Accessibility links

"Қуыршақ кандидаттарға" құмар Орталық Азия автократтары


Орталық Азия елдері басшыларының Ашғабатта бас қосқан сәті. 2021 жыл.
Орталық Азия елдері басшыларының Ашғабатта бас қосқан сәті. 2021 жыл.

Қырғызстаннан басқа Орталық Азия елдерінің билігі президент сайлауына жасанды, қуыршақ кандидаттарды пайдаланып келеді. Тәуелсіздік алғандарына 30 жылдан асқан осы елдерде әлденеше мәрте Конституция өзгерсе де президенттер өзгермейді. Өзгерген күннің өзінде соңғысы алдыңғы президент тәсіліне тәуелді екенін көрсеткен. Мұның бәрі қалай басталып еді?

ҮШІНШІ ПРЕЗИДЕНТ КІМ БОЛМАҚ?...

Қарашаның 20-сына белгіленген Қазақстан президенті сайлауы үшін Орталық сайлау комиссиясы кандидат ретінде тіркеген адамдардың дені – бұрын-соңды үлкен саясатта танылмаған, мойындалмаған тұлғалар. Биыл өзгертулер енгізілген Конституция бойынша бір-ақ рет жеті жылдық президенттік мерзімге сайлауға алты кандидат қатысып отыр. Олар: «кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсы» атынан – Қарақат Әбден, Жалпыхалықтың социал-демократиялық партиядан – Нұрлан Әуесбаев, «Ауыл» партиясынан – Жигули Дайрабаев, «Аманат» Қазақстан кәсіподақтар қауымдастығы ұсынған – Мейрам Қажыкен, билікшіл партиялар мен қоғамдық бірлестіктер ұсынған – қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев және республикалық «Қазақ аналары – дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігі атынан – Салтанат Тұрсынбекова.

Осылардың ішінде қазіргі президент Тоқаевтың кандидаттығы формалды сипатқа ие. Оны сайлауға өзі айтқандай, «қоғамдық-саяси күштердің кең коалициясы» ұсынған. Коалиция құрамында билікшіл Amanat, «Ақ жол», Қазақстан халықтық партияларымен қоса қоғамдық ұйымдар бар.

Орталық Азияда мұндай бірнеше ұйым атынан сайлауға түсу тәжірибесін Тоқаевтың алдында Рахмон өткерген болатын. Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмонды 2020 жылғы сайлауға өзі басқаратын халықтық-демократиялық партияға қоса, тәуелсіз кәсіподақтар федерациясы және жастар одағы ұсынған.

Ал үміткерлердің сайлау науқанындағы шынайы бәсекеге қайшы іс-әрекеті тағы да кезекті "қойылымнан" хабар бергендей. Олардың бірі президент болғысы келмейтінін айтса, тағы бірі іс басындағы басшының саясатын қолдайтынын білдірген. Және кандидаттардың ешқайсысы да қазіргі президенттің саясатын сынаған емес.

Бұған қоса іс басындағы президенттің әрекеті (кандидат болып тіркелмей тұрып облыстарға сапарлауы, халықаралық жиындар, Республика күнін ұлттық мерекеге айналдыруы, марапаттар үлестіруі) әлден-ақ сайлаудың баламасыздығын көрсетіп отыр. Қазақстан президенті сайлау туралы жариялағаннан бері өзінің жеңісіне сенімді екенін көрсетіп келеді. Президент Тоқаевтың күштік құрылымдарға оқ атуға рұқсат беріп, 238 адам қаза тапқан Қаңтар оқиғасынан кейін «жаңа Қазақстан» және «әділетті Қазақстан» жайлы ұрандары белгілі бір мөлшерде қоғам назарын аудартқан. Президент осы ұрандар аясында реформалар легін жариялаған. Кезектен тыс сайлау өтетінін жариялағанда Қазақстан басшысы бұл реформаларды келесі, үшінші президент емес, өзі өткеретінін айтып қойған. Мұндайда Назарбаев тұсынан қалыптасқан авторитарлық дәстүр саяси мәдениет, сыпайылық дегенді ескермейтінін тағы бір мәрте көрсетіп алды.

Тоқаев алғаш қатысқан 2019 жылғы ерте сайлаудың сипаты қазіргіден ерекшеленбеген. Сол кезде орталық сайлау комиссиясы тіркеген жеті кандидаттың екеуінен басқасы бұрын-соңды саясатта және қоғамдық мәселелерді көтеріп көзге түспеген тұлғалар болатын.

Оның бірі Қасым-Жомарт Тоқаев сол сайлауда 70,96 пайыз дауыс жинаған. Сонда «Ұлт тағдыры» қозғалысы ұсынған оппозициялық кандидат Әміржан Қосановтың 16,23 пайыз жинағаны жарияланған. Алайда оның жақтастары бұл көрсеткішке сенбейтінін білдірген. Қосановтың сайлаудың ресми қорытындысы жарияланбай жатып Тоқаевты жеңісімен құттықтауы да оған дауыс бергендердің үмітін суытқан. Бұл Тоқаев қатысқан алғашқы сайлаудың шынайылығына дақ түсірген.

Сайлаудағы қуыршақ кандидаттар – соның мысалы.

НАЗАРБАЕВ ТҰСЫНДАҒЫ ҚУЫРШАҚ КАНДИДАТТАР

2019 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев алғаш қатысқан президент сайлауында кандидаттың бірі – Халықтық партиядан ұсынылған қазіргі депутат Жамбыл Ахметбеков 2011 жылғы президент сайлауына да қатысқан.

Назарбаев билік құрған дәуірде бірнеше рет президент сайлауына қатысқан «қайталанба кандидаттың» бірі – «Табиғат» экологиялық одағының басшысы Мэлс Елеусізов. Ол Қазақстан президенті сайлауына үш мәрте үміткер болып тіркеліп, екі рет сайлауға қатысқан. Соңғысында ол тіркеліп тұрып, «қаржының жеткіліксіздігіне» орай сайлауға қатысудан бас тартқан. Ол 2005 жылғы сайлауда 0,28 пайыз (бес кандидаттың ішінде – бесінші орын) дауыс жинаса, 2011 жылы 1,15 пайыздық (төрт кандидаттың ішінде – төртінші орын) дауысқа ие болған.

Мелс Елеусізов.
Мелс Елеусізов.

Одан да қызығы – Мэлс Елеусізов 2011 жылғы сайлауда бәсекелесі Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс бергенін мәлімдеді. Ал 2015 жылғы кезектен тыс президент сайлауында ол өз кандидатурасын алып тастаған. Мұны эколог қаржының жоқтығымен және аз уақытта 100 мың қол жинай алмайтындығымен түсіндірген. Ол өзінің сайлауға қатысу мақсатын экологиялық мәселеге назар аударту деп түсіндірген.

Қуыршақ кандидаттардың бірі, 1999 жылғы және 2011 жылғы сайлауда үміткер болған Ғани Қасымов бертінде өзінің сайлауға қатысуын конституциялық құқығын пайдаланғандығымен түсіндірген.

1999 жылғы сайлауға Ғани Қасымов пен Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз кандидат ретінде қатысқан. Бәсеке Назарбаев пен коммунистік партия кандидаты Серікболсын Әбділдинмен екеуінің арасында өрбіді. Назарбаев 79,78 пайыз дауыс жинаса, Әбділдиннің 11,70 пайыз дауыс жинағаны хабарланды. Әбділдин өзінің ресми жарияланған пайыздан көп дауыс жинағанын, сайлау нәтижесінің бұрмаланғанын айтады. Төрт кандидат қатысқан осы сайлауда Ғани Қасымов 4,61 пайыз дауысқа ие болған.

Видео: Жілік шағу, шеге майыстыру және стақан сындыру. Президенттікке кандидаттардың қылығы (3 қараша 2022 жыл).

Жілік шағу, шеге майыстыру және стақан сындыру. Президенттікке кандидаттардың қылығы
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:13 0:00

Қасымовтың сайлаушылармен кездесуде стакан сындыруы, тікелей эфирдегі бағдарламада ваза лақтыруы тәрізді ерсі қылықтары – Қазақстанда өзге Орталық Азия елдерімен салыстырғанда жасанды сайлау шоуы ертерек басталғандығын көрсетеді. Сол жылғы сайлауға бұрынғы премьер-министр Әкежан Қажыгелдин жіберілмеді. ЕҚЫҰ Қазақстанның мойнына алған сайлау заңнамаларын орындамағаны үшін сол сайлауға бақылаушы жіберуден де бас тартқан.

Бұдан өзге президенттік сайлау сайын өзін үміткерлікке тұрақты түрде ұсынатын, бірақ сайлаудың соңғы кезеңіне дейін жетпейтін Амантай қажы Асылбеков және Сәлім Өтен тәрізді есімдер де көпшілікке таныс.

Жақсыбай Бәзілбаев та Назарбаев қатысқан төрт сайлауға өзін-өзі ұсынып келген. Соңғы аталғандар кандидатқа керекті қолды жинап үлгермеген немесе мемлекеттік тіл емтиханынан өте алмаған, тіпті болмаса соңғы сәтте Назарбаевтың пайдасы үшін сайлаудан шығатынын жариялағандарымен белгілі.

ӨЗБЕКСТАН: 7 САЙЛАУДА – ЖАЛҒЫЗ ОППОЗИЦИЯЛЫҚ КАНДИДАТ

Аймақ елдерінің тұңғыш президенттерінің көбі тәуелсіздік алған тұстағы алғашқы сайлауын баламасыз өткерген. Кейіннен олар президенттік құзырын референдум арқылы ұзартып, 2000 жылдардан кейінгі сайлауларға қуыршақ кандидаттарды қосып отырған.

Бүгінде екінші президент басқарып отырған Өзбекстанда содан бері жеті рет президент сайлауы өткен. 1991 жылғы сайлауға халықтық-демократиялық партиядан түскен Ислам Каримовқа оппозициялық «Ерік» демократиялық партиясынан Мұхаммад Салих бәсекелес болды. Ал «Бірлік» партиясының басшысы Абдурахим Пулат пен Өзбекстан исламдық жаңғыру партиясының жетекшісі Абдулла Утабай сайлауға жіберілмеген.

Сайлауда Мұхаммад Салихтың ресми есеппен 12 пайыздан астам дауыс жинағаны айтылды. Алайда соның алдында оның 30 пайыздан астам дауыс жинағаны хабарланған. Мұның соңы наразылыққа ұласып, шеруге шыққандарға оқ атылды. Оппозициялық күштерді қудалау басталды. Мұхаммад Салих «мемлекетке сатқындық жасады» деген айыппен қамалғанымен, соңынан қолхатпен босатылған. Екі жылға созылған тартыстан кейін ол шетелге қашуға мәжбүр болады.

1991 жылы Өзбекстандағы президент сайлауында Ислам Каримовқа бәсекелес болған Мұхаммед Салих.
1991 жылы Өзбекстандағы президент сайлауында Ислам Каримовқа бәсекелес болған Мұхаммед Салих.

1993 жылғы оппозициялық күштерді саясат сахнасынан тықсырып шығарғаннан кейін Өзбекстандағы сайлауға билік бақылауындағы партиялар ғана қатысатын болған. Бұл көрініс 2021 жылы өткен соңғы президент сайлауына дейін жалғасып келді.

2016 жылы тұңғыш президент Ислам Каримов қайтыс болғаннан кейін билікке келген бұрынғы премьер Шавкат Мирзияев сайланған екі сайлау да мерзімінен бұрын өткізілді. 2021 жылы соңғы рет бес жылға сайланған ол қолданыстағы Конституция бойынша үшінші мәрте қатарынан президент болып сайлана алмайды. Алайда елде қазір конституциялық реформа қолға алынған. Биылғы шілде айындағы Қарақалпақстандағы наразылық осы реформаның Қарақалпақстан автономиясына қатысты тұсына қоғам қарсылығынан туындаған еді. Оқиғада ондаған адам қаза тауып, жүздеген адам жараланған.

Бір айта кетерлігі – Орталық Азиядағы соңғы президент сайлауларында кандидаттар арасында әйелдерге де орын берілген. Қазақстанда 2019 жылғы сайлауға депутат Дания Еспаева, биылғы сайлауға Қарақат Әбден, Салтанат Тұрсынбекова қатысса, Өзбекстандағы былтырғы сайлауға Мақсуда Варисова қатысқан.

Қазақстанда сайлауға «Ақ жол» партиясы атынан қатысқан Дания Еспаева бес пайыздан астам дауыс жинап жеті кандидаттың ішінде үшінші орын алса, Өзбекстанда халықтық-демократиялық партия атынан ұсынылған Мақсуда Варисова алты пайыздан астам дауыс жинап, бес кандидаттың ішінде екінші болды.

САЙЛАУ ИНТРИГАСЫНАН МАҚРҰМ ТӘЖІКСТАН

Тәжікстанның қазіргі басшысы Эмомали Рахмон президент лауазымы жойылған 1992 жылы билікке парламент басшысы ретінде келді. Ол 1994 жылы азаматтық соғыс кезінде күмәнді жағдайда өткізілген конституциялық реформа мен оппозиция бойкот жариялаған сайлау кезінде 60 пайызға жуық дауыс жинап, президент болып сайланды. Оппозиция өкілдері Тәжікстанда алғашқы сайлауларға қатыстырылғанымен, кейіннен билік оларды мүлде шеттетіп тастады.

Рахмон жоғарғы кеңес төрағасы кезінде премьер-министр болған Абдумалик Абдуллоджонов 1994 жылғы президенттік сайлауға қатысады. Алайда Рахмонның жеңіске жеткені жарияланған соң ол сайлау нәтижесіне келіспейді. Ол содан кейін бірнеше мәрте оппозициялық ұйым құруға әрекет жасағанымен, оның бәрі сәтсіз аяқталады. Шетке кеткеннен кейін Душанбе оны билікке қарсы бүлік пен қастандық жасады деп айыптап, туысын соттайды.

2013 жылғы президент сайлауына оппозициялық күштерден ұсынылған жалғыз үміткер Ойнихал Бобоназарова кандидат ретінде тіркелуге қажетті 210 мың дауысты жинай алмай, сайлауға қатыса алмай қалады. Осыдан кейін Тәжікстандағы президент сайлауындағы интрига таусылды деуге болады. Қазір Эмомали Рахмонның бәсекелестері бірыңғай билік бақылауындағы партиялар мен ұйымдардан ұсынылатын болды. 2015 жылы оппозициялық исламдық жаңғыру партиясы террористік ұйым болып жарияланғаннан кейін Эмомали Рахмонды Назарбаев мысалындағыдай «ұлт көшбасшысы» атандырған арнайы заң қабылданып, ол сайлауға шектеусіз мөлшерде қатыса алатын мүмкіндікке ие болып шыға келді.

ТҮРКІМЕНСТАН: КАНДИДАТ ДЕГЕН КІМ?

Түркіменстанда жасанды болса да кандидаттарды сайлауға қатыстыру 2006 жылы билікке келген екінші президент Гурбангулы Бердімұхамедовтің кезінде қолға алынды. Ол өзі осындай қуыршақ кандидаттар қатыстырылған үш сайлауға түсіп, үнемі басымдықпен жеңіп отырған.

Түркіменстандағы қуыршақ кандидаттардың ерекшелігі – олардың іс басындағы президентті дәріптеп, оның саяси бағытын өз бағдарламарына да енгізіп қойған кездері болған.

Гурбангулы Бердімұхаммедов «жастарға орын беретінін» жариялаған соң биылғы наурызда өткен президент сайлауында оның ұлы Сердар жеңіске жеткен болатын. Сол кезде бала-Бердімұхаммедов тоғыз кандидатпен бәсекеге түсіп, 70 пайыздан астам дауыс жинаған еді. Осылайша алғаш рет Орталық Азияда да билік әкеден балаға өткен.

Гурбангулы Бердімұхамедов (ортада) президент болып тұрған тұста отбасымен сайлау учаскесіне дауыс беруге келген кезі. Оң жақта оның ұлы Сердар Бердімұхамедов тұр. Ашғабат, 12 ақпан 2017 жыл.
Гурбангулы Бердімұхамедов (ортада) президент болып тұрған тұста отбасымен сайлау учаскесіне дауыс беруге келген кезі. Оң жақта оның ұлы Сердар Бердімұхамедов тұр. Ашғабат, 12 ақпан 2017 жыл.

Түркіменстанның тұңғыш президенті, Орталық Азияда алғаш жеке басқа табынудың үлгісін қалыптастырған Сапармұрат Ниязов президент сайлауында тіпті кандидат көрмей кетті. Тоқсаныншы жылдардың басындағы сайлауларға ол баламасыз, жалғыз өзі қатысты. 1994 жылғы референдумда оның өкілеті 2002 жылға дейін ұзартылды. 1999 жылы Халық мәслихаты оны ғұмырлық президент етіп тағайындайды. Ол 2006 жылы жүрек талмасынан қайтыс болғаннан кейін билікке Гурбангулы Бердімұхамедов келді.

Орталық Азия елдеріндегі президент сайлауына ортақ екі ерекшелік бар. Оның бірі – сайлау үнемі дерлік кезектен тыс, ерте өтеді. Екіншісі – сол сайлауға шынайы кандидат емес, қуыршақ үміткерлер қатысады. Бұл ерекшелік сайлаудың кемшілігі де. Осы үрдіс қашанға дейін жалғасатыны белгісіз. Өйткені аймақ елдері басшылары авторитарлық билеп-төстеу жүйесінен бас тартатын емес. Тіпті соған жасалған қадам, ишара да байқалмайды.

(Автордың пікірі Азаттық радиосының ұстанымымен сәйкес келмеуі мүмкін).

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG