Accessibility links

Қарақалпақстандағы наразылық: Мирзияев Нөкісте адам шығыны болғанын мойындады, бірақ санын айтпады


Қарақалпақстанда жаппай наразылық басталғаннан кейін екі күн өткен соң Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев адам өлімі болғанын мойындады, бірақ нақты санын айтпады. Әлеуметтік желілерде қанға бөккен, жараланғандар жайлы видео көп. Жергілікті тұрғындардың болжамынша, ондаған адам қаза болуы мүмкін. Жексенбі күні республикада наразылыққа қатысқандарды жаппай қудалау басталғаны хабарланды. Халықаралық құқық қорғау ұйым өкілдері жағдайға алаңдады.

3 шілдеде Қарақалпақстан астанасы Нөкіске қайта ұшып барған Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Нөкістегі наразылық кезінде бейбіт азаматтар мен құқық қорғау органдары арасында адам өлімі болғанын мойындады. Бірақ нақты санын айтпады.

Жексенбі күні қарақалпақ парламентінде сөйлеген Шавкат Мирзияев "белгілі бір топты" кінәлай сөйлеп, халықаралық қауымдастықтың назарын аудартқан наразылықтың себебіне тоқталмады. Оның айтуынша, "белгілі бір топ ойдан құрастырылған ұрандар көтеріп, билік орган ғимараттарын басып алуға тырысқан". "Жекелеген тұлғалар" құқық қорғау органдарына "шабуыл жасап, оларды аямай ұрып-соққан".

Өзбекстан билігі наразылық басталғаннан бері екі күн өткен соң адам шығыны болғанын мойындап отыр. Бұған дейін әлеуметтік желілерде жараланғандар, қаза болғандар жайлы видеолар көп тараған. Кейбір тұрғындардың айтуынша, ондаған адам қаза болуы мүмкін. Белсенділер қаза болғандардың тізімін жасай бастаған.

"МЫНА ЖАҚТА АДАМ ӨЛІП ЖАТЫР!"

"Бәсе" телеграм-арнасында жарияланған видеолардың бірінде көшеде бір адамның өліп жатқаны көрінеді. Бір ер бала оған көмектескісі келіп, жақындайды. Алайда ар жақтан тағы оқ атылып, жаңағы бала оқтан қорғанып қашады. "Мына жақта адам өліп жатыр!!!" дейді ашуланған адамдар.

Аты-жөнін атамаған Өзбекстан азаматы Азаттыққа оқиға болған жерді танығанын, видео Нөкістегі Қарақалпақстан көшесінде түсірілгенін айтты.

"Қарақалпақстан көшесі Жоғарғы кеңестің (парламент – ред.) алдына апаратын орталық көше. Ар жағында Жоғарғы кеңестің ғимараты көрініп тұр. Түтін құтылар ма, патрон ба, қасына келіп жарылған кезде көп адамды жарақаттап жіберген. Кейбірі аяғынан айырылған, кейбірінің ішек-қарны шашылып кеткен" деді ол.

Ол Қарақалпақстандағы наразылық туралы "Бәсе" телеграм-арнасында жарияланған видеолардың басым бөлігі шындыққа келетінін айтты.

Қазақстанның Маңғыстау облысы Бейнеу ауданында жұмыс істеп жүрген Қарақалпақстан тұрғыны Азаттыққа наразылықтың бірінші күні інісінің резеңке оқпен аяғынан жараланғанын айтып, үйіне жеткізілгенін айтты. Алайда интернетте келесі күні жарияланған видеолардан одан да қатты жараланғандар барын көруге болады. Алайда ол видеоларды тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру мүмкін болмады.

Әлеуметтік желілерде тараған бір видеода бірнеше адамның аяғынан жараланған адамға көмектесіп, орамалмен қанын тоқтатуға тырысып жатқаны көрінеді. Видео сипаттамасына қарағанда оның аяғына оқ тиген. Видеоның нақты қай күні түсірілгені белгісіз.

Интернетте "жаппай қудалаулар" жайлы видеолар да тарады. Ақпаратқа қарағанда, азаматтарды үйден ұстап әкету, қамау шаралары 3 шілдеде таңертең басталған. Мысалы, көп қабатты тұрғын үйлердің бірінің терезесінен түсірілген төмендегі видеода қолында резеңде таяқ пен қалқаны бар арнайы жасақтың ер адамдарды ұстап бара жатқаны айқын көрінеді. Күштік құрылым өкілдері кейбіріне автомат кезеп, кейбірін резеңке таяқпен ұрады.

Өзбекстан билігі қаза болғандар санымен қатар жараланғандар мен ұсталғандар туралы да ақпарат айтпай отыр.

Халықаралық құқық қорғаушылар жағдайға алаңдап, Ташкентті оқиғаны зерттеуге үндеді. HRW ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Хью Уильямсон Туиттер желісінде полицияның наразылықты басып-жаншуын сынады.

"1 шілде күні Нөкістегі наразылық кезінде қауіпсіздік органдарының артық күш қолданғаны жайлы әзірге расталмаған мәлімет бар. Оқиғаларды билік зерттеуі тиіс. Полиция наразылықты реттеу үшін артық күш қолданбауы тиіс" деп жазды ол.

Осы апта соңында Қарақалпақстан астанасы мен аймақтың өзге қалаларында жаппай наразылық тұтанып, тұрғындар Қарақалпақстанды "егемен" (суверенитет) статусынан және Өзбекстан құрамынан шығу құқығынан айыруға қарсы шықты. Наразылық дөрекі күшпен басылды. Аймаққа келген президент Шавкат Мирзияев Қарақалпақстанның егемен мәртебесі туралы Конституция баптарына тиіспейтінін мәлімдеді. Артынша республикада 2 тамызға дейін төтенше жағдай жариялады.

Қарақалпақстанға жексенбі күні ұшып барған журналист Джоанна Лиллистің хабарлауынша, қазір Нөкісте жағдай тыныш болғанмен шиеленісіп тұр. 3 шілдеде наразылық болмаған, бірақ аумақта күштік құрылым өкілдері өте көп. Үкімет пен парламент ғимараттарын қауіпсіздік күштері мен әскери техника қоршаған.

3 шілдеде Қазақстан СІМ Қарақалпақстандағы жағдайға байланысты мәлімдеме таратып, Нұр-Сұлтанның көрші елдегі жағдайға алаңдап отырғанын мәлімдеді.

"Өзбекстан билігінің Қарақалпақстан республикасындағы жағдайды тұрақтандыру бойынша шешімдерін қолдаймыз әрі жылы қабылдаймыз. Бауырлас Өзбекстанда маңызды саяси оқиға – Конституцияға түзетулер бойынша референдум қарсаңында бейбітшілік пен тыныштық орнайтынына сенімдіміз" деп жазылған СІМ мәлімдемесінде.

  • Осы аптада Қарақалпақстанда наразылық тұтанған шақта Өзбекстан Қазақстанның Маңғыстау облысымен шектесетін өткізу бекетін жапты. Ресми түрде бұл қадам "ақпараттық жүйенің істен шығуымен" байланыстырылды. Қазақстан ҰҚК Қарақалпақстан – Бейнеу (Маңғыстау станциясы) бағыты бойынша темір жол қатынасын тоқтату да жоспарланып отырғанын мәлімдеді.
  • Қарақалпақстан Қазақстанның Маңғыстау, Ақтөбе және Қызылорда облыстарымен шектеседі. Өзбекстан аумағының 40 пайызын алып жатқан республикада екі миллионға жуық адам тұрады, олардың арасында қарақалпақтар, өзбектер және қазақтар бар. Қарақалпақ тілі түркі тілдердің ішінде қыпшақ тобына жатады, қазақ тілімен қатты ұқсас.
  • Қарақалпақстан республикасы 1925 жылы құрылып, 1930 жылға дейін Қазақ CCР құрамында болады. 1936 жылы Өзбек ССР құрамына қосылған.
  • 1990 жылы 14 желтоқсанда Өзбек ССР құрамындағы Қарақалпақ автономды республикасының парламенті толық тәуелсіздік алу жөнінде декларация қабылдаған. Алайда 1993 жылы Өзбекстан мен Қарақалпақстан келісімге қол қойып, Қарақалпақстан 20 жыл Өзбекстан құрамында болады деп келіскен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG