Accessibility links

"Аяғыма бомба жарықшағы тиді", "тәліптер өлтіруі мүмкін". Ауған қазақтарының жанайқайы


Кабул көшесінде жүрген тәліп содырлары. 16 тамыз 2021 жыл.
Кабул көшесінде жүрген тәліп содырлары. 16 тамыз 2021 жыл.

Қазақстанда және тағы біраз елде террористік деп танылған "Талибан" қозғалысы Ауғанстанды толықтай өз бақылауына алған тұста Қазақстаннан көмек сұрағандар көбейді. Азаттық тілдескен қазақтар тәліптердің бомбасынан жараланған ер адам мен 65 жастағы ақсақал Қазақстанға жетуді армандайды.

ТӘЛІПТЕРДІҢ ШАБУЫЛЫНАН ЖАРАЛАНҒАН ҚАЗАҚ

Ауғанстанның Құндыз қаласында тұратын 35 жастағы қазақ М. (қауіпсіздігі үшін редакция толық аты-жөнін жарияламайды) 9 тамызда қалаға тәліптер шабуыл жасаған кезде аяғына бомбаның жарықшағы тиіп, жараланған. Сөзінше, осыдан соң емделу үшін Кабулға жеткен.

– Құндыз қаласындағы базарда сауда істеймін. "Талибан" жасағы қалаға басып кірген кезде орталық базарға бомба тастап, жарықшақтың бірі аяғыма тиді. Құндызда емхана жоқ. Содан аяғыма бола қашып Кабулға келдім. Көлікпен жеттім. Ауруханада үш күн жаттым. Бүгін дәрігерлер келмей қалды. Тәліптерден қорқып қашып кетті. Қазір мен де қашып, бір үйге келдім, – дейді ол 18 тамызда Азаттыққа.

Ауғанстан қазағы редакцияға ауруханада жатқан суретін жолдаған. Фотодан оң аяғының тобығы жараланғаны, аяғы дәкемен оралғаны байқалады.

М. Құндызда әйелі, үш қызы мен бір ұлы қалғанын айтады. Ол "еркексіз үйге тәліптер қысым жасап, бала-шағасына тиісіп, әйелін қорлай ма" деп қауіптенеді.

– 2016 жылдан бері Қазақстанға кетемін деп талпынып жүрмін, бірақ бара алмадым. Қазақстанға, атамның жұртына барып өмір сүрсем деп едім. Ауғанстанда тұру қиын болып кетті. Әйеліммен бірге Қазақстанға баруға көмектессе, – деді ол.

Ауғанстан қазақтары Қазақстаннан жәрдем сұрайды (18 тамыз 2021 ж.)

"Мен де қазақ баласымын, көмектесіңіздер!" Ауғанстан қазақтары Қазақстаннан жәрдем сұрайды
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:08 0:00

Жараланған аяғы толық жазылмаған М. Кабулдан Құндыз қаласына қалай жетемін деп уайымдайды.

– Құндыз қаласына жету үшін бірнеше қаланы басып өту керек, екі аралықты толықтай тәліптер басып алған, – дейді Ауғанстан қазағы.

Бұдан кейін онымен қайта байланыс орнату мүмкін болмады. Интернет жылдамдығы өте баяу екенін, қоңырау желісіне жауап бере алмайтынын айтты.

"ҮЙДЕН ШЫҒУДЫҢ ӨЗІ ҚИЫН"

Ауғанстандағы "Талибан" жасағының толық бақылауына өткен тағы бір қала Мазари-Шарифтың тұрғыны Т. (қауіпсіздігі үшін аты-жөні құпия сақталады) Қазақстанға тезірек жетсем деп армандайды. 65 жастан асқанын айтқан ақсақал туған жақындарының Түркістанға қоныс аударып үлгергенін, тек үш баласы мен өзі ғана Ауғанстанда қалып қойғанын айтады.

– Азын-аулақ малымыз бен үй-жайымыз бар. Соны сатайық деп қарайлап қалып қойған едік. Қазір оларды сатпақ түгілі үйден шығудың өзі қиын. Тәліптер қалаға толық бақылау орнатты, – дейді ол.

"Талибаннан" қашқан ауғандар Пәкістан шекарасының маңында жүр. 18 тамыз 2021 жыл.
"Талибаннан" қашқан ауғандар Пәкістан шекарасының маңында жүр. 18 тамыз 2021 жыл.

Ақсақал "тәліптердің қолына түссек атып тастай ма" деп қорқады. Жергілікті тәжіктер мен өзбектерге қысым көрсетіп жатқанын айтады.

– Нанды үйден пісіреміз. Дүкенге шықпаймыз. Сырттан біреу келсе есік ашпаймыз. Есік-терезенің бәрін тұмшалап жауып тастадық. Бірақ бұл тірлік қаншаға созыларын білмейміз. "Қазақтар, қалайсың?" деп хабарласқан ешкім жоқ. Кабулге, [Қазақстан] елшілігіне бармақ түгілі, үйден шыға алмай отырмыз. Егер тәліптердің қолына түссек өлтіріп тастауы мүмкін, - дейді ол.

ҚАЗАҚСТАН АУҒАН ҚАЗАҚТАРЫНА КӨМЕКТЕСЕ МЕ?

Ауғанстандағы қазақтар тарихи отанынан көмек сұрап жатқан тұста Қазақстан сыртқы істер министрлігі президент Қасым-Жомарт Тоқаев сол жақта тұратын ұлты қазақ Ауғанстан азаматтарына көмектесуге тапсырма бергенін мәлімдеді.

– Ауғанстандағы этникалық қазақтардың өтінішіне байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыртқы істер министрлігіне олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен қажет болған жағдайда тарихи отанына қайтару мәселесі бойынша барынша көмек көрсетуді тапсырды. Өз кезегінде біз Қазақстанның Ауғанстандағы елшілігіне осы мәселені ерекше бақылауға алу жөнінде тиісті тапсырма бердік. Бізде бар мәліметтерге сәйкес Ауғанстанда 15-ке жуық қазақ отбасы немесе 200-ге жуық этникалық қазақ тұрады, – деді Смадияров 18 тамызда.

Министрлік өкілі баспасөз құралдарында Ауғанстанда бірнеше мың қазақ тұрады деген хабар тарағанын, оның шындыққа жанаспайтынын айтты. Ол ауған қазақтарын тарихи отанына қайтару туралы өтініштердің мұқият қаралатынын, бірақ оның жылдам шешілетін мәселе емес екенін жеткізді. Смадияров сондай-ақ, елшілікке жүгініп, өзін қазақ деп таныстыратындар қатары көбейді деп мәлімдеді.

– Соңғы күндері Қазақстан елшілігіне өздерін қазақ деп таныстыратын азаматтардың, түрлі топтардың жүгінуі жиілеп кетті. Бірақ іс жүзінде олардың ешқандай дәлелі жоқ. Қазақ тілінде сөйлей алмайды, ата-бабасының қоныс аудару тарихы мен ру-тайпалық байланыстары туралы айта алмайды, – дейді СІМ өкілі.

Шетелдегі қазақтар мәселесімен айналысу үшін құрылған Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының өкілі Марат Тоқсанбаев та көмек сұрағандарда "қазақ екенін дәлелдейтін құжаттары болуы тиіс" деп отыр.

– Қазір бізге әр мемлекеттен "келсек" деп хабарласып жатқандар қазақтар бар. Арасында Ауғанстаннан да бар. Біз мәселені дипломатиялық каналдар арқылы шешуге болатынын айтып, қазақ екендеріңді дәлелдейтін құжаттарыңмен келіңдер дедік. Ол үшін шетелдік корпустарда комиссиялар құрылған. Қазақ деген куәлікті олар қолдарына жазып береді, – деді ол Азаттыққа.

АУҒАНСТАНДА НЕ БОЛЫП ЖАТЫР?

"Талибан" қозғалысы бірнеше айдың ішінде Ауғанстанның басым бөлігіне бақылау орнатып, 15 тамызда Кабулды соғыссыз алды. Ел президенті Ашраф Ғани елден қашып кетті. Қазір Ауғанстандағы билік тәліптердің қолына өткен.

2001 жылы 11 қыркүйекте Нью-Йорктегі террор шабуылынан кейін АҚШ тәліптер террор шабуылын ұйымдастырған "Әл-Қаида" террорлық ұйымының жетекшісі Усама бен Ладенді жасырып отыр деп Ауғанстанға кірген.

Америка әскерилері Ауғанстанға кірген соң елді 1996 жылдан бері басқарған "Талибан" 2001 жылы биліктен кетіп, кейінгі 20 жылда ұрысты тоқтатпаған еді.

Биыл мамырда АҚШ президенті Джо Байден америкалық әскерилерді Ауғанстаннан шығара бастаған. Осыдан соң "Талибан" қайта күшейіп, Ауғанстан аймақтарын бірінен соң бірін басып алды.

Халық тәліптер шариғат заңын қайта орнатып, жұрттың құқығын шектейді деп қауіптенеді. "Талибан" ұрлық жасағандардың қолын кесіп, адам өлтірді деп күдікке ілінгендерді, жұбайының көзіне шөп салды деп айыпталғандарды әділ сотсыз жұрттың көзінше өлім жазасына кеседі. Ер адамдарды сақал өсіруге, әйелдерді пәренжі киюге мәжбүрлейді. "Талибан" теледидар көру, музыка тыңдау, кинотеатрға баруға тыйым салып, 10 жастан асқан қыздардың мектепке баруына шектеу қояды.

Дарға асу, қол кесу, бурка кию. Жұрт тәліптерден неге қорқады?
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:11 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG