Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "тоқалы" Әсел Құрманбаева және бұрынғы президентке жақын екі шенеунік "Пандора құжаттары" зерттеуінің кейіпкерлеріне айналды. Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) "Құрманбаева офшордағы құпия келісімнен миллиондаған доллар пайда көрген" деп мәлімдеді. "Пандора құжаттарындағы" Әсел Құрманбаева жайлы не белгілі?
40 жастан асқан Әсел Құрманбаева – қазір үкімет иелігіндегі "Астана Балет" театрының арт-менеджері. Осы балет театры - Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев (президенттіктен кетсе де, Қауіпсіздік кеңесінің өмір бойғы төрағасы ретінде билікке ықпал етіп отыр) пен Әсел Құрманбаеваның байланысына негізгі дәлелдердің бірі. Театр 2012 жылы Назарбаевтың бастамасымен салынған. "Астана Балеттің" негізін қалаған компанияның алғашқы құрылтайшысы Құрманбаева болған. Бұдан кейін театрға Назарбаевтың қоры иелік етті де, театр артынша үкіметке өтті. Қазір Құрманбаева осы театрда басшылық қызметте.
OCCRP-дің "Пандора құжаттары" деп аталған зерттеуін "Назарбаевтың "үшінші әйелі" Әсел Құрманбаева Ұлыбританияның Виргин аралдарында тіркелген аса табысы жоқ офшорлық компаниясын Назарбаевқа жақын олигарх Владимир Ниге 30 миллион долларға сатқаны" жазылған.
"Пандора құжаттарына" қарағанда, Құрманбаева ақшаны 2010 жылы Владимир Нидің өлімінен екі ай өткенде алған. Ақша Нидің қызына өткен компаниядан түскен, ал Назарбаевтың маңындағы олигарх Владимир Ким төлемнің куәсі болған.
Владимир Ни мен Владимир Ким
"Пандора құжаттарында" аталған Владимир Ни Қазақстан тәуелсіздік алмай тұрып-ақ, 1985 жылы Назарбаевтың көмекшісі болған. КСРО құлаған соң президент істері жетекшісінің орынбасары болды. Назарбаевшыл қоғамдық ұйымдар мен басылымдарды қаржыландырған "Қазақмыс" корпорациясының директорлар кеңесіне кірді. 2010 жылы дүниеден өткен. Ал Владимир Ким, Forbes дерегінше, Қазақстандағы ең бай адам. Журнал оның байлығын 4,7 миллиард долларға бағалайды. "Қазақмыс" және KAZ Minerals компанияларының ірі акционері.
Құрманбаева 1999 жылы берген сұхбатында Алматыда туғанын, Талдықорғанда өскенін, хореаграфия училищесінде оқығанын айтады. Ал 1999 жылы Miss Kazakhstan конкурсына қатысқанда Алматыдағы Абылай хан атындағы шет тілдер университетінде оқып жүрген. Ол Miss Kazakhstan конкурсында жеңіске жетіп, Лондонда өткен Miss World байқауына барады.
Қазақстан аруы және Әлем аруы байқауларына қатысқанда оның тегі Исабаева (әкесі Тілектес Есполов Исабайұлы) болатын. Кейін ол БАҚ беттерінде шешесі Гүлбану Құрманбаеваның тегіне ауысқаны байқалады. Әсел фамилиясын не үшін шешесінің тегіне ауыстырғаны белгісіз. Лондондағы сән конкурсына қатысып келген соң Құрманбаева БАҚ бетіне сирек шықты.
Тек 2018 жылы қазанда сол кездегі президент Назарбаев халыққа жолдау жариялағанда алдыңғы қатарда отырды. Екеуінің ресми некесі бар-жоғы белгісіз. Әсел Құрманбаеваның екі баласының тегі құжатта "Нұрсұлтан", "Нұрсұлтанұлы" деп көрсетілген.
Әсел Құрманбаеваның әкесі – 20 жыл бойы Алматыдағы аграрлық университетті басқарып келе жатқан Тілектес Есболов Азаттық тілшісінің зерттеудегі қызы жайлы айтылғандарды "алып қашпа" деді.
- Біз бәріміз бала өсіріп отырмыз. Ұлттың намысын қорғап отырған адамбыз. Мен әкесімін, мен ұстазбын, ғалыммын. Болмайды ғой мұндай нәрсе, - деді Құрманбаеваның әкесі Азаттыққа.
"Пандора құжаттарында" Назарбаевтың "үшінші әйелі" Құрманбаеваның басқа да бизнес құпияларын көрсетті.
"Қызық, бірақ Назарбаев қоры мен Құрманбаева басқа бір жобада да серіктес болған. 2013 жылы екі ай уақыт Назарбаев қоры "Астау" компаниясына иелік етеді. Бұл компанияның негізін 2006 жылы Құрманбаева қалаған. Назарбаев қорынан соң компания қожайыны қайтадан Құрманбаева болды. Компания Нұр-Сұлтандағы банкет залы, спа мен сұлулық салонына иелік етеді" деп жазылған зерттеуде.
Құрманбаева иелік ететін "Астау" компаниясын анасы Гүлбану Құрманбаева басқарады. Әсел Құрманбаева бұдан бөлек "Балет және ұлттық биді дамыту қорының" құрылтайшысы. Биыл көркем гимнастиканы қолдау және дамыту қорын ашқан.
Қазір экс-президент Назарбаев тікелей тапсырмасымен Алматыда да балет театрын салдырып жатыр. Құрылысқа тапсырыс беруші "Демеу жеке қорының" жалғыз иесі Нұрсұлтан Назарбаев. Құрманбаева құрған "Балет және ұлттық биді дамыту қоры" Азаттықтың сауалына Алматыдағы театрға "қатысы жоғын", бірақ "ашылғанда бірлесіп жұмыс істеу ниеті барын" айтқан.
Қазақстанды отыз жылдай басқарып, президенттіктен кетсе де билікке ықпалын сақтап қалған Нұрсұлтан Назарбаевтың ресми әйелі Сара Назарбаева. Ал "Пандора құжаттарында" Әсел Құрманбаева Назарбаевтың "үшінші әйелі" деп көрсетіледі.
Журналистер тобы 30 миллион долларлық келісім-шарттың жай-жапсарын білмек болып, Назарбаев пен Кимге, Нидің отбасына және Құрманбаеваның өзіне де сауал жолдаған. Ешқайсысы жауап бермеген. Қазірге дейін Қазақстан билігі тарапынан да бұл зерттеуге қандай да бір реакция болмады.
ПІКІРЛЕР