Accessibility links

"Олар бала ғой…"  Украинадағы соғыста ресейлік 18 жастағы солдаттар қаза болған


Украинадағы соғыста қаза болған 18 жастағы Андрей Огибалов.
Украинадағы соғыста қаза болған 18 жастағы Андрей Огибалов.

Ресей билігі Украинаға басып кіргенде қақтығысқа әскери борышын өтеп жүрген қатардағы әскерилерді жібермейміз деген еді. Бірақ наурызда елдің қорғаныс министрлігі Украинаға қатардағы солдаттар да барғанын мойындаған. Кейін Кремль Украинаға кеткен қатардағы солдаттарды елге қайтаруға уәде берген еді. Азаттықтың Сибирь.Реалии жобасы Ресей әскеріне шақыртылған соң келісім-шартқа қойып, соғысқа аттанған 18 жастағы сарбаздар да барын анықтады. Олардың кейбірі қаза тапқан.

11 сәуірде Түменде 18 жастағы десантник Андрей Огибалов жерленді. Ол Киев түбіндегі шайқаста жараланып, 4 сәуірде госпитальда қайтыс болған. Оның шешесі Любовь Таланова былтыр маусымда 18 жасқа толғанын, шілдеде әскерге шақыртылғанын айтады.

– Ол маған ақпанда Беларуське жаттығу жиынына аттанғанын айтқан еді. Жаттығу жиынынан соң Украинамен шекараға жеткенін естідім. Кейін хабарласқанда "қақтығыста жүрсің бе?" деп сұрадым. Ол күліп бәрі жақсы болады деген еді. Яғни, жауап бермеген. Уайымдамасын деген шығар. Бірақ мен олардың шекарада емес, басқа жерде екенін түсіндім, - дейді Таланова.

Огибалов былтыр шілдеде әскер қатарына алынып, қыркүйекте екі жылдық келісім-шартқа қол қойған. Ресейде заң бойынша, әскерге алынған қатардағы сарбаз ант қабылдаған соң екі жылдық келісім-шартқа қол қоя алады. Қол қойған сәтте оның бір жылдық әскери борышы екі жылға артады.

Украинада қираған ресейлік танк. 5 сәуір 2022 жыл.
Украинада қираған ресейлік танк. 5 сәуір 2022 жыл.

Андрей Огибаловтан бөлек 15 наурызда Кяхта қаласында 18 жастағы Давид Аратюнянды жерледі. Псков гвардия десанттық дивизиясында болған ол 1 наурызда Украинадағы қақтығыста қаза болған.

Соғыстың алғашқы күндері Амур облысының Белогорск қаласында туған 18 жастағы Егор Мельников қаза тапқан. Оның әкесі "Бұл менің ұлым. Егор Эдуардович! Мақтан тұтам! Әскери борышын өтеп жүріп қаза болды" деп жазды.

16 сәуірде Красноярск аймағының Шапкино ауылында 18 жастағы Роман Акимов жерленді. Ол да әскер қатарына алына сала келісім-шартқа қол қойған. Наурыздың соңында Забайкал облысы Этытэй ауылында туған моряк Владимир Беломестнов қаза тапқан соң ерлігі үшін орденімен марапатталған.

– Ата-анасы енді оны таба алмас. Ол туған Этытэй ауылында ештеңе жоқ. Жап-жас жігіт еді, обал. Өмірі жақсы болса әскерге бармас еді. Себебі ауылында жұмыс та, болашақ та жоқ. Ал келісім-шартпен әскерге алынса, жалақысы жақсы деп ойлады. Бұлай боларын ешкім білмеді ғой, - дейді туыстарының бірі.

Ресейде әскерде келісім-шартпен қызмет еткендерге төленетін айлық атағына және туған аймағына қарай төленеді. Мәселен, сәуірде Тюмен облысы әскери комиссары Алексей Куличков облыста келісім-шартпен қызмет ететін әскерилерге 200 мың рубль (шамамен 1 млн 115 мың теңге) төленетінін айтқан еді. Енді қаза тапқан жастардың отбасына 7,4 млн рубль (42,4 млн теңге) өтемақы және 5 млн рубль (28,6 млн теңге) көмек төленеді. Андргей Огибаловтың анасы Любовь Таланова қазір осы көмектерді алу үшін құжат дайындап жатқанын айтады.

– Андрей сияқты жастарға ондай жеруге бару тым ерте. Ол әскери борышын өтеп те үлгермеді ғой. Өте ерте кетті. Далада жаттығуда атқан шығар, әскери жаттығудан дұрыс өтпеген ғой. Қазір [Украинаға] кеткендер арасында жастар көп. Жаттығуда нысананы көздеу бөлек, адамдарды көздеу бөлек қой. Қақтығыстан оралғандардың психикасы бұзылып келеді деп ойлаймын. Бастысы, оралса екен. Қалай ол жаққа балаларды жіберуге болады... Украинаға тәжірибесі барларды жібереді деді емес пе еді? Менің ұлым әскерде бір жыл да болмады ғой. Мен бұған қарсымын. Олар балалар ғой, - дейді Любовь Таланова.

38 жастағы Таланованың әлеуметтік желідегі аватарында Ресейдің соғыстағы белгісі Z белгісі тұр. Ол ұлының соғыста қаза болғанына қарамастан кремльшіл телеарналардағы әрбір ақпаратқа сенетінін айтады.

Сибирь. Реалий жобасының мақаласы ықшамдалып аударылды

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG