Accessibility links

Құлыбаеваның Швейцариядағы тарихи сарайды жөндеуге тырысуы, Ресейдің геосаяси қиялы және Кремль амбициясын тежеу


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Ресей басшысы Владимир Путин.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Ресей басшысы Владимир Путин.

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ортаншы қызы Динара Құлыбаеваның Швейцариядағы сарайына күрделі жөндеу жүргізуге талпынысы жергілікті билікті неге алаңдатты? "Ресейді қалпына келтіру" жайлы жазушылар мен саясаткерлердің өсиеттеріне құлақ асқан Кремль қожайындары Солтүстік Қазақстанды аннексиялауы мүмкін бе? Украинадан кейін Мәскеудің Қазақстанға қатысты саясаты өзгере ме? АҚШ Путиннің Орталық Азия мен Кавказдағы амбициясын қалай тежей алады? Батыс басылымдары бұл аптада осы сұрақтарға жауап іздеді.

ДИНАРА ҚҰЛЫБАЕВАНЫҢ ТАРИХИ САРАЙДЫ ЖӨНДЕУ ТАЛПЫНЫСЫ ЖЕРГІЛІКТІ БИЛІКТІ АЛАҢДАТТЫ

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ортаншы қызы Динара Құлыбаева Швейцариядағы Бельрив сарайына жөндеу жұмыстарын жүргізбек. Бұған Женева кантонындағы тарихи мұраларды қорғау органы алаңдайды. Бұл туралы Швейцариядағы RTS (Radio Télévision Suisse) хабарлады.

Екі жыл бұрын Динара Құлыбаева Бельрив қамалын 106 миллион франкқа (2019-2020 жылдардағы бағаммен 113 миллион доллар) сатып алып, кантондағы жұртты елең еткізген. Кантонда мұндай бағаға жылжымайтын мүлікті бұрын-соңды ешкім сатып алмаған.

17 ғасырда салынған Бельрив қамалы Швейцарияда ұлттық маңызы бар мұра-объект мәртебесіне ие. Ғимарат ұзақ жылдар бойы БҰҰ экс-дипломаты, қайырымдылық істерімен танымал Садруддин Ага-Ханға (1965 пен 1977 арасы) тиесілі болған.

Аумағы 28 700 шаршы метрді құрайтын Бельрив қамалы.
Аумағы 28 700 шаршы метрді құрайтын Бельрив қамалы.

RTS-тің жазуынша, Құлыбаева Бельривтен бірнеше шақырым жерде орналасқан Аньердегі вилласын сатып, қамалға көшіп келмек. Бірақ ол үшін алдымен 1666 жылы салынған қамалға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Құлыбаева жалдаған архитекторлардың жобасында Бельрив аумағында жабық бассейн мен жерасты тұрағы пайда болған. Сонымен қатар жобада отыз шақты ағаш оталып, қамалдың шатыры мен қаңқасы жөнделетіні көрсетілген.

RTS мәліметінше, Бельривтің кескін-келбетіне алаңдаған жергілікті билік ғимаратты қорғау үшін тарихи мұраны классификациялау процедурасына кіріспек. Бельрив конфедерацияның маңызды мәдени құндылықтары тізіміне кіргенімен, бұған дейін классификация процедурасынан өтпеген. Себебі қамалға Садруддин Ага-Хан иелік еткен кезеңде Бельрив қандай да бір тарихи бейнесі жойылу қаупі төнген нысандар қатарына жатпаған.

Бельривті тарихи мұра ретінде классификациялау қамалға қандай да бір өзгеріс жасамас бұрын жергілікті билікке хабар беруді көздейді. Осылайша ескерткіштер, табиғат пен көрнекі жерлер жөніндегі комиссия Бельривтің сәулет жобасымен мұқият танысып, оны өзгертпек.

Аталған комиссия мүшесі Эрика Дойбер Циглер RTS-ке "меншік иесі үйді өзіне жайлы етуге құқығы бар, сондықтан оның қандай өзгерістер енгізуді жоспарлап отырғанын білу үшін келіссөздер жүреді. Бірақ қазірдің өзінде үй иесінің талаптары ғимараттың тарихи келбеті мен мәніне қайшы келетінін ішіміз сезеді" дейді.

Құлыбаева RTS-тің сұрақтарына жауап бермеген. Оның адвокаты Жан-Кристоф Хокке "қосалқы шаруашылық ғимараттардың құрылысын бағалау жүріп жатқанын, қажет болса олар қамалға әсер етпейтіндей жеке салынатынын, жөндеу жұмыстары тарихи ғимараттың келбетін сақтауға бағытталғанын" айтқан.

RTS кантон билігі мен Құлыбаева арасындағы тартыс қызу өтеді, жөндеу жұмыстары 2023 жылдан ерте басталмайды деп жазады.

"ОРЫС ТІЛІН ТАНҒЫСЫ КЕЛЕТІН ПУТИН ОРЫСТІЛДІ ТОҚАЕВҚА СҮЙЕНЕДІ"

Ресейшіл саясаткерлер мен жазушылардың "Ресейді кеңіту", "Ресейді қалпына келтіру" жайлы өсиеттеріне құлақ асқан Кремль Қазақстанға қатысты қандай саясат ұстанады, солтүстік Қазақстанды аннексиялауы мүмкін бе? Саясаттанушы Ақас Тәжуітов Eurasia review сайтына жазған мақаласында осы сұраққа жауап іздейді.

Автор алдымен отставкідегі полковник Михаил Ходареноктің "Независимая газета" басылымына шыққан "Ресейдің кеңею жайлы армандары орындала ма?" атты мақаладағы тезистерін талдайды.

Ходаренок бұл мақалада Ресей қандай бағытта "кеңеюі" мүмкін екенін айта келе, "Ресей саяси элитасының кейбір өкілдерінің ойынша, теория жүзінде Қазақстан Ресей кеңеюі мүмкін жалғыз бағыт" дегенді келтіреді. Алайда Ақас Тәжуітов Ходореноктің өзі бұл пікірді қуаттамайды деп есептейді. Оған отставкідегі полковниктің мына сөзі себеп: "Бұл мемлекеттің салыстырмалы түрде халқы аз, Батыс Еуропадағы әскери қорпуспен саны бірдей қарулы күштері "кеңеюге ұмтылатындарға" табысқа жетуге мүмкіндік береді. Бірақ Ресейдің жекелеген саясаткерлерінің мұндай геосаяси қиялдары мен ұмтылыстары атаман Ермактың Сібірді жаулауын немесе генерал Кафрман мен Скобелевтің Азияға жорықтарын ғана еске түсіреді. Мұндай әдістер бір, тіпті екі ғасырға ескірген".

Ходореноктің ойынша, "Ресейді кеңіту" бағытындағы шаралар соғыстарға, артынша жалпыұлттық апатқа әкеп соқтырады.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) және Ресей басшысы Владимир Путин аймақаралық ынтымақтастықты дамыту форумында. 2019 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) және Ресей басшысы Владимир Путин аймақаралық ынтымақтастықты дамыту форумында. 2019 жыл.

Ақас Тәжуітов Солтүстік Қазақстан Ресейді аса көп қызықтырмайды, өйткені бұл аймақты кезінде индустриалды экономиканың орталығы саналған Донбаспен немесе Ресейдің Қара теңіз флоты орналасқан Қырым түбегімен салыстыруға келмейді дейді. Автордың ойынша, Солтүстік Қазақстанды қосып алса, Ресейде дотацияға тәуелді, орыс халқының саны азайып және қартайып жатқан тағы бір проблемалы аймақ пайда болмақ.

Оның үстіне, автордың сараптауынша, Ресей Солтүстік Қазақстанды аннексияласа, ислам әлемі мұны Қазақстанға басып кіру, бауырлас мұсылмандарға қарсы жасалған басқыншылық деп қабылдайды.

Ресей билігінің қазіргі әрекеттерін талдаған Тәжуітов "Кремль экспансияның жаңа стратегиясын ойлап тапқан жоқ, Путиннің сүйікті жазушысы Александр Солженицынның "Орыс одағы" идеясын басшылыққа алды" деген қорытынды жасайды. Солженицын отыз жыл бұрын жазған очеркінде Украина, Беларусь, Ресей мен Солтүстік Қазақстанның басын қосатын "Орыс одағын" жақтағаны белгілі.

Дегенмен одан бері постсоветтік елдер үлкен өзгерістерді бастан өткерді, Солженицынның "Ресейді қалпына келтіру" очеркі шыққан уақытта қазақ ұлты елдегі халықтың 39,7 пайызын, ал орыс халқы 37,9 пайызын құрайтын. 2021 жылғы халық санағының дерегі бойынша, қазақ ұлты 70,2 пайызға өскен, ал орыс ұлты 18,1 пайызға азайған.

Саясаттанушы "әлі де жазушының өсиетіне сүйеніп, Беларусь пен Украинаға қатысты тапсырмаларын орындап жүрген Кремль қожайындары мен олардың айналасы Қазақстанға қатысты енді қалай әрекет етеді?" деген сұраққа жауап іздейді.

Былтыр 23 желтоқсанда Путин "Қазақстан − орыстілді мемлекет" деп мәлімдеген. Путин осы арқылы өзі қалағанды бардай етіп көрсетуге тырысты. Мұның астарына үңілген автор "Путиннің өзі де Ресейге арналған бағдарламасы "көп ретте Солженицын жазған дүниемен үндесетенін" мойындаған" дейді. Ресей саясаткерлері де осы пікірді жақтайды. Мәскеу Украинаның сепаратистік аймақтарының тәуелсіздігін мойындаған соң Мемлекеттік дума депутаты Леонид Калашников Беларусь, Қазақстан мен Украина "Ресеймен біртұтас болады" деп мәлімдеді.

"Бұдан шығатын қорытынды: Ресей Қазақстанды "толық мағынасындағы орыстілді мемлекетке" айналдыру арқылы Солженицын эссесіне негізделген Путин бағдарламасына әкеп тықпақ", − дейді автор.

Саясаттанушының пікірінше, былтыр "орыстар мен орыстілділерге қысым көрсетіліп жатыр" деген Мәскеу саясаткерлерінің Нұр-Сұлтанға қарсы ақпараттық ақпараттық шабуылдарының астарында да осы жатыр.

Тәжуітов мұның нәтижесін қазірдің өзінде байқауға болады деп есептейді. Мысалы, "Взгляд" газетіндегі мақалада саясаттанушы Владимир Лепехин "Тоқаев латын қарпіне көшуді тоқтатып, бәрін сол қалпында қалдыру жайлы шешім қабылдады" деген.

Қаңтар оқиғасынан кейінгі алғашқы сұхбатты Тоқаев 28 қаңтар күні орыс тілінде берген. "Осылайша Путин Қазақстанға орыс тілін таңу үшін орыстілді президент Тоқаевқа сүйенетін сияқты" деп түйіндейді автор.

"АҚШ ПУТИН АМБИЦИЯСЫН ТЕЖЕУ ҮШІН ОРТАЛЫҚ АЗИЯ МЕН КАВКАЗҒА КӨҢІЛ БӨЛУІ КЕРЕК"

Ресей президенті Владимир Путиннің агрессиясын тоқтату үшін санкциялар жеткіліксіз. Путиннің амбициясын есепке алсақ, АҚШ Орталық Азия мен Кавказға көбірек көңіл бөліп, аймақтағы дипломатиясын күшейту керек. АҚШ-тың Әзірбайжандағы бұрыншы елшісі Роберт Секутаның АҚШ-та шығатын Hill басылымындағы мақаласында осындай ой айтылады.

Секутаның жазуынша, АҚШ санкциялары мықты халықаралық коалиция құру мен халықаралық тәртіпті күшейтетін табанды, қатаң және креативті дипломатиямен қатар жүруі керек. Ал мұндай дипломатия дәл қазір Орталық Азия мен Кавказға аса қажет. Бұл аймақтағы елдердің алдында Мәскеуден төнетін қауіп-қатерден оларды қорғайтын біреу бар ма сұрақ тұрғаны түсінікті.

АҚШ президенті Джо Байден Ұлттық қауіпсіздік кеңесі мүшелерімен бірге Украинадағы жағдайды талқылап жатыр. Вашингтон, 20 ақпан 2022 жыл.
АҚШ президенті Джо Байден Ұлттық қауіпсіздік кеңесі мүшелерімен бірге Украинадағы жағдайды талқылап жатыр. Вашингтон, 20 ақпан 2022 жыл.

Секута АҚШ басылымдары Украинаға, Орталық Азия мен Кавказға төнген қауіп жайлы фактілерді елемей келгенін келтіреді. Постсоветтік елдердің ішінен Грузия НАТО мен Еуроодаққа ұмтылғанда, басқа елдер бейтарап немесе көпвекторлы саясат ұстанды, бұл оларға Ресей мен Қытай белсенді әрекет ететін аймақта тәуелсіз ел ретінде дамуға жол ашты. Бірақ Батыспен интеграцияға ұмтылған Грузияға 2008 жылы Ресей әскері басып кіріп, Абхазия мен Оңтүстік Осетиядағы сепаратистерге қолдау білдірді. Ресейдің "бітімгершілік күштері" әлі де сонда.

Бұрынғы елші Ресей әскері Армения, Әзірбайжан мен Тәжікстанда да бар екенін еске салады. Ал Қаңтар оқиғасы кезінде Мәскеу бастаған ҰҚШҰ әскері бір тәуліктің ішінде Қазақстанға келіп, үкіметке қолдау білдірген. "Олар бірнеше күннен кейін кетсе де, бұл ҰҚШҰ өзіне мүше елдерді тек сыртқы жаулардан ғана қорғамайтынын көрсетті". "Олар бір барған жерге қайтып келуі мүмкін" дейді Секута.

Секута Ресей амбицияларын тежеу үшін АҚШ аймақтағы елдердің халқы мен үкіметтеріне құлақ асып, олардың Вашингтоннан қандай әрекет күтетінін назарға алуы тиіс деп есептейді. Сондай-ақ Ресей ақпарат құралдарының жалған нарративтеріне қарсы тұрып, экономикалық реформаларды күшейтіп, АҚШ бизнесінің келуіне жол ашуы керек. Білім беру саласындағы әріптестікті де күшейтіп, академиялық алмасу бағдарламалары жолға қойылуы шарт. Бұл дипломатия екіжақты алыс-беріс, ресми тұлғалардың Вашингтонға және АҚШ лауазымды тұлғаларының аймаққа сапарын да қамтуы шарт.

Секутаның айтуынша, Путинің агрессияшыл амбицияларына қарсы тұру үшін АҚШ күрес алаңына шығып, Украина мен Балтық елдері, Орталық Азия мен Кавказ елдерінің тәуелсіздігіне, аумақтық тұтастығына және гүлденуіне қызығушылық танытуы керек. "Бұл талапты орындамау Кремльге Ресей империясын қалпына келтіріп, аймақты өзінің геосаяси ықпалына кіргізуіне жол ашады" деп есептейді бұрынғы елші.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG