Accessibility links

Қытай газеті "Шыңжаңдағы мұсылмандар саны біршама өскен" дейді. Рас па?


Шыңжаң өлкесі Қашқар қаласында түсірілген сурет. 23 наурыз 2017 жыл.
Шыңжаң өлкесі Қашқар қаласында түсірілген сурет. 23 наурыз 2017 жыл.
Global Times

Global Times

Қытай Компартиясының газеті

Шыңжаң өлкесінде кейінгі он жылда халық саны 18 пайызға өскен. Бұл – Қытайдағы 31 провинциялық аудандардың арасында төртінші көрсеткіш. Жергілікті биліктің мәлімдеуінше, хансу мен этникалық азшылықтардың саны да қатты өскен.

Манипуляция

14 маусымда Қытайдың коммунистік партиясының Global Times газеті Шыңжаңдағы халық санағының есебіне қатысты мақала жариялап, онда Шыңжаң өлкесінде "кейінгі он жылда" хансу, ұйғыр және басқа да аз ұлттардың саны "әлдеқайда өсті" деп жазған.

"Шыңжаң өлкесінде кейінгі он жылда халық саны 18 пайызға өскен. Бұл – Қытайдағы 31 провинциялық аудандардың арасында төртінші көрсеткіш. Жергілікті биліктің мәлімдеуінше, хансу мен этникалық азшылықтардың саны да қатты өскен. Ал аймақтағы этникалық азшылықтардың үлесі 57 пайызды құрайды. Бұл хабар Қытайға қарсы күштер мен басылымдар 15 мамырда шыққан жетінші халық санағының деректерін пайдаланып, "геноцид" туралы сол баяғы жаланы жауып жатқан тұста жарияланды" деп жазды газет.

Батыс елдері мен халықаралық ұйымдар Қытай 2016 жылдан бері Шыңжаңдағы ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылмандарға қысым жасап жатыр деп, бұл әрекетті геноцидке теңеген. БҰҰ геноцидті "қасақана бір ұлтты, ұлысты я діни топтарды толық я жартылай жою әрекеті" деп сипаттайды. Геноцид әрекеттерінің қатарында "бала тууды әдейі шектеу, адамдарды қинау" бар. Адам құқығын қорғау ұйымдары мен сыншылар Пекин Шыңжаңда лагерьлер ашып, мұсылмандарды еркінен тыс қамап; бала тууды шектеп жатыр деп санайды.

Global Times дереккөз ретінде Шыңжаңдың статистика бюросының жаңа хабарламасын, баспасөз мәслихатында сөйлеген шыңжаңдық шенеунікті алған. Статистика бюросының бұл жолғы есебі бұрын жарияланған Қытайдағы халық саны бойынша дерекпен қабыспайды.

"Зерттеу институттардың 2018 жылы жариялаған Шыңжаңдағы ұйғырлардың саны бойынша есебінде біраз жансақтық бар, сондықтан халық санағы бойынша қайта қарауды қажет етеді деп түсіндірді шенеунік. Оның сөзінше, Шыңжаң халқы және соның ішінде ұйғырлардың саны тұрақты түрде өсіп келеді" деп жазды газет.

Басылым Шыңжаңда хансулардың саны 24,86 пайызға; ұйғырлардың саны 16,2 пайызға өсті дейді. Global Times Шыңжаңда хансулардың өсуін "өлкеге еңбек мигранттарының келуімен", "әлеуметтік жағдайдың жақсаруымен" және "экономикалық дамумен" түсіндіреді.

Компартияның газеті Австралияның стратегиялық саяси институтының (ASPI) "Шыңжаңда 2017-19 жылдар туу деңгейінің күрт төмендеуіне аз ұлттардың бала тууын шектеу саясаты әсер етті" деген есебін сынға алды. Басылым Шыңжаңдағы туу деңгейі экономикалық даму мен урбанизациядан деп санайды.

"Кейінгі жылдары Шыңжаңда кедейлікті қысқарту жұмыстары күшейіп, кедей аудандарда өнеркәсіп пен өмір сапасы ылғи жақсарып жатыр. Урбанизация да қарқын алып, қала халқы та өсіп келеді. Барлық ұлттың білім сапасы және адамдардың мәдениеті жақсарды. Соған сай, адамдардың бала тууға және оларды тәрбиелеуге деген көзқарасы өзгерді. Барлық ұлттық өкілі кеш үйленіп, өмірге аз бала әкеледі" деп жазды басылым.

Мақалада ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылмандарды қудалау әлі жалғасып жатқаны айтылмайды. БҰҰ Пекин Шыңжаңда бір миллионнан аса мұсылманды лагерьге қамап жатыр деген еді. Ал Қытай лагерьлер барын басында жоққа шығарып келді. Кейін мұндай орындардың барын дәлелдейтін деректер көбейген соң Пекин лагерьлерді "кәсіп меңгеру орталығы" деп атады. Бірақ "орталықта" отырып шыққандар бұл жерді түрмеден еш жері кем емес азаптау орны деп сипаттаған. Олардың сөзінше, мұнда адамдарды қинап, әйелдерді зорлаған.

"2017 жылдың сәуірінен бастап Қытайдың компартиясы Шыңжаңда бала тууды "төмендету және тұрақтандыру үшін, заңсыз бала тууға қарсы" "қатаң саясатын" жүргізді" деп жазды ASPI есебінде.

ASPI зерттеуінде Шыңжаңда, ұйғырлар, қазақтар және басқа да азшылық топтар тұратын елдімекендерде 2017-2019 жылдары туу деңгейі екі есеге – 48,74 пайызға төмендегені айтылады. Мұндай құлдырау Қытайдың басқа аймағында болмаған.

"Туу деңгейі ұйғырлар мен басқа да байырғы ұлттар тұратын аймақтарда қатты төмендеген. 2017-2018 жылы, яғни бір жылдың ішінде өлкеде бала туу 43,7 пайызға азайған. Мәселен, халқының 99 пайызы ұйғыр Хотан аймағында 2012 жылмен салыстырғанда 2018 жылы бала туу 70,8 пайызға төмендеген" деп жазылған институт зерттеуінде.

Global Times мақаласында "Қытайда 2017 жылдан басталған қала тұрғындарында екі, ауыр тұрғындарында үш баладан болу керек деген саясат Шыңжаңда да жүрді" дейді.

Бірақ ASPI есебінде "бұл отбасын жоспарлау саясатында алалау болғанын" жазады.

"Қытай басында аз ұлттарға дүниеге аз бала әкелу саясатын күштемей, тек азайтуға шақырған. Бірақ 2017 жылы бұл саясат күрт өзгеріп, Қытай билігі аз ұлттарға бала санын шектеуді күштеп таңа бастады. "Заңсыз бала тапқандар" айыппұл алып, жауапқа тартылып, сотсыз лагерье қамалған. Шыңжаңдағы отбасын жоспарлау қызметінің шенеуніктеріне бұл ережені бұзған әйелдерді жылдам тауып, жазалап, лагерьге қамау тапсырылған" деп жазады институт зерттеуінде.

Компартияның газеті Шыңжаңдағы мұсылмандарды күштеп стерилизация жасау жайлы да ештеңе айтпаған. France 24 телеарнасы Қытай билігі Шыңжаңдағы әйелдерге стерилизация жасауға және жатырға спираль орнатуға мемлекеттік квота бөлгенін жазған.

Қытайдан Еуропаға қашқан ұйғыр әйел Келбинур Седик AFP агенттігіне "Билік 50 жастан асып кетсем де спираль орнатуды талап етті" деп айтқан. Спираль орнату кезінде қатты қан кеткен соң оған стерилизация жасауды ұсынған, егер бұған бойын сұнбаса түрмеге қамалатынын айтқан.

Қытайдағы лагерьде отырдық деген қазақ әйелдер де Азаттыққа аборт жасатқанын, зорланғанын айтқан еді.

Қытайдың Вашингтондағы елшілігі қаңтарда твит жариялап, бала тууды бақылау саясатын қорғаған. Олар "бұрын ұйғыр әйелдерді бала жасайтын машина деп қорлайтын" еді деген. Елшілік кейін бұл твитті алып тастады.

"Зерттеулер көрсеткендей, экстремизммен күрес процесі кезінде Шыңжаңдағы ұйғыр әйелдерге ақыл кіріп, гендерлік теңдік пен әйелдердің денсаулығы жақсарды. Әйелдер бала шығаратын машинадан өзіне сенімді әрі тәуелсіз адамға айналды" деп жазылған еді твитте.

Вашингтондағы Қытай елшілігінің твиті.
Вашингтондағы Қытай елшілігінің твиті.

"Америка дауысы" сайтының деректерді тексеретін Polygraph.info сайты Қытай елшілігінің бұл твитін "жалған" деп тапқан. Polygraph.info "Қытайдың Шыңжаңдағы мұсылман әйелдерге бала тууды шектегені, стерилизация мен күштеп аборт жасатқанына дәлел көп" деген.

2020 жылы қазанда БҰҰ-дағы 39 елдің дипломаты Қытайдың мұсылмандар мен тибеттіктерге қарсы қысымын сынаған. Германия дипломаты Кристоф Хюгсен Қытай билігінің "бала тууды бақылау және стерилизация саясаты" барын айтқан. Дипломаттар Пекиннен Шыңжаңдағы лагерьлерді жабуды да талап еткен еді.

АҚШ, Ұлыбритания, Канада және Еуропа одағы Шыңжаңдағы қуғынға қатысы бар Қытай шенеуніктеріне санкция салған.

BuzzFeed жүргізген зерттеуде 2020 жылы Шыңжаңда күзеті күшті 270 қамау орнын анықтаған. "Бұл орындардың біразына ондаған мың адамды қамауда ұстауға болады" деп жазылған зерттеуде.

BuzzFeed зерттеуінде спутник суреттерін, Қытай билігінің құжаттарын, куәгерлердің, қамаудан шыққандардың сөзін пайдаланған.

Пекин Шыңжаңдағы саясатын "ішкі ісіміз" деп, мұндағы әрекетін ылғи қорғайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG