Accessibility links

Өзбекстанда "Док-1 Макс" препаратын қабылдағаннан кейін көз жұмған бала саны көбейді


"Док-1 Макс" препараты
"Док-1 Макс" препараты

Өзбекстанда "Док-1 Макс" препаратын қабылдағаннан кейін көз жұмған бала саны 18-ге жетті. Бұл туралы Өзбекстан омбудсменінің баспасөз қызметі хабарлады. Бұған дейін осы препарат 15 баланың өліміне себеп болған деген ақпарат тараған еді.

Самарқан облыстық көпсалалы балалар медицина орталығының бас дәрігері М.Азизовтың 15 желтоқсанда облыстық денсаулық сақтау басқармасына жазған хатында "Док-1 Макс" препаратын қабылдаған 21 баланың "бүйрегі зақымдалғаны" айтылған.

Омбудсмен баспасөз қызметінің хабарлауынша, науқастар Жизақ, Қашқадария, Науаи және Самарқан облыстарында тіркелген. Үш науқас жазылып, үйге шығарылған.

О дүниелік болған 18 баланың 15-і үш жасқа, қалғаны алты жасқа дейінгі бүлдіршіндер.

"Науқастардың жақындарынан ауру себебін сұрағанымызда, олар балаларында тұмау белгілері болғанын, осы дәріден кейін денсаулық жағдайы нашарлағанын айтты. Дәріні қабылдау нұсқаулығында оны жасы екіден асқан балаларға беруге болатыны жазылған. Ал құрамы дәл осындай басқа фирманың препаратын 12 жастан кейін қолдануға болатыны көрсетілген" деп жазылған хабарламада.

Бұл оқиғадан кейін 22 желтоқсаннан бастап Үндістанның Marion Biotech Pvt. Ltd компаниясының "Док-1 Макс" препаратын Өзбекстанға кіргізуге тыйым салынды. Бұған қоса министрлік Самарқан дәріханаларына жеткізілген "Док-1 Макс" балы мен құрамында осы препарат бар сироптарды тексеруді бастады.

Өзбекстандағы балалардың өлімінен кейін 23 желтоқсаннан бастап Қырғызстанда да "Док-1 Макс" препаратын сату тоқтатылды.

Ал Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі бұл препараттың елде тікелмегенін, оның тіркеу мерзімі 2018 жылы аяқталғанын хабарлады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG