Accessibility links

Шри-Ланка президенті, әйелі, ағасы елден қашты. Бұл елде не болып жатыр?


Шри-Ланкада наразылыққа шыққан жұрт. 9 шілде 2022 жыл.
Шри-Ланкада наразылыққа шыққан жұрт. 9 шілде 2022 жыл.

Шри-Ланка президенті Готабая Раджапакса елдегі жаппай наразылықтан соң елден қашуға мәжбүр болды. Азия құрлығындағы шағын арал елде не болып жатыр? Ел неге наразылыққа шықты? Түсіндіреміз.

ПРЕЗИДЕНТТІҢ ЕЛДЕН ҚАШУЫ

Шри-Ланка президенті Готабая Раджапакса елде экономикалық дағдарыс жайлап, жаппай наразылық ушыққан тұста 13 шілде таңертең әйелімен бірге елден қашып кетті. Бұған дейін наразылар оның отставкасын талап еткен еді.

Ақпаратқа қарағанда, ол әскери ұшақпен Мальдив аралдарына кеткен. Бірнеше күн бұрын наразылар ел астанасы Коломбо қаласындағы президент резиденциясын басып алған. Бұған дейін Раджапаксаның қайда екені белгісіз болып келген еді.

ВВС сайтының жазуынша, президенттің ағасы, бұрынғы қаржы министрі Базил Раджапакса да елден қашқан.

Шри-Ланка президенті Готабая Раджапакса.
Шри-Ланка президенті Готабая Раджапакса.

Президент елден кеткен соң премьер-министр Ранила Викрамасингхе президенттікті қолына алғанын мәлімдеді. Ел заңына сай, президент отставкаға кеткен жағдайда премьер елді уақытша басқарады. Агенттіктердің жазуынша, ел парламенті жаңа президентті 20 шілдеде сайламақ.

Бірақ наразылар бұған дейін премьер Ранила Викрамасингхенің де биліктен кетуін талап еткен еді. Мәселен, сенбіде 9 шілдеде наразылар премьер-министрдің жеке үйін өртеп жіберген.

НАРАЗЫЛЫҚҚА НЕ ТҮРТКІ БОЛДЫ?

22 млн халқы бар Шри-Ланкада кейінгі жылдары экономикалық дағдарыс болып, жұрт наурыздан бері оқтын-оқтын наразылық танытып жүрген еді. Бірақ 9 шілдеде халық ел астанасы Коломбода мыңдаған адам жаппай көшеге шығып, президент, премьердің қызметтен кетуін талап етті.

Наразылар полициялардың қоршауын бұзып, президент резиденциясына басып кірді. Интернетте тараған видеоларда президент резиденциясында көптеген адам кіргені, кейбірі бассейнге түсіп жүргені көрінеді.

Наразылар президент резиденциясындағы бассейнде жүр. 10 шілде 2022 жыл.
Наразылар президент резиденциясындағы бассейнде жүр. 10 шілде 2022 жыл.

Президент Раджапакса резиденциясынан 8 шілдеде кетіп қалғаны айтылған еді. Наразылықтан соң президент биліктен кететінін жариялады. ВВС сайтының жазуынша, полицейлер 9 шілдеде наразыларды көзден жас ағызатын газ бен су шашып таратпақ болған. Наразылық кезінде кемі 30 адам ауруханаға түскені, олардың арасында полицейлер де бары да айтылды. Қазір елде наразылық әлі жалғасып жатыр.

Елде жанармай, азық-түлік, дәрі-дәрмек жетпейді. ВВС сайтының жазуынша, Шри-Ланканың сыртқы қарызы 50 млрд доллардан асып кеткен. Маусымда елдегі инфляция елу пайыздан асқан.

Наразылар президент резиденциясында. Коломбо, 13 шілде 2022 жыл.
Наразылар президент резиденциясында. Коломбо, 13 шілде 2022 жыл.

Шілденің басында билік жанармайды тек маңызды көліктерге – автобус, пойыз, жедел жәрдем, өрт сөндіру көліктеріне ғана беру туралы шешім шығарған. БҰҰ Шри-Ланкада гуманитарлық дағдарыс болып жатқанын, елде мектептер жабылғанын, қатерлі ісік, басқа да дерттерді емдеу тоқтағанын мәлімдеді. Бұдан бөлек, елде отбасылар күніне бір уақыт тамақ ішуге әрең қолы жетіп отыр.

Елде дағдарыс қиындаған тұсте Шри-Ланка билігі Ресей президенті Владимир Путинге қайырылып, қарызға бензин сұраған. Мамырдың соңында Шри-Ланка Мәскеуден 90 тонна мұнайды қарызға алған еді.

Reuters, BBC ақпараттары негізінде жазылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG