Accessibility links

Қазақстан ауған босқындарын қабылдауы керек пе?


Кабул әуежайында ер адам жараланған адамды арқасына көтеріп барады. 16 тамыз 2021 жыл.
Кабул әуежайында ер адам жараланған адамды арқасына көтеріп барады. 16 тамыз 2021 жыл.

Кабул әуежайынан ұшуға беттеген әскери ұшақты қоршап, жанұшыра жүгірген ауғандардың видеосы әлемді шарлап, талай жұрттың көзіне ілінді. "Талибан" содырлары елді басып алған соң ауғанстандықтар отанынан кетудің барлық жолын іздеп жатыр. Қазақстан ауған босқындарының бір бөлігін қабылдайды деген ақпарат тарағанымен, ресми билік жоққа шығарып отыр. Бірақ Шымкентте "ауғанстандықтарға арналған орын" дайындалып жатқаны жайлы хабар келді.

ТӨСЕК-ОРЫН ДАЙЫН, БІРАҚ БОСҚЫНДАР КЕЛМЕЙ МЕ?

16 тамызда қазақстандықтардың назары Шымкентте ауды. Әбілхан Қастеев атындағы өнер колледжінің жатақханасында "ауғанстандық босқындарға орын" дайындала бастады. Аты-жөнін атамауды сұраған жатақхана қызметкері "Ауғанстаннан келетін адамдарға арнап 305 орын дайындау туралы тапсырмадан кейін кешеден бері 100 орын дайындалды" деді.

Мұндай "дайындық" Тоғыс тұрғын алабындағы №120 мектептің ескі ғимаратында да жүріп жатты. Мектептен парталар мен орындықтар шығарылып, төсек-орындар кіргізілді. Шымкент әкімдігі ауған босқындарын орналастыру жайлы ақпарат бере алмайтынын, Нұр-Сұлтанға қайырылуды сұрады.

Шымкентте жатақхана қызметкері "ауған босқындарына орын дайындап жатқандарын" айтады
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:19 0:00

Ал Нұр-Сұлтан Ауғанстаннан Қазақстанға босқындар келеді деген барлық ақпаратты жоққа шығарады. 16 тамызда президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook парақшасында "президент Ауғанстан босқындары туралы шешім қабылдамағанын" жазды.

"Бұған қатысты тараған ақпарат негізсіз. Дүниежүзілік ұйым басшылығы ресми өтініш білдірген жағдайда БҰҰ қызметкерлеріне ғана көмек көрсетілетін болады" деп жазды Берік Уәли.

Осыған дейін Вашингтон Қазақстанға "АҚШ әскеріне көмектескен 2000 ауғанды уақытша қабылдауды" сұрап қайырылғаны хабарланған. АҚШ "Талибан" америкалық әскериге көмек көрсеткен ауғандарға кек қайтарады деп қауіптеніп, оларды елден әкетуге тырысып жатыр.

Ауғанстандықтар АҚШ әскери ұшағының ұшуына кедергі жасады.
Ауғанстандықтар АҚШ әскери ұшағының ұшуына кедергі жасады.

Бірақ Вашингтон мен Нұр-Сұлтан келісімге келген-келмегені әлі күнге белгісіз. Ал Телеграм каналдар "босқындар лагері Қазақстанның оңтүстігінде орналасатыны" жайлы жазды.

Осы тұста АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен мен Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің телефон арқылы сөйлескені хабарланды. Алайда сыртқы істер министрлігінің ресми хабарламасында "екі тарап Ауғанстандағы жағдайды талқылады" деп айтылмағандықтан бұл жұрттың алаңдаушылығын тудырды.

"ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КЕЛІСІМГЕ САЙ БОСҚЫНДАРДЫ ҚАБЫЛДАУҒА ТУРА КЕЛЕДІ"

"Талибанның" Ауғанстанды алуы Қазақстандағы негізгі тақырыпқа айналды. Азаттықтың сауалнамасына жауап берген жұрттың көбі Ауғанстандағы жағдаймен таныс. Олар босқындар арасында радикальды исламистер бола ма деп қауіптенеді.

Қазнетте де босқындарды қабылдауды қолдайтындар да, қарсылар да бар. Бірі "өзіміздің мәселеміз бастан асады" десе, енді бірі "артық бас ауруы" деп жатыр. Желі қолданушылары Қазақстан 1998 жылы босқындар жөніндегі Женева конвенциясына қосылғанымен, Қазақстан бұл келісім Шыңжаңдағы қысымнан қашқан қазақтарға келгенде орындамай отырғанын да жазды.

Бұған қоса Қазақстан Ауғанстан мен ауған халқына көмек қолын созып, мектеп, аурухана салып, жол жөндеп берді; азық-түлік жеткізіп, Ауғанстанға шын жаны ашитын ел ретінде көрсетті.

Дегенмен Ауғанстанға көмек дегенде алдымен 50 миллион доллар бөлінген білім бағдарламасы еске түседі. Қазақстан ауғанстандық жастарды ел университеттеріне шақырып, тегін оқытады.

"Біз әлем қауымдастығы алдында Ауғанстанға көмек көрсетеміз деген міндетті алып алдық. Енді өз сөзімізге өзіміз жауап беретін кез келді" дейді бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаев.

– Ауған әскерилері Өзбекстанға жетіп алды. Олардың артынан босқындар келеді. Алдымен Орталық Азиядағы көрші елдерге келіп, одан бері өтеді. Егер босқындар біздің территорияға жетсе (бұл әбден мүмкін), халықаралық келісімге сай оларды орналастыруға тура келеді, - деп жазды Бейсебаев Facebook парақшасында.

Ауғандықтар елден кез келген жолмен кетуге тырысып жатыр. Кабул әуежайы. 16 тамыз 2021 жыл.
Ауғандықтар елден кез келген жолмен кетуге тырысып жатыр. Кабул әуежайы. 16 тамыз 2021 жыл.

Қазақстанда оқып жүрген ауғанстандық жүзден аса студент сессия тапсырған соң еліне кеткен. Қазір олардың жағдайы белгісіз, бірақ білім және ғылым министрлігі оларға виза жағынан көмектесуге дайын екенін мәлімдеді. Қазақстан билігі грант пен стипендияны сақтап қалуға уәде беріп отыр.

Қазақстан халықтары ассамблеясы жанындағы "Ариана" ауған мәдени орталығының жетекшісі Васток Ахмадулла "Қазақстанда қалғысы келетін көптеген студенттердің хабарласқанын" айтады.

"Қазақстан ауған студенттерінің оқуы үшін 50 миллион доллар бөледі. Олар оқу бітірген соң Ауғанстанға оралуы тиіс. Енді осы білімді балалар Ауғанстанға оралса тәліптерге тап келуі мүмкін. Сондықтан олар Қазақстанда уақытша қалып, елде жағдай реттелгенше осында жұмыс істеп, тұрғысы келеді. Бұл студенттердің ешқайсысы босқын мәртебесін сұрап өтініш жазатынын айтқан жоқ, бірақ жазуы мүмкін" деді Ахмадулла Азаттық тілшісіне.

"ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІГІНЕ ҚАУІП ТӨНДІРЕДІ"

Қазақстанда террористік ұйым деп танылған "Талибан" қозғалысы Ауғанстанда билікті өз қолына алды. 1996 жылы олар өздерін ислам әмірлігі деп жариялап, шариғат заңдарын, өлім жазасын енгізіп, әйелдер құқығын шектеді. Ауғанстанда тәліптер бес жылдай билік құрды. 2001 жылы елге АҚШ әскери кірген соң олар биліктен кетті, бірақ ыдыраған жоқ. Араға 20 жыл салып, олар Ауғанстандағы билікке қайта оралды.

Васток Ахмадулла енді Ауғанстанда адам құқығы мүлде сақталмайды деп қауіптенеді әрі әйелдер құқығына қатты алаңдайды. Оның сөзінше, тәліптер үшін адамның құны жоқ. Ахмадулла Қазақстан ауған босқындарын қабылдамауы керек деп санайды.

– Қазақстан Ауғанстаннан босқындар қабылдамау керек. Себебі сөз мың адам емес, миллиондаған адам жайлы болып тұр. Егер құтқару керек болса барлығын құтқару керек, бес-он мың адамды қабылдаудың мәні жоқ. Бұған қоса, кімдер келетіні белгісіз. Босқындардың арасында тәліптермен байланысы бар, радикальды исламистер де болуы мүмкін. Бұл Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіреді, - деп санайды ол.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев та босқындарды қабылдауға қатысты қаупін білдірді. "Егер АҚШ әрбір ауғанды жіті тексермесе, елге, аймаққа қауіп төндірмейтінін дәлелдемесе, АҚШ-қа нақты әкететін уақытын көрсетпесе біз бұл өтініштен бас тартуымыз керек" деп санайды ол.

Саясаттанушы "Тәліптер Орталық Азияға уақытша келгендердің ішінен кейбірін экстрадициялауды талап етуі мүмкін. Сол кезде олардың елде қалуы ұзаққа созылып кетуі мүмкін. Осындай жағдай туындағанда не істеу керегін қазірден нақтылап алу керек" дейді.

16 тамыз кешкі бесте Шымкенттегі "Тоғыс" тұрғындар алабының тұрғындары Азаттық тілшісіне бірнеше жүк көлігі мектептегі төсек-орындарды қайта жинап әкеткенін айтты. Оған дейін мектеп ауласына төтенше жағдайлар министрлігінің көлігі кіргені де хабарланды.

16 тамызда Ақорда сайты мәлімдеме жасап, президент Тоқаев Ауғанстандағы жағдай бойынша жиын өткізгенін, "Қазақстанның мүдделерін есепке ала отырып, Ауғанстандағы жағдайға қатысты уақытында шара қабылдауды" талқыланғанын хабарлады.

Артынша президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Тоқаевтың мемлекеттік іссапармен Оңтүстік Кореяға келгенін, президенттің Сеулге сапарының бағдарламасы "аса ауқымды" екенін жазды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG