Accessibility links

Тоқаевтың "астыртын бизнесі" және "Мәскеудің Қазақстанды соғысқа араластыру ықтималдығы"


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Батыс басылымдары бұл аптада президент Тоқаевтың «мұнай және сирек металл саласындағы активтерге иелік еткенін» жазды. Сонымен қатар Ресейде ішінара мобилизация жариялаған Путин ендігі кезекте Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан көмек сұрап, Қазақстанды соғысқа тартуы мүмкін бе деген сұраққа жауап іздеді. Бұдан бөлек басылымдар Қазақстан Мәскеудің Украинадағы соғыстан босамай жүргенін пайдаланып, басқа елдермен қарым-қатынасты күшейтіп жатқанын талдады.

ТОҚАЕВТЫҢ "АСТЫРТЫН БИЗНЕСІ"

Швейцарияда журналистік зерттеу жүргізетін Public Eye ұйымы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2010 жылдар шамасында мұнай және сирек металл саласындағы активтерге ұлы Тимур Тоқаев арқылы иелік еткенін жазды.

Public Eye Тоқаев пен ұлының 2006-2014 жылдар аралығында орыс және ағылшын тілдерінде жазысқан мыңдаған электронды хатын қолға түсірген. Ол хаттарды біреулер 2014 жылы хакерлікпен алған. Басылымның жазуынша, дәл осы хаттар Тоқаевтар отбасының құпия бизнесі мен Тоқаевтар иелік ететін офшор компаниясының Швейцариядағы банкке аударған ақшасын әшкере етуге жол ашқан. Public Eye қолға түсірген электронды хаттардың рас-өтірігін тексеру үшін Швейцариядағы беделді компьютерлік сараптама компаниясының көмегіне жүгінген. «Компания бірнеше файлды талдап, «электронды пошта манипуляциясын көрсететіндей күмәнді дүние таппағанын» мәлімдеді».

Азаттық радиосы басылым келтіретін деректердің шынайылығын растай алған жоқ.

2013 жылы елдегі басылымдар 2002 жылы Тоқаевтың жалғыз ұлы, сол кезде жасы 18-дегі Тимур Тоқаевтың Abi Petroleum Capital компаниясының 50 пайыз акциясын сатып алғанын жазған. Ол уақытта оның әкесі премьер-мннистр қызметінен кетудің аз-ақ алдында тұрған. Осы кезде бұл шағын компания алдымен кен барлауға, артынша Атырау облысындағы Новобогат ауылына жақын жердегі Градовое мұнай кен орнын пайдалануға лицензия алды. Abi Petroleum Capital компаниясының екінші иесі Тоқаевтың қарындасының ұлы Мұхаммед Ізбастин еді.

Public Eye-дің жазуынша, компанияның қағаз жүзіндегі акционерлері Тоқаевтың ұлы мен Ізбастин болғанымен, электронды хаттарға қарағанда, Қасым-Жомарт Тоқаев «компания бенефициарларының бірі болған». Басылым бұған дәлел ретінде Тоқаевтың 2012 жылдың 30 желтоқсанында БҰҰ-ның Женевадағы өкілдігінің бас директоры қызметін атқарғанда Ізбастинге жазды делінетін хатын келтіреді.

Public Eye Тоқаев өзінің немере інісіне жазды деп көрсеткен хатта мұнай нарығындағы ахуал нашарлап жатқандықтан, активтерді сату мәселесі қозғалған. «Бұл бізге болашағы бар салаға жол ашар еді» делінген басылым келтірген хат үзіндісінде.

Басылым сүйенген тағы бір хатқа қарағанда, бірнеше апта өткен соң дипломат Тоқаев өзіне жедел ақша керегін, сол үшін компаниядағы үлесін сатқысы келетінін жазған. Тіпті «Назарбаев кланындағы ықпалды адам» оны сатуға көмектесе алатынын айтқан.

«Бұған дейін айтқанымдай, Abi-ден кеткім келеді. Оның құны 10 [миллион доллар] және мерзімі кешіктірілген төлем үшін тағы 2 [миллион доллар]». Немере інісі оған жазды делінген жауапта 10 миллион тым көп екені, бірақ ықтимал сатып алушы бұған қызығушылық білдіруі мүмкін екені айтылған.

«Қолға түсірген құжаттар Тоқаев өзі үміттенген миллиондарға қол жеткізген-жеткізбегенін көрсетпейді» дейді басылым.

Public Eye-дың жазуынша, Тоқаев пен Назарбаев отбасылары арасында жақын қарым-қатынас барын дәлелдейтін электрондық хаттардың бірі 2016 жылы кейін жабылып қалған «Республика» басылымында, енді бірі Kazakhstan 2.0 сайтында жарияланған: «Ол кезде аталған адамдар [бұл жарияланымдарға] ашық жауап бермеді, емейлдердің түпнұсқалығын жоққа шығарған да жоқ».

Сонымен қатар басылым Тоқаевтың ұлы 2012 жылдың күзінде Цюрихтегі Julius Bär банкінде есепшот ашқанын, оның иесі «Тимур Тоқаевқа тиесілі» Edelweiss Resources LLP офшор компаниясы болғанын жазады. Басылым қолға түсірген құжаттарға сүйеніп, Abi Petroleum Балтық теңізі жағалауындағы Ресейдің Приморск портында мұнайды түсіргеніне қызмет көрсеткені үшін Edelweiss компаниясына ақша төлеп отырғанын келтіреді.

«2013 жылдың 24 ақпанында ұлына жолдаған хатта болашақ президент Abi Petrolum-нің 2012 жылы Edelweiss-ке аударған және немере інісі арқылы алған басқа да ақшаны сөз етеді. Жалпы төлем сомасы 4 миллион доллардан асады».

Public Eye әкелі-балалы Тоқаевтар отбасы Қазақстан вольфрам-молибден компаниясының бенефициарлары болды дейді. Бұл компания 2007 жылы тіркелген. Оның құрамына Қараоба және Солтүстік Қатпар вольфрам-молибден кен орындарын барлайтын екі компания мен Степногорскідегі гидрометталургия зауыты кірген. Басылым келтірген хаттарға қарағанда, Тоқаевтар 2009 жылы компаниядағы үлесін сатпақ болып, сатып алушы іздеген. Бірақ екі жыл өтсе де, сатып алушы табылмаған. Сол тұстағы президент Назарбаев Тоқаевтар үлесті қытайларға сатып жібереді деп қауіптеніп, «Самұрық-Қазына» қорын жалғыз сатып алушы деп белгілеген. 2015 жылы «Самұрық-Қазынаның» еншілес ұйымы «Тау-Кен-Самұрық» АҚ «Солтүстік Қатпар» компаниясын 7,7 миллиард теңгеге сатып алған.

«Бұл ақшаның қайда кеткені жұмбақ. Тоқаевқа бағытталған ұзын-сонар сұрақтарымызға жауап жоқ» дейді басылым.

МӘСКЕУ ҚАЗАҚСТАНДЫ СОҒЫСҚА АРАЛАСТЫРУЫ МҮМКІН БЕ?

Ресей президенті Владимир Путиннің елде ішінара әскери мобилизация жариялауы алдағы уақытта соғыс шиеленісе түсетінін көрсетеді. Саясаттанушы Ақас Тәжуітов Eurasia review басылымындағы мақалада Мәскеу мұндай жағдайда Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан көмек сұрап, Қазақстанды соғысқа тартуы мүмкін бе дегенге үңіледі.

«Ресейде Украинадағы қақтығыста қандай да бір нәтижені талап етіп жатқан саяси және қоғамдық қысым күшейіп жатыр. Кремль сонымен бетпе-бет келді. Ресейліктер өз елін одақтастардың қолдамағанына қапалы. Әсіресе бұл ретте Қазақстан ерекше назарға ілінді» дейді Тәжуітов.

Автордың ойынша, мұндай жағдайда әрі Украинадағы әскери іс-қимылдың қаңтарылып қалғанын ескерсек, Мәскеуде «Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымындағы одақтастарды» шақыру туралы сөз қозғалуы мүмкін. Ал мұндай жағдайда Қазақстан Ресейдің Украина мен Путиннің өзі айтқандай, «ұжымдық Батыстың әскери машинасына» қарсы ашқан соғысына кіріп кету қаупі қандай?

Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанға ҰҚШҰ әскері кіргізілген шақта Бішкекте өткен наразылық акциясы. Қатысушылар ҰҚШҰ әскерін Қазақстаннан алып кетуді талап етті. 7 қаңтар 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанға ҰҚШҰ әскері кіргізілген шақта Бішкекте өткен наразылық акциясы. Қатысушылар ҰҚШҰ әскерін Қазақстаннан алып кетуді талап етті. 7 қаңтар 2022 жыл.

Ішінара әскери мобилизация туралы мәлімдемесінде Путин Украина Ресейдің оңтүстік-шығысындағы Белгород пен Курск облыстарына шабуыл жасағанын айтты. Ал Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының жарғысына сәйкес, мүше елге шабуыл жасалса, ҰҚШҰ-дағы басқа елдер мұны бүкіл ұйымға жасалған шабуыл деп бағалайды. Шабуылға ұшыраған мемлекет өтініш білдірген жағдайда, ұйымға мүше елдер оған көмектесуге тиіс. «Мұндай жағдайда ҰҚШҰ-ға мүше Қазақстан Ресей-Украина соғысына тартылуы мүмкін деген қауіп бар», дейді Тәжуітов.

"РЕСЕЙ ҚЫСПАҒЫНАН ШЫҒЫП ЖАТҚАН ҚАЗАҚСТАН"

АҚШ-та шығатын Diplomat басылымы президент Тоқаевтың БҰҰ Бас ассамблеясында сөйлеген сөзі Қазақстанның Ресейден алшақтап жатқанын тағы бір аңғартты деп жазады.

Мақала авторы Вашингтондағы Second floor strategies консалтинг компаниясының президенті Уайлдер Алехандро Санчес Тоқаевтың БҰҰ Бас ассамблеясындағы сөзі мен Путиннің мобилизация жайлы мәлімдемесі екі елдің ғаламдық геосаясат пен Украинадағы соғыс туралы көзқарасы әртүрлі, мүлде үлеспейтінін көрсетті дейді.

Тоқаев БҰҰ-дағы сөзінде әлем жаңа конфликтілердің құрбанына айнала бастағанын айтты, бірақ бұл ретте Украинаны ашық атамады. Ол сонымен қатар «ядролық қаруды қолдану ықтималдығымен бетпе-бет келгенімізді», «ядролық державалардың бәсекелестігі мен риторикасы алаңдататынын» жеткізді. Бұл жолы да Тоқаев Ресейді нақты атамады. Сондай-ақ ол Қазақстан Украинаның шығысындағы сепаратистік аймақтарды мойындамайтынын, қазақстандықтардың Ресей жағында соғысуына қарсы екенін айтты.

Келесі күні Путин ішінара әскери мобилизация жариялаған сөзінде Батысты айыптап, Ресей өзінің аумақтық тұтастығын қорғау үшін ядролық қару қолдануға дайын екенін мәлімдеді.

Мақала авторының ойынша, Тоқаевтың БҰҰ-да Украинаға қатысты Ресей билігін сынауы назар аударарлық. «Қазақстан өзінің кеңестік тарихын жоя алмаса да, оны Ресейге жақын ел деп қарастыра беру дұрыс емес».

Мәскеу Украинаға басып кірген соң Қазақстан-Ресей қарым-қатынасы қалай өзгерді деген сұраққа Халықаралық бейбітшілік үшін Карнеги қорының ғылыми қызметкері Темур Умаров та Foreign Policy басылымындағы мақалада жауап іздеген. Зерттеушінің пайымдауынща, Қазақстан Мәскеудің қаһарына ұшырамай, өзі қаламаған Ресеймен одақтастықты біртіндеп үзуге тырысып жатыр.

Умаровтың талдауынша, Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері сыртқы саясатта Ресей үстемдігін төмендетіп, басқа елдермен қарым-қатынасты күшейтуге ұмтылған.

Алайда «Ресей Қазақстанмен қарым-қатынаста статус-квоны сақтап қалғысы келеді». Себебі Ресейдің оқшауда қалуы Қазақстанды бұрынғыдан бетер қажет серіктес ете түседі. Мәскеуге санкцияларды айналып өтіп, кейбір ресейлік компанияларға жол ашып, санкция салынған тауарларға параллель экспорт үшін астана қажет.

«Ресей әлсіреп, бар күші мен ресурсын Украинадағы соғыс пен Путин режимін тұрақтандыруға жұмсап жатқан тұста Қазақстан бұл мүмкіндікті өзге елдермен қарым-қатынасын күшейту үшін пайдаланып жатыр». Тоқаевтың Түркия мен Әзірбайжанға сапары осыны көрсетеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG