жетуге болады. Әзірге биліктен ондай адамдарды көрген жоқпын.

"МӘСКЕУ ШЕҢБЕРІНЕН ҰЗАП ШЫҒУ ҚИЫН"

Азаттық: 2022 жылы саяси партияларды тіркеу процедурасы жеңілдеді. Алдағы мәжіліс сайлауына бір мандатты округтерден кандидат қатысады. Сонда парламентке әртүрлі әлеуметтік топтар өте ме?

Виктор Ковтуновский: Сайлаудан кейін мәжілісте әртүрлі адамдар отыруы мүмкін дегенді жоққа шығармаймын. Олардың арасында шынайы оппозиция өкілдері бола ма, жоқ па, ол жағын айту қиын. Әзірге президент әкімшілігі тарапынан либерализм байқалмайды, билікке жағымсыз кандидаттарды алып тастау және сайлау нәтижесін бұрмалау мүмкіндігі әлі де бар.

Азаттық: Украинаға қарсы соғыс басталғалы Қазақстан Ресейден алшақтап барады деген пікір бар. Бірақ сыртқы істер министрлігі кейінгі айларда соғыс туралы пікірін жұмсартып жіберді. Қазақстан БҰҰ-да Зимбабве және Солтүстік Корея сияқты мемлекеттермен қатар Ресейден Украинаға қарсы агрессиясын тоқтатып, көрші ел территориясынан әскерін шығаруды талап еткен қарарға қарсы дауыс берді. Астана Кремльдің ықпалында қалды ма? Бұл ықпал күшейіп жатыр ма?

Виктор Ковтуновский: Қазақстанның БҰҰ-дағы дауыс беруіне қарап, биліктің Кремльге тәуелділігі күшейді деп айтуға болмайды. Бұл импорт пен тауар транзитіне тәуелділік, ақпараттық ықпал, Қазақстан қоғамының ішкі бірлігі сияқты факторлардан көрінеді.

Әрине, кез келген тәуелсіз мемлекет басшысы сияқты Тоқаев та мінезі қиын көршісінен алыстап, өзіне қауіпсіз одақтас тапқысы келді. Бірақ оның мүмкіндігі шектеулі. Тоқаев ағысқа қарсы жүзуге тырысып жатыр, бірақ оның нәтижесі БҰҰ-да дауыс беруге әсер етеді.

Ресей билігі күтпеген әрекетке барып, агрессия танытып отырғанда Қазақстанға оның шеңберінен ұзап шығу қиын.

Азаттық: Украинадағы жағдайдың қалай өрбитінін ешкім білмейді. Ресейде мобилизация жалғасады деген болжам бар. Мобилизацияның алғашқы толқыны басталғанда Қазақстанға жүздеген мың ресейлік келіп, ондаған мың азамат қалып қойды. Тағы да мобилизация болса, елге келетін Ресей азаматтары көбейе түседі. Қазақстан бұған дайын ба?

Виктор Ковтуновский: Мобилизация наурыз бен қыркүйектегідей жаппай сипат алмайтын сияқты. Оның үстіне, Қазақстандағы ішкі шиеленіске босқындар емес, Ресейдегі билік өкілдерінің мәлімдемелері әсер етеді.

Азаттық: Қазақстан билігі биыл қандай негізі қиындықтарға тап болуы мүмкін?

Виктор Ковтуновский: Дәл 2022 жылғы қиындықтар. Ол қиындықтарды еңсерген жоқпыз, мәселе өздігінен жоғалып кетпейді.

Негізгі мәселе қазіргі президент командасының осы қиындықтарға қарсы тұруға қабілетсіз болуында деп ойлаймын. Олар бір амалы табылар деп, ағыспен жүзіп келеді. Бірақ амалы табыла ма?

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG