Accessibility links

Назарбаевтың қызы мен күйеу баласының дәулеті артқан


Қазақстандық байлар Тимур Құлыбаев, Динара Құлыбаева және Владимир Ким
Қазақстандық байлар Тимур Құлыбаев, Динара Құлыбаева және Владимир Ким

Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Динара Құлыбаева мен оның күйеуі Тимур Құлыбаевтың жиынтық табысы бір жылда екі миллиард долларға немесе 35 пайызға өсіп, Forbes нұсқасы бойынша ең бай адамдар тізімінде жоғары көтерілді. Америкалық басылым рейтингіне Қазақстанда бизнесі бар тағы бес миллиардер қосылған.

ҚҰЛЫБАЕВТАР ОТБАСЫ

Forbes журналы Құлыбаевтар отбасының капиталын 7,6 миллиард доллар деп бағалайды. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда екі миллиардқа көп. Назарбаевтың ортаншы қызы мен оның күйеуі Forbes журналына енген 2668 адамның ішінде 778-орында тұр.

54 жастағы Динара мен 55 жастағы Тимур Құлыбаев – елдегі ең ірі коммерциялық қаржы ұйымы – Халық банкіне иелік ететін «Алмэкс» компаниясының түпкі бенефициарлары. Олар сондай-ақ Қазақстанның бірнеше қаласындағы сауда және ойын-сауық орталықтарына иелік ететін компанияларды басқарады.

Былтыр Құлыбаев Алматының әуежайын түрік холдингіне сату бойынша келісімшартқа қол қойған. Ақпарат құралдарында жарияланған деректерге сенсек, келісімшарт құны 365 миллион доллар болған. Негізі әуежай 415 миллион долларға бағаланған, бірақ пандемияның салдарынан іскерлік белсенділіктің төмендеуіне байланысты бастапқыда аталған бағадан арзанға сатылған. Бірақ тараптар арасындағы келісімге сәйкес, әуежайдағы жолаушылар саны пандемияға дейінгі көрсеткішке жетсе, түрік консорциумы Құлыбаевтарға алдағы жылдары тағы 50 миллион доллар төлеуі тиіс.

Қаңтар оқиғаларынан кейін (жыл басында Қазақстанның бірнеше қаласында үкіметке қарсы жаппай наразылық соңы тәртіпсіздікке ұласып, 238 адам қаза тапқан) Халық банкі акциясының құны төмендеп, Құлыбаевтар «кедейлене» түскен. Forbes журналының бағалауынша, қаңтардың басында олардың дәулеті 6,2 миллиард доллар болған. Бірақ көп ұзамай ықпалды отбасы шығынның орнын толтырып, дәулетін қалпына келтірген.

Бақылаушылардың көбі Назарбаевтың жақтастары мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың арасындағы билікке талас деп бағалаған қаңтар оқиғаларынан кейін бұрынғы президенттің ықпалы әлсіреді. Назарбаевтың туыстары мен серіктестері жоғары лауазымдарынан айырылып, ықпалды отбасының бірнеше мүшесі ірі көлемде ақша жымқыру және рейдерлік жасау күдігімен қамауға алынды. Құлыбаев қаңтарда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы қызметінен кетті, бірақ KAZENERGY мұнай-газ және энергетикалық кешен қауымдастығының басшысы болып қалды.

Назарбаевтың кей туыстарын қудалау шарасы Тимур Құлыбаевқа әсер еткен жоқ. Ол қаңтардың соңында Тоқаевтың бизнес қауымдастық өкілдерімен кездесуіне қатысты.

Динара Құлыбаева жұрт алдына сирек шығады. Кей деректер бойынша, ол көп уақытын шетелде өткізеді. Құлыбаева – Женева көлінің жағалауындағы екі зәулім үй мен Бельрив сарайының иесі. Биыл швейцариялық ақпарат құралдары Женева кантонының билігі Құлыбаеваның тарихи құндылығы бар ғимаратты жөндеуден өткізу жоспарына қатысты алаңдаушылық білдіріп отырғанын жазған.

Биыл Deutsche Welle журналистері Германиядан Тимур Құлыбаевқа тиесілі бірнеше жылжымайтын мүлік нысандарын (екі зәулім сарай мен бір қонақ үй) тапқан. Зерттеушілер сарай иелері мұнда бір де бір рет келмегенін, бірақ жылжымайтын мүлікке 100 миллион еуро инвестиция құйғанын жазған.

Құлыбаевтың Еуропаның басқа елдерінде де бірнеше мүлкі бар.

Назарбаевтардың Алматыдағы сарайлары. Азаттық зерттеуі
please wait

No media source currently available

0:00 0:23:19 0:00

ҚАЗАҚСТАНМЕН БАЙЛАНЫСЫ БАР БАСҚА ДА МИЛЛИАРДЕРЛЕР

Forbes журналы ең бай қазақстандықтар қатарына жатқызатын 61 жастағы Владимир Ким дәулетті адамдар тізімінде 552-орынға жайғасқан. Бір жылда Ким иелік ететін KAZ Minerals металлургиялық концернінің табысы 400 миллион долларға артып, бес миллиардқа жеткен.

2021 жылы KAZ Minerals компаниясы делистингке ұшыраған. Мамырда компания акциялары араға 16 жыл салып, Лондон қор биржасының тізімінен шығарылды. Кейінгі жылдары Ұлыбританияда KAZ Minerals компаниясы мен қазақстандық шенеуніктердің қатысуымен болған жемқорлық ісі туралы тергеу жүруіне байланысты кәсіпорын қоғам алдындағы белсенділігін азайтқан. Кимнің жиі атала бермейтін тағы бір табыс көзі – “Қазақмыс корпорациясы” елдегі ең ірі мыс өндіруші кәсіпорын саналады.

Forbes рейтингіндегі 1096-орынға бұрын президент істерін басқарумен айналысқан, 64 жастағы Болат Өтемұратов та енген. Журналдың бағалауынша, оның дәулеті – 2,8 миллиард доллар (бір жылда 0,6 миллиардқа кеміген). Назарбаевқа жақын кәсіпкер «Верный капитал» компаниясы арқылы экономиканың әртүрлі саласын – байланыс операторларын, қонақ үйлер желісін, Forte bank және девелоперлік құрылымдарды басқарады.

Kaspi финтех-компаниясы иегерлерінің бірі, 52 жастағы Вячеслав Ким ең дәулетті адамдар тізімінде 1513-орында тұр. Оның капиталы 2 миллиард доллар деп бағаланған, бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда, 1,3 миллиардқа аз. 2021 жылы Kaspi акцияларын Лондон қор биржасына шығарған, ал банктің негізін қалаушылар – Вячеслав Ким мен Михаил Ломтадзе алғаш рет миллиардерлер тізіміне енген.

Қазақстанда кәсіп жүргізіп келе жатқан Грузия азаматы, 46 жастағы Ломтадзенің капиталы да бір жыл ішінде 1,3 миллиардқа кеміп, 1,9 миллиард доллар болған.

Ресей азаматы, Қазақстан резиденті, Freedom Holding брокерлік компаниясының басшысы Тимур Турлов 1292-орында. Ол Forbes тізіміне былтыр қосылған. Турловтың дәулеті бір жылда 300 миллион долларға артып, 2,4 миллиардқа жеткен.

ӘЛЕМДЕГІ ТРЕНДТЕР

Forbes-тың бағалауынша, Қазақстанмен байланысы бар миллиардерлердің жалпы байлығы 21,7 миллиард долларды құрайды. Бұл әлемдегі ең бай адам Илон Масктің капиталынан 10 есе аз. Америкалық кәсіпкер, SpaceX компаниясы иегерлерінің бірі және басшысы, Tesla директоры биыл Forbes тізімінде көш бастап, Amazon платформасының негізін қалаушы Джеф Безосты басып озған.

Louis Vuitton Moët Hennessy компаниялар тобының басшысы, француз Бернар Арно бір жылда сегіз миллиард доллар табыс тапқан. Ол – әлемдегі ең бай үш адамның бірі. Ең дәулетті тұлғалар бестігін Билл Гейтс пен Уоррен Баффет тұйықтайды.

Forbes журналы пандемия мен қор нарығының құлауынан көп адам зардап шеккенін жазады. Соның кесірінен биыл бай адамдар тізімі қысқарған: былтыр рейтингте 2775 адамның аты-жөні болса, биыл дәулетті тұлғалар саны – 2668. 329 адам рейтингтен түсіп, тізімге 236 адамның аты қосылған. Олардың қатарында поп-жұлдыз Рианна мен «Сақиналар әміршісі» фильмінің режиссері Питер Джексон да бар.

Forbes миллиардерлерінің 327-сі – әйел. Олардың 86-сы – 40 жасқа дейінгі әйелдер, ал 12-сі – 30-ға толмаған жастар.

Миллиардерлер саны бойынша АҚШ топ жарған: былтыр бұл елден 724 миллиардер шықса, биыл олардың саны 735-ке жеткен. Екінші орында 607 миллиардері бар Қытай (Гонконг пен Макаоны қосқанда), үшінші орында – Үндістан (166), одан кейін Германия (134) мен Ресей (83) тұр.

Басылым дерегінше, Ресей мен Қытай көп шығынға ұшыраған. Ресей әскерінің Украинаға басып кіруі және батыс елдерінің санкциясы ресейлік қор нарығы мен рубльдің құлдырауына әкеліп соққан. Нәтижесінде 34 ресейлік миллиардер тізімнен түсіп қалған. Рейтингте қалған 83 ресей азаматының байлығы бұрынғы қалпында қалған немесе азайған. Ресейдегі дәулетті адамдардың жалпы капиталы бір жылда 584 миллиардтан 320 миллиард долларға (260 миллиардқа) азайған.

Қытайдағы бай адамдардың жағдайы әлдеқайда жақсы: биыл тізімде Қытай азаматтарының саны 87-ге кеміген. Көбі мұны үкіметтің технологиялық компанияларға қарсы жүргізген қуғын-сүргін шараларымен, акциялардың арзандауымен және жылжымайтын мүлік секторындағы мәселелермен байланыстырады. Қытайлық миллиардерлердің табысы былтырғы жылмен салыстырғанда шамамен 500 миллиард долларға азайған. Олардың байлығы екі триллион долларды құрайды (2021 жылы 2,5 триллион болған).

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG