Accessibility links

"62 жасымда қасық ұстауды үйрендім". Инсульттан кейінгі өмір


Екі рет инсульт алған науқас Бузахра Юсупова. Шымкент, 21 қазан, 2022 жыл.
Екі рет инсульт алған науқас Бузахра Юсупова. Шымкент, 21 қазан, 2022 жыл.

29 қазан – Халықаралық инсультпен күрес күні. Қазақстанда жыл сайын 40 мыңға жуық инсульт тіркеледі. Науқастардың 80 пайызы ауруханаға дәрілік көмек көрсетуге болатын уақыттан кеш келеді. Мамандар инсульт емдеудегі мәселелерді халықтың денсаулығына салғырт қарауымен, инсульт туралы ақпараттың аздығымен, жүйедегі кемшіліктермен байланыстырады.

"ДӘРІГЕРЛЕР БАЙЛАП ТАСТАҒАН БА?"

– Мені түсінбейтін шығарсыз. Логопедпен жұмыс істеп жатырмын. Арасында тілім "кетіп қалады".

Оңалту орталығындағы жасы алпыстан асқан орта бойлы, қара торы әйел кереуетінің жанына орындық қойып, өзін әңгімеге тартып жатқанымды көріп, қысыла сөйледі.

– Уайымдамаңыз, сөздеріңіз анық естіліп тұр.

– Шын ба? – Әйелдің жылы жүзі одан әрі жадырай түсті. – Бірінші рет инсульт алғанда мүлдем сөйлей алмай қалғанмын...

Бұл – Бузахра Юсупова. Ол жеті жыл бұрын алғаш рет инсульт алған. Мидағы қан тамырының бітелуінен не жарылуынан болатын аурудан науқастардың көбінің аяқ-қолы жансызданып, сөйлеу қабілеті бұзылады.

Екі бала, алты немере өсірген Бузахра 2015 жылы күтпеген жерден үйінде құлап қалған. Үш күн комада жатып, жан сақтау бөлімінде ес жиған. Инсульттан кейін Бузахраның есте сақтау қабілеті нашарлаған. Бірақ инсульт алған кезін бүге-шүгесіне дейін біледі.

– Көзімді ашсам, жанымдағы төсекте үстінде жамылғысы бар, жалаңаш еркек жатыр. Қорқып кеттім. Байқасам, өзімді де шешіндіріп тастапты. Қолымды қимылдата алмадым. "Дәрігерлер байлап тастаған ба?" деп ойладым. Сөйтсем, қозғалмайды екен ғой...

Бузахра алғашқы инсультынан кейін тез оңалған. Аз уақытта аяқ-қолына жан бітіп, тілі түзеліп кеткен. Бірақ 2020 жылы қан қысымы 280-ге көтеріліп, тағы да жан сақтау бөліміндегі таныс төсекте көзін ашқан. Екінші инсульт ауыр тиіп, Бузахра сегіз айдай орнынан тұра алмаған.

– Төсекке таңылып қаламын деп қорықтым. Келінім күнде массаж жасады. Өзім де тырмысып, талпына бердім. Солай ақырындап, аяққа тұрдым. Бірақ біреуге сүйенбесем, жүре алмаймын. Таяқ ұстап көріп едім, қыста жығылып құлаған соң, қорқып қалдым.

Бузахра Юсупова 62 жасында қасық ұстап, тамақ ішуді қайта үйренген.

– Инсульт алғанда оң жағым сал болып қалды, – дейді Бузахра ауыр тартып, төсектен түсіп кете беретін оң қолын ақырын көтеріп. Басында тамақты төгіп-шашып ішетінмін, сонда да үйдегілерге "мені аямаңдар, бәрін өзім істеймін" деп, бой бермедім. Қазір қаламсап ұстап, жаза алмаймын, бірақ тамақ ішуді үйреніп алдым.

Қазір Бузахра Шымкенттегі оңалту орталығында ем алып жатыр.

"ДӘРІ ІШІП ЖҮРЕ БЕРЕДІ"

Инсульт – мидағы қан тамырларының ақауынан туындайтын ауру. Оның екі түрі бар: миға қан бармайтын (ишемиялық) және миға қан құйылатын (геморрагиялық) инсульт.

Ишемиялық инсульт кезінде мидың қан тамырларына тромб (ұйыған қан) тұрып қалады. Қан бармаған ми тіндері біртіндеп өле бастайды. Мидың зақымданған бөлігі қай органның қызметіне жауап берсе, сол жерде ақау пайда болады. Геморрагиялық инсульт кезінде қан тамыры жарылып, ми қатпарларына қан құйылады. Елде инсульттың ишемиялық түрі жиі кездеседі.

Қазақстанда жылына 40 мыңнан астам инсульт тіркеледі. Инсульт мәселелері жөніндегі республикалық үйлестіру орталығының дерегінше, кейінгі жылдары Қазақстандағы инсульт динамикасы – бірқалыпты, статистика 40 мыңның маңайында құбылып тұрады.

Инсульт алған жүз адамның отызы алғашқы он күнде қайтыс болады. Қалған жетпіс адамды жүз пайыз деп алсақ, оның он пайызы жұмысына оралады, 90 пайызы әртүрлі деңгейдегі мүгедек болып қалады. Елімізде 200 мың адам инсультқа байланысты мүгедектік алған. Қазақстандағы өлім себептері арасында жүрек-қан тамырлары аурулары мен инсульт көш бастап тұр.

Науқасты оңалту ауруханада басталады. Инсульт алған адамдар психиатрмен жұмыс істейді, ұсақ моториканы дамытатын жаттығулар жасайды, массаж алады. Қалыпты өмірге оралу жолындағы күрес оңалту орталықтарында жалғасады.

Инсульт алған науқастардың ұсақ моторикасын дамыту жұмыстары. Шымкент, 17 қазан 2022 жыл.
Инсульт алған науқастардың ұсақ моторикасын дамыту жұмыстары. Шымкент, 17 қазан 2022 жыл.

Былтыр Шымкентте инсульт алған науқастарды оңалтумен айналысатын осындай орталық ашылды.

Қос қабатты, үлкен терезелері бар жарық ғимаратқа он бес төсек қойылған. Мұнда инсульт алған адамдарға реабилитолог, невролог, психолог, логопед, физиотерапевт, массаж маманы мен санитарлардан тұратын мультидисциплинарлы топ көмек көрсетеді.

Дәрігерлер науқастарды инсульттан кейінгі өмірге бейімдеп, күйзелістен шығарып, жүріп-тұру, сөйлеу, тамақ ішу, түйме қадау сияқты сау адамға жеңіл көрінетін машықтарды қайта үйретеді.

– Инсульт алған адамдар арасында "бұл уақытша, жазылып кетемін" деген ойлар сирек кездеседі, – дейді оңалту орталығының психологы Гаухар Сұлтанбекова. – Науқастардың көбі мүгедек болып қаламын, жақындарыма ауыртпалық саламын деп күйзеледі. Инсульт тағы қайталануы мүмкін деп қорқады. Осы үрейлермен жұмыс істейміз. Өйткені оңалтудағы нәтиже науқастың сенімі, ынтасы мен тынымсыз еңбегіне байланысты.

Инсульт алған адамдар үздіксіз оңалтудан өтуі керек. Өйткені қимылсыз қалған бұлшықеттер қатайып, қозғалыс қабілеті жоғала береді. Мемлекет инсультпен тіркеуде тұрған науқастарды үш жылға дейін бірнеше рет оңалтуға жібереді.

Дәрігерлердің сөзінше, оңалту шарасындағы ең қиыны – науқастарды емдеу емес, олардың өмірге ынтасын оятып, аяққа тұрып кететініне сендіру.

Оңалту орталығындағы реабилитация бөлімшесінің меңгерушісі Жанар Молдабекова науқастардың көбі күйзеліспен келетінін, дәрігер жұмысы олардың көңілін табудан басталатынын айтады.

– Өз аяғымен жүрген адамға инсульт алып, бір-ақ күннің ішінде қозғалмай қалған денесін қабылдау өте қиын. Оған көп уақыт пен қолдау керек. Сондықтан науқаспен жылы қарым-қатынас орнатуға тырысамыз. Онсыз емнен нәтиже болмайды.

74 жастағы Мәрия әжей бір жарым жыл бұрын инсульт алған. Кенже ұлының қазасынан кейін төсек тартып жатып қалған.

– Осы орталыққа келгенде орнымнан тұрмай жата бердім, – дейді Мәрия әже дауысы дірілдеп. Ешкіммен ісім жоқ, көзімнен жас тоқтамайды. Дәрігер қыздар келіп, көзімнің жасын сүртіп, қолымнан сипап отырғаны есімнен кетпейді. Жылы-жылы сөздер айтып, адам қатарына қосып алды.

Психолог Гаухар Сұлтанбекова оңалту орталығында жатқан Мәрия әжеймен сөйлесіп отыр. Шымкент, 21 қазан 2022 жыл.
Психолог Гаухар Сұлтанбекова оңалту орталығында жатқан Мәрия әжеймен сөйлесіп отыр. Шымкент, 21 қазан 2022 жыл.

Оңалту орталығының қызметкерлері науқастарға денсаулығына жауапты қарауды да үйреткісі келеді.

– Өзі инсульт алмайынша бұл ауру туралы ешкім білмейді, – дейді психолог. – Бізге келген науқастар "қан қысымым көтерілсе, дәрі ішіп жүре береміз ғой" дейді. Қан қысымын ауру деп қабылдамайды. Мұның соңы инсультқа әкеледі. Қазір бәріне "жақындарыңызға инсульт туралы айтып отырыңыз" деп ескертемін.

– Негізі адамның денсаулығы 60 пайыз – өзіне, 20-30 пайыз – апатты жағдай, экология сияқты сыртқы факторларға, он пайыз ғана дәрігерге байланысты. Бірақ бізде бәрі керісінше, — дейді невролог Шолпан Қожахметова. – Халық дәрігерге уақыт өткізіп, басқа амалы қалмағанда ғана барады. Инсульт туралы көп адам білсе, белгілерін ажыратып, ауруханаға уақтылы барса, сырқаттың ауыр салдары да азаяр еді.

Невролог Шолпан Қожахметова оңалту орталығындағы науқаспен күнделікті жаттығу жұмысын жүргізіп жатыр. 21 қазан 2022 жыл. Шымкент.
Невролог Шолпан Қожахметова оңалту орталығындағы науқаспен күнделікті жаттығу жұмысын жүргізіп жатыр. 21 қазан 2022 жыл. Шымкент.

"ЕЛДЕГІ ЖҮЙЕ ҚАТЫП ҚАЛҒАН МӘНЕРДЕ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ"

Инсульт алған адамға шұғыл көмек көрсету өте маңызды. Өйткені миға қан бармай қалса не қан құйылса, уақыт өткен сайын зақымдану ошағы мидың басқа бөліктеріне тарай береді. Көмек неғұрлым ертерек көрсетілсе, науқасты өлімнен немесе мүгедектіктен құтқарып қалу ықтималдығы да артады.

Инсульт алған адам ауруханаға түскеннен кейін оған компьютерлік-томографиялық тексеріс жасалады. Мидағы қан тамырынан тромб табылса, алғашқы инсульт белгілері байқалған сәттен бастап төрт жарым сағат ішінде ауруханаға жеткен науқасқа тромбты ерітетін дәрі салынады.

– Қазақстанда науқастар көбіне төрт жарым сағаттан кеш келеді, – дейді нейрохирург дәрігер Мыңжылқы Бердіқожаев. – Транзиторлық-ишемиялық шабуыл деген болады. Ол – аяқ-қолдың жансызданып, бірер сағаттан кейін қайта қалпына келуі. Өмірінде бір-екі рет осындайды басынан өткерген адам "қазір өткендегідей өзі қояды" деп үйінде жата береді. Күндіз болса, туыстарының жұмыстан келгенін күтеді. Осылай уақыт жоғалтады.

Инсульт басталғалы төрт жарым сағаттан асып кетсе, ангиограф деп аталатын құрылғының көмегімен жамбас артериясынан катетер кіргізіп, миға контраст дәрі жіберіп, тромбтың орны анықталған соң, оны түтікшемен сорып алады. Бірақ мұндай құрылғы үшінші деңгейлі инсульт орталықтарында ғана бар.

Қазақстанда 74 инсульт орталығы болса, оның 23-і – үшінші деңгейлі, қалғаны – екінші деңгейлі. Екінші деңгейлі инсульт орталықтарында жүйелік тромболиз әдісі (тромбты ерітетін дәрі салу) мен миға қан құйылған кездегі ашық ота ғана жасалады.

Өкінішке қарай, тұрғылықты мекенжайы бойынша екінші деңгейлі инсульт орталығына қарайтын науқастар төрт жарым сағат ішінде ауруханаға жетіп, дәрілік көмек алуға үлгермесе, қан тамырындағы тромбты алып тастайтын ота жасата алмайды. Өйткені екінші деңгейлі инсульт орталығында мұндай ота жасайтын құрылғы жоқ.

Нейрохирург дәрігер Мыңжылқы Бердіқожаев "Бұл мәселені шешу үшін жедел-жәрдем көлігі науқастың үйі мен медициналық мекеме арасында ғана емес, ауруханалар арасында да қатынауы керек" дейді.

– 2019 жылы бұрынғы денсаулық министрі Елжан Біртановтың инсульт мәселесі бойынша кеңесшісі болдым. Ол кісі қабылдау бөліміне түскен науқасты бірден ауруханаға жатқызбауды ұсынған. Жоспар бойынша, аурухананың қабылдау бөлімі науқасты тексергені үшін тәуліктік төлемақы алуы керек еді. Сонда екінші дәрежелі инсульт орталығына түскен адамға томографиялық тексеріс жасалып, ангиографпен тромбты алып тастайтын ота жасау керегі анықталса, науқасты үшінші дәрежелі орталыққа ауыстырады. Бірақ министр түрмеге отырды да, бұл ұсыныс жүзеге аспай қалды. Қазір науқас қай ауруханаға бірінші барса, сонда қалады. Әйтпесе ауруханаға науқасты қарағаны үшін ақша төленбейді, – дейді Мыңжылқы Бердіқожаев.

Дәрігер Мыңжылқы Бердіқожаев.
Дәрігер Мыңжылқы Бердіқожаев.

Дәрігердің айтуынша, дамыған инсульт жүйесі бар мемлекеттерде жедел-жәрдемде томограф болады. Сол жерде тексереді, инсульт белгілері анықталса, жедел-жәрдем көлігінің ішінде тромбты ерітетін препарат салады. Науқасты бірден үшінші дәрежелі инсульт орталығына жеткізеді.

Мәскеуде үшінші дәрежелі ондаған инсульт орталығы бар. Жедел-жәрдем көлігінің қызметкерлеріне картадан қай ауруханадағы ангиограф құрылғысы бос екені көрініп тұрады. Уақыт жоғалтпау үшін науқасты кезек күттірмейтін жерге апарады. Қазақстанда науқас екінші аурухананың жанында тұрса, ондағы ангиограф бос болмаса да, тұрғылықты мекенжайы бойынша оны сол жаққа жеткізеді.

– Ал біздің диспетчерлік жүйе қатып қалған мәнерде жұмыс істейді. Науқас міндетті түрде территориялық бөлінген ауруханаға баруы керек. Онда оған көмек көрсете ала ма, жоқ па, ешкімді мазаламайды, – дейді дәрігер.

ЖАН САҚТАУ БӨЛІМІНДЕГІ ЖАСТАР

Әбубәкір Сүлембеков – 37 жаста. 14 жылдан бері мұнай саласында істейді. 2020 жылы зауытта жүргенде көзі қарауытып, басы айналған. Жұмыстағы дәрігер келгенше, тілі күрмеліп, есінен танып қалған. Бірден инсульт диагнозымен жансақтау бөліміне түскен. Әбубәкір инсульт жастар арасында да кездесетінін сол кезде білген.

– Жансақтау бөлімінде 24-25 жастағы жігіттер көп болды. Соларды көріп, жаман болып қалдым, – дейді ол.

Әбубәкір инсультқа дейін алаңсыз жүрген. Кейде қан қысымы 130-140-қа көтерілгенде, дәрі ішкені болмаса, ауырып, дәрігер жағалаған күні болмаған.

– Инсульт туралы көп білмейтінмін, – дейді жас жігіт. Есесіне, енді инсульт туралы бәрін білемін. Денсаулықтың қадірін түсіндім. Инсульттан кейін ішімдікті тастадым. Қазір қан қысымымды қалыпта ұстайтын дәрі ішемін.

Әбубәкір "инсульт – қарттардың ауруы" деп ойлаған жалғыз адам емес. Бұрын шынымен солай саналатын. Бірақ кейінгі жылдары жастар арасында инсульт көбейгені жиі айтылып жүр.

Инсульт мәселелері жөніндегі республикалық үйлестіру орталығының директоры Ержан Әділбеков "дегенмен инсульт қарттар арасында көп кездесетінін" айтады.

– Инсульт жасарып келе жатқан жоқ. Бұл ауру көбіне 60-70 жас аралығындағы адамдарда кездеседі. Халық жасарған сайын, инсульт саны азая береді. Қазір ірі қалалардың бәрінде компьютерлік томограф бар. Диагностика мүмкіндігінің артуына байланысты жастардан инсульт жиі табылып жатыр. 90-жылдары инсульт алған жастарға менингит диагнозын қойып, инфекциялық ауруханаға жатқызатын. Ол кезде Алматыда бір ғана томограф болды.

Дәрігер Мыңжылқы Бердіқожаев жастар арасында инсульттың болуын былай түсіндіреді:

– Қазақстан халқының саны өсті, сәйкесінше қартайған халықтың үлесі артты. Қарттар көбейген сайын, инсульт та көбейеді. Жастар арасында семіздік көп, отыздан асқан жастарда қан қысымы жоғары. Медицина сапасының жақсаруына байланысты жүрек ауруларымен ауыратын науқастардың саны көбейді, бұрын жүрек ақауларынан қайтыс болатын адамдар қазір тірі қалып жатыр. Сол факторлардың бәрі инсультқа шалдығуы мүмкін адамдардың санын көбейтеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының стандарттары бойынша 44 жасқа дейінгі адамдар жас саналады. Осындай критерилердің өзгеруіне байланысты жас кісілердің арасында инсульт артып отыр.

"ҚАН ҚЫСЫМЫМЕН КЕТІП, ИНСУЛЬТПЕН ОРАЛАДЫ"

Инсульт санын азайту үшін қан қысымы, қант диабеті, шылым шегу, семіздік, физикалық белсенділіктің аздығы сияқты бақылауға болатын факторлармен жұмыс істеу керек.

Невролог Руслан Исабекұлы "дер кезінде анықталған аневризма инсульттың алдын алуға көмектеседі" дейді.

Аневризма – қан тамырының жанынан шығатын қапшық тәрізді өскін. Ол қысымнан жарылған кезде миға қан құйылады. Қан тамырындағы ақауды анықтау үшін МРТ-ға түсу керек. Аневризма анықталса, инсульт алмай тұрып ота жасатуға болады.

– Ишемиялық инсульттың алдын алу үшін мойын қан тамырларының ультрадыбыстық зерттеуін жасату керек. Ол мидың артерияларындағы тарылу белгілерін көрсетеді. Осындай диагноз қойылған науқастар отаға жолдама алып келсе, қан тамырына стенд қоямыз немесе баллонмен үрлеп, кеңейтіп, ішіне спираль саламыз. Бұл да инсультты болдырмауға көмектеседі, – дейді дәрігер.

Шымкент қалалық №2 қалалық ауруханадағы инсульт орталығының бөлім меңгерушісі Руслан Исабекұлы жақында екінші рет инсульт алған науқасты тексеріп жатыр. Шымкент, 17 қазан 2022 жыл.
Шымкент қалалық №2 қалалық ауруханадағы инсульт орталығының бөлім меңгерушісі Руслан Исабекұлы жақында екінші рет инсульт алған науқасты тексеріп жатыр. Шымкент, 17 қазан 2022 жыл.

Ержан Әділбеков аурудың себебін салауатты өмір салтының сақталмауынан көреді.

– Қауіп-қатер тобына артериялық гипертензиясы (80 пайыз), қан диабеті, артық салмағы бар, қанында холестерині жоғары (гиперлипидемия) адамдар жатады. Біздің ұлттық тағамдарда тұз бен май көп. Бізде бір күндік тұз мөлшері – 17 грамм. Тұз суды өзіне тартып алады, артық су қан қысымын көтеріп жібереді. Ең көп тұз нанда кездеседі. Еуропадағы нандар бізге дәмсіз көрінеді, себебі тұз аз. Көкөніс пен жеміс-жидекті аз жейміз. Балық жемейміз. Жесек те, қуырып, тұзды балық жейміз. Күніне он мың қадам жасау керек. Белсенділік аз болса, жүрек қан тамырлары бітеліп қалады.

Мыңжылқы Бердіқожаев Қазақстанда қан қысымы жоғары науқастардың көптігін ескеріп, оларды ауруханаға жатқызу мәселесін қайта қолға алу керек деп есептейді.

– Қазақстанда гипертониялық аурулармен ауыратын науқастар саны көп. Мәселен, Еуропада геморрагиялық инсульт 15 пайыз болса, бізде бұл көрсеткіш 20 пайыздың үстінде. Қан қысымына байланысты, бізде геморрагиялық инсульт жиірек кездеседі және ол ишемиялық инсультқа қарағанда, көбіне өлімге әкеліп соғады. Қазақстанда гипертониялық аурулардың алдын-алуға көп қаржы бөлініп жатыр. Емханалар науқастардың қан қысымын өлшейді, тегін дәрі таратады. Бірақ кейінгі жылдары қан қысымы жоғары науқастарды ауруханаға жатқызбайтын болды. Денсаулық сақтау жүйесіндегі реформалардың салдарынан, гипертониялық ауруларға арналған төсек орындары қысқарып кетті. Қазір гипертензиямен келген науқастарды қан қысымын түсіріп, үйіне қайтарады. Олардың белгілі бір пайызы 24 сағат ішінде инсультпен оралады. Қазақстан Еуропаның моделімен дамып жатыр ғой. Бірақ өзіміздің генетикалық, нәсілдік ерекшеліктеріміз барын әлі де ескермей отырмыз.

"ИНСУЛЬТТАН ЕШКІМ ТОЛЫҚ АЙЫҚПАЙДЫ"

Психолог Гаухар Сұлтанбекова "инсульт туралы ақпарат таратып, халықты бұл ауру түрімен таныстыру керек, бұл науқастардың қоғамдық орындарда өзін еркін сезінуіне мүмкіндік береді, олардың өмір сапасын арттырады" дейді.

– Инсульт алған кісілер "Көшеде адамдар теңселіп, түзу жүре алмағанымды, тілім күрмеліп тұрғанын көріп, мені мас деп ойлайды, жаман қарайды. Сыртқа шығуға ұяламын" дейді. Өздерін шектейді. Инсульт туралы көп адам білсе, науқастарды түсіну, қабылдау артар еді.

Инсульттан кейін науқастың ғана емес, оның жақындарының да өмірі өзгереді.

64 жастағы Зәуреш Таймасова кейінгі жеті жылда екі рет инсульт алған күйеуінің күтімінен босамайды. Күні-түні төсек тартып жатқан жарының ас-суын береді, сүйемелдеп, дәретханаға шығарады, дәрі-дәрмегін ішкізеді. Қазір Зәурештің күйеуі әзер сөйлеп, ақырын қозғалады.

– Үйде тек жақсы нәрселер айтуға тырысамыз. Әулетте бір қайғылы жағдай, жағымсыз хабар болса, күйеуімнің құлағына жеткізбейміз. Келіндеріме "Атасының көзінше немерелерін жылатпа" деп айтып отырамын. Жұмыстарым, баратын жерім болса, күйеуімді бала-шағамыз қарайды ғой. Бірақ бәрібір ойым сол кісіде тұрады. Бір жаққа шықсам, қазір келемін деп айтып кетемін, мені күтіп отырады. Мен де жас емеспін, денсаулығыма қарауым керек қой...

Жеті жылдан бері инсульт алған күйеуінің күтімімен айналысып жүрген Зәуреш Таймасова. Шымкент, 21 қазан 2022 жыл.
Жеті жылдан бері инсульт алған күйеуінің күтімімен айналысып жүрген Зәуреш Таймасова. Шымкент, 21 қазан 2022 жыл.

Психолог Гаухар Сұлтанбекова инсульт алған адамдардың жақындарынан бірінші кезекте, өзінің денсаулығына қарауды сұрайды.

– Оларға "Сіздің денсаулығыңыз жақсы болуы керек" деп түсіндіремін. "Ұйқыңыз тыныш па? Қан қысымыңыз қалай?" деп сұраймын. Көп кісілер өздерін тастап жібереді. Солай біраз уақыттан кейін өздері инсульт алып қалуы мүмкін. Өзі ауырса, науқас адамға қалай қарайды? Кейде өздігінен жүріп-тұра алмайтын науқас оңалту орталығына жақын туысымен бірге келеді. Науқастың өзі қарсыласып, алып қалмаса, әдетте ондай туыстарын үйіне қайтарып жібереміз. Өйткені сау адамға да демалу керек. Осы он күн ішінде тынығып, денсаулығын қалпына келтіріп алсын дейміз.

Мыңжылқы Бердіқожаевтың сөзінше, инсульт жүйесі жақсы жұмыс істесе, науқастардың үштен бірі толықтай бұрынғы өміріне оралып, үштен бірі аз мөлшерде мүгедектік (екінші, үшінші топ) алып, үштен бірі бірінші топ мүгедегі болады.

Modified rankin scale (неврологиялық мүгедектік деңгейін бағалауға арналған шкала – Ред.) бойынша, инсульт алған адамдардың елу пайыздан астамы жұмысына оралуы керек. Бізде инсульт алып, тірі қалғандардың отыз пайызы ғана бұрынғы қызметін жалғастырады.

Невролог дәрігер Руслан Исабекұлының айтуынга, инсульт бәрібір ізін қалдырады.

– Аяқ-қолының қозғалысы қалпына келсе де, сезімталдығы төмендеуі мүмкін. Кейде науқастар инсульт кезінде жансызданып қалған қолым ағаш сияқты дейді. Инсульт мидың бір бөлігін зақымдайды, ондағы нейрондар өліп қалады. Өлген нейрондар қайта қалпына келмейді. Өкініштісі, инсульттан ешкім жүз пайыз айығып кетпейді.

Инсульт

Инсульт белгілері:

Инсульттың негізгі белгілеріне сөйлеудің бұзылуы, ауыздың қисаюы, дененің бір жақ бөлігіндегі аяқ-қолдың әлсіреуі, сезімталдығын жоғалтуы немесе салдануы жатады. Одан бөлек, инсульт кезінде науқаста бастың ауыруы немесе айналуы, көздің қарауытуы, жүрегі айну, аз уақытқа болса да, есінен тану, уақыт пен кеңістікті ажырата алмау сияқты белгілер де болуы мүмкін. Бірақ бұларды басқа ауру белгілерімен шатастырып алу оңай болғандықтан, әдетте жоғарыда аталған үш белгіге назар аударады.

Инсульт кезіндегі алғашқы көмек

Науқастан күлуді, сөйлеуді, тілін шығаруды немесе қолын көтеруді сұраңыз. Инсульт алған адам күлгенде бір жақ езуі қисайып кетеді, тілін түзу шығара алмайды, қолын көтергенде бір қолы әлсіздеу болады немесе құлап кетеді, қарапайым сөздерді дұрыс айта алмайды.

Жаныңыздағы адамда инсульт белгілері байқалса, бірден жедел-жәрдемге хабарласыңыз. Науқастың басын көтеріп жатқызып, терезені ашып, бөлмеге таза ауа кіргізіңіз. Денесін қысып тұрған киім болса, түймелерін ағытып, еркін тыныстауына мүмкіндік беріңіз. Дәрігерлер келгенше, науқасқа әртүрлі сұрақ қойып, сөйлесіп отырыңыз, жалғыз қалдырмаңыз. Инсульт алған адамның талмасы ұстап қалса, аузына қасық салуға, қан қысымын төмендету үшін саусағын инемен тесуге болмайды. Талмасы бар адамдар тілін жұтып қоймауы үшін науқастың басын бір жаққа қарай бұрып жатқызу керек.

Инсульт кезінде науқасты ауруханаға мейлінше тез (дұрысы, 4,5 сағатқа дейін) жеткізу өте маңызды!

Инсульт орталықтары тәулік бойы (24/7) жұмыс істейді. Жедел-жәрдем қызметкерлері қандай да бір себеппен инсульт белгілерін ажырата алмай, қан қысымын түсіріп, үйде қалдырып кетсе, науқасты ауруханаға өзіңіз жеткізіңіз. Ауруханалар инсульт белгісі бар науқастарды бірден қабылдауға міндетті. Инсульт алған адамдарға МӘМС (мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтандыру) жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан, бірдей тегін көмек көрсетіледі.

  • 16x9 Image

    Динара ТІЛЕУБЕК

    Динара Тілеубек Азаттыққа 2019 жылдан бері жазады. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін тәмамдаған. Бұрын республикалық басылымдар мен телеарналарда жұмыс істеген. Автормен оның Facebook парақшасында пікірлесуге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG