Accessibility links

"Алатау" санаторийін "Пандора құжаттарында" аталатын Karnell компаниясы меншіктеп алған


"Алатау" санаторийін кім меншіктеп алған? Азаттық зерттеуі
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:01 0:00

Азаттық тілшісі Алматыдағы әйгілі "Алатау" санаторийі бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қоры мен "Пандора құжаттарында" аталатын Karnell Holding офшор компаниясының иелігіне өтіп кеткенін анықтады.

"АЛАТАУ" КІМГЕ ТИЕСІЛІ?

98 гектар жері, бау-бақшасы мен көлі бар Алматының әйгілі "Алатау" санаторийі қазір "Жылжымайтын мүлікті басқару жөніндегі дирекция" ЖШС мен Ұлыбританияның Виргин аралдарында тіркелген Karnell Holding офшор компаниясына тиесілі. Мұны Азаттық тілшісі ашық дереккөздердегі құжаттардан анықтады.

"Жылжымайтын мүлікті басқару жөніндегі дирекцияның" құрылтайшысы – экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атындағы "Елбасы қоры". Ал Karnell Holding компаниясы Назарбаевтың маңында жүрген олигарх Владимир Кимдікі екені айтылады.

"Алатау" санаторийінің "Жылжымайтын мүлікті басқару жөніндегі дирекция" ЖШС мен Karnell Holding офшор компаниясына тиесілі екенін көрсететін құжат.
"Алатау" санаторийінің "Жылжымайтын мүлікті басқару жөніндегі дирекция" ЖШС мен Karnell Holding офшор компаниясына тиесілі екенін көрсететін құжат.

Дәл осы Karnell Holding Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығының (OCCRP) әлемдік лидерлер мен олардың маңындағы адамдардың офшордағы байлықтары жайлы "Пандора құжаттары" зерттеуінде аталады. Бұл зерттеуде Назарбаевтың "тоқалы" делінетін Әсел Құрманбаеваның, Назарбаев маңындағы олигархтар Владимир Ни мен Владимир Кимнің есімі де бар.

"Алатау" санаторийі 1995 жылы үкімет қаулысымен мемлекет меншігінен шығып, акционерлік қоғамға айналған еді. Үкімет қаулысына сай, акцияның 10 пайызы санаторийдің еңбек ұжымына, 39 пайызы мемлекетке, 51 пайызы инвесторларға берілуі тиіс еді. Санаторийді 2014 жылға дейін дәрігер Оразгелді Түктібаев басқарып келді. 2009 жылы "Алатау" санаторийінің акциясын Karnell Holding пен Түктібаев бөліскен. Ал 2017 жылы Түктібаев акциясын "Елбасы қорына" тиесілі "Жылжымайтын мүлікті басқару жөніндегі дирекциясына" берген.

"Жылжымайтын мүлікті басқару жөніндегі дирекциясының" "Елбасы қорына" тиесілі екенін көрсететін құжат.
"Жылжымайтын мүлікті басқару жөніндегі дирекциясының" "Елбасы қорына" тиесілі екенін көрсететін құжат.

Азаттық тілшісі ашық құжаттардан анықтағанындай, қазір "Алатау" санаторийі Karnell Holding компаниясы мен "Жылжымайтын мүлікті басқару жөніндегі дирекцияға" тиесілі.

2017 жылы "Алатау" санаторийі жөндеуге жабылған, әлі ресми қайта ашылмады. Бірақ жақында санаторий ғимаратында Swissotel Wellness Resort Alatau Almaty қонақ үйі ашылды. Алматы кәсіпкерлік палатасының дерегінше, швейцариялық қонақ үй желісі ғимаратты жалға алып жұмыс істеп жатыр.

Swissotel Wellness Resort Alatau Almaty қонақ үйі. 5 қазан 2021 жыл.
Swissotel Wellness Resort Alatau Almaty қонақ үйі. 5 қазан 2021 жыл.

Санаторий өз аумағында ашылған "Нұртау" гольф клубына иелік етеді. Гольф клубтың екінші құрылтайшысы – Қазақстандағы билікшіл "Адал" партиясының төрағасы Серік Сұлтанғали.

"ПАНДОРА ҚҰЖАТТАРЫНДА" KARNELL ТУРАЛЫ НЕ ЖАЗЫЛҒАН?

OCCRP зерттеуінше, 2008 жылы Владимир Ни мен Владимир Ким британдық Виргин аралдарында тіркелген EMES Holding & Finance компаниясын алған. Ким EMES компаниясының үлесін Karnell Holding арқылы иеленеді. Кейін EMES компаниясы иелерінің қатарына Назарбаевтың "тоқалы" Әсел Құрманбаева да қосылған деп жазады зерттеу авторлары.

"Пандора құжаттарында" Әсел Құрманбаева Назарбаевтың "тоқалы" деп көрсетіледі.
"Пандора құжаттарында" Әсел Құрманбаева Назарбаевтың "тоқалы" деп көрсетіледі.

"Назарбаевтың "үшінші әйелі" саналатын Әсел Құрманбаева 2008 жылы аяқ астынан Ни компаниясының серіктесі болып шыға келген. Құрманбаева EMES-ке серіктес болса сала Ladra Services офшорлық компаниясын алады. 2010 жылы EMES-ті Құрманбаеваның Ladra Services офшор компаниясы мен Нидің офшордағы тағы бір компаниясы иеленеді" деп жазылған OCCRP зерттеуінде.

OCCRP ЗЕРТТЕУІНДЕ ҚҰРМАНБАЕВА ЖАЙЛЫ ТАҒЫ НЕ АЙТЫЛҒАН?

"Пандора құжатында" Әсел Құрманбаеваның Ұлыбританияның Виргин аралдарында тіркелген аса табысы жоқ офшор компаниясын (бұл Karnell Holding компаниясы емес, басқа компания) Назарбаевқа жақын олигарх Владимир Ниге 30 миллион долларға сатқаны жазылған.

"Пандора құжаттарына" қарағанда, Құрманбаева ақшаны 2010 жылы Владимир Ни қайтыс болғаннан кейін екі айдан соң алған. Ақша Нидің қызына өткен компаниядан түскен, ал Назарбаевтың маңындағы олигарх Владимир Ким төлемнің куәсі болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG