Accessibility links

Қазақстан Каспий теңізін қазып, канал салмақ. Бұл теңіздің экожүйесіне қалай әсер етеді?


Каспий теңізі Қашаған кен орнындағы жасанды аралдар.
Каспий теңізі Қашаған кен орнындағы жасанды аралдар.

Қазақстан билігі Қашаған операторы – "Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В." (NCOC) компаниясының Каспий теңізінің түбін қазып, канал салу туралы жобасын мақұлдады. Бұл канал мұнайшыларға Қашаған кен орнына жүк тасымалдау үшін керек. Қоғам өкілдері канал салу жобасы Каспийдің экожүйесіне кері әсер етеді деп қауіптенеді. Ғылыми бағалау бойынша, теңіз суы жыл өткен сайын тартылып барады. Ал тендер ұтып алған мердігер ұйым жұмыс бастауға техникасын сайлап отыр.

Мақала сәл ұзақ, сізге ыңғайлы болу үшін бірнеше бөлімге бөлдік. Қызықтырған бөлімді оқу үшін тақырыпшаларға шертіңіз.

  1. Судағы тіршілік иелерін сақтап қалу мүмкіндігі – нөл пайыз
  2. Қоғамдық тыңдау қалай өтті?
  3. Жоба қалай мақұлданған?
  4. "Басыңды жоғалтқанда шашыңды ойламайсың"
  5. Депутаттар қоғам өкілдерін қолдады
  6. Жоба итбалықтарға қалай әсер етеді?
  7. "Ағалардың" тендерге таласы және құрлықтағы Қашаған
  8. Күкірт сутегінің қоламса иісі
  9. NCOC жобаға кететін қаржы көлемін көрсетпей отыр

NCOC ұзындығы 56 километр, тереңдігі жарты метр, ені 80-115 метр канал қазуды жоспарлап отыр. Каспийдің түбіндегі 29 миллион шаршы метр аумақтан 18,5 миллион кубметр топырақ сыртқа шығарылады. Фрезерлік жер снарядтары Атыраудан 70 километр жерде орналасқан Солтүстік Каспий түбіндегі қорғауға алынған аймақты кесіп өтеді. Ресми дерек бойынша, бұл жердегі теңіз деңгейі бір метрден көп мөлшерге төмендеген.

Бұл тақырыптағы қоғамдық тыңдау тартысқа толы өтті. Соған қарамастан құрылыс жұмыстары осы айда басталады деп күтіліп отыр. Канал салу жұмысы 2023 жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланған.

СУДАҒЫ ТІРШІЛІК ИЕЛЕРІН САҚТАП ҚАЛУ МҮМКІНДІГІ НӨЛ ПАЙЫЗ

"Қашаған кен орны нысандарын салу. Теңіз кешені. Теңіздегі жүк тасымалдайтын кемелер жүретін канал" жобасының қоршаған ортаға әсері туралы бағалау құжатын Алматыдағы "SED" компаниясы дайындаған. Бағалау қорытындысы бойынша, теңізде және тұщы суда өмір сүретін ағзаларға (гидробионттар) канал құрылысынан келетін зардаптың жалпы көлемі 6 миллион доллардан (2,5 миллиард теңгеден көп) асады.

Қоршаған ортаға келетін әсерді бағалау құжатында теңіз түбін қазу жұмыстарының барлық кезеңі, қазылған топырақты үйіп жинау, судың лайлануы, жүк тасымалдайтын кемелер мен фрезерлік жер снарядтарының қозғалтқыштарын суыту үшін су алу гидробионттардың жойылуына әкеліп соғады. Зерттеу қорытындысына сәйкес, құрылыс жұмыстары жүретін жерлерде бентос (теңіз түбіндегі ағзалар) пен планктонды сақтап қалу коэффициенті – 0%.

Ал жобада "канал қазу жұмыстарының балық шаруашылығы өндірісіне ешқандай әсері болмайды" деп жазылған. Жоба авторының бағалауынша, канал құрылысынан кейін теңіз акваториясының итбалықтар күшіктеп жүрген жер жойылады.

Теңіз түбін қазу жұмыстары жүргізілетін аумақтың ситуациялық сызба картасы. Фото NCOC сайтынан алынды.
Теңіз түбін қазу жұмыстары жүргізілетін аумақтың ситуациялық сызба картасы. Фото NCOC сайтынан алынды.

Бағалау қорытындысында "жоба каналға жақын маңда тұратын халықтың денсаулығы мен өмір сүру деңгейіне кері әсер етпейді", бірақ "қоршаған ортаға біршама жеңіл өзгерістер әкеледі" делінген.

Жобаны ұсынушылар канал құрылысынан жаңа жұмыс орындарын ашу, жергілікті материалдар мен қызметтерді пайдалану, жергілікті кадрларды оқытып, кәсіби біліктілігін арттыру, инфрақұрылымды жақсартып, өңір экономикасының өсуіне үлес қосу сияқты "оң әсер" болатынын айтады.

ҚОҒАМДЫҚ ТЫҢДАУ ҚАЛАЙ ӨТТІ?

Экологтар мен қоғам белсенділері консорциумның оптимистік болжамдарымен келіспейді. Бұл Атырау облыстық табиғи ресурстарды басқару және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы ұйымдастырған қоғамдық тыңдау кезінде анық көрінді. NCOC сайтына 2020 жылы 21 қыркүйекте жарияланған хаттамаға сәйкес, 122 адам қатысқан қоғамдық тыңдау екі сағатқа созылып, онлайн форматта өткен.

NCOC компаниясының денсаулық, еңбек, қоршаған орта мен қауіпсіздікті қорғау жөніндегі директоры Қуанышбек Мұханов тыңдау кезінде "теңіз деңгейінің төмендеуіне байланысты мұнай өндіруге тікелей әсер ететін өндірістің логистикалық қажеттілігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жасанды аралдарға теңіз астынан канал салу керегін" айтқан.

Қоғамдық тыңдауда теңіздің биоалуандығына төнетін қауіп мәселесі көп талқыланды. "Глобус" үкіметтік емес ұйымының директоры, эколог Галина Чернова компаниядан теңіз деңгейінің төмендеуіне қатысты болжамдарын көрсетуді сұрады.

Галина Чернова.
Галина Чернова.

– Сіздер қазір канал салу үшін барлық құжатты тезірек рәсімдеп алуға асығып жатырсыздар. Ал теңіз деңгейі ары қарай да төмендей берсе, бұл каналдарды қайтесіздер? – деді эколог.

Компания өкілі бұл сұраққа "Қазір Каспий теңізінің алдағы 5-10 жылдағы деңгейіне қатысты нақты болжам жасау мүмкін емес" деп жауап берді.

Бірақ NCOC компаниясы Каспий теңізінің деңгейі тұрақты түрде төмендей берсе, шамамен 2040–2050 жылдарға қарай бұл каналдар жарамсыз болып қалатынын жоққа шығармайды.

Экологтың "бұл жерден бекіре тұқымдас балықтардың шабақтарын өсіріп, көшіп-қонатын жолдары өтеді, ал сіздер өңіріміздің ихтиофаунасына зиян келтіргелі отырсыздар” деген ескертуіне компания өкілі "жобаның қоршаған ортаға әсерін бағалау қорытындысы мен жобалық шешімдердің нәтижесіне сәйкес, бекіре тұқымдас балықтардың уылдырық шашатын жерлерге өтуіне еш кедергі жоқ" деп жауап берді.

Компанияның қоғамдық тыңдауға қатысушыларының сұрақтарына жауабы "теңіз флорасы мен фаунасына көп зиян келмейді, бірақ жүк тасымалдайтын кеме қозғалысының биожүйеге бәрібір әсері болады" дегенге саяды. Қоғамдық тыңдау хаттамасына сәйкес, компания "балық ресурстарына келетін зардап үшін" Қазақстанның экологиялық заңнамасы бойынша тиісті өтемақы төлеуге дайын екенін білдірген. NCOC өкілдері канал құрылысына арнайы мамандар қатысып, итбалық, құстар мен балықтарды бақылаумен айналысатынын айтады.

Қоғамдық тыңдау соңында ұйымдастырушылар қоғам өкілдерінің "ескертулері мен ұсыныстарын ескеруге уәде берді".

ЖОБА ҚАЛАЙ МАҚҰЛДАНҒАН?

Атырау облыстық экология департаменті бұл жоба қарауға 2020 жылы желтоқсанның соңында түскенін хабарлады. 2021 жылы қаңтарда департамент мемлекеттік экологиялық сараптама нәтижесіне сүйеніп, жобаны мақұлдамаған. Департамент NCOC компаниясы осыған дейін жіберілген ескертулер бойынша жұмыс істемегенін айтқан. Бірақ ақпанда жоба қайтадан департаментке жолданған. Наурызда экология, геология және табиғи ресурстар, ауыл шаруашылығы министрліктерінің салалық комитеті жобаны мақұлдаған.

Экологиялық талаптардың сақталуын бақылауға жауапты салалық ведомство шенеуніктерінің әрекеті мен мәлімдемелеріне қарағанда, бұл мәселе толық шешіліп, құрылыс жұмыстары басталатынға ұқсайды.

Департаменттің Азаттыққа берген жауабында 6 мамырда экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зулфухар Жолдасов пен балық шаруашылығы комитетінің басшысы Нариман Жүнісов Қашаған кен орнындағы канал салынатын аумаққа барғаны жазылған.

Дәл сол күні Атырауда шенеуніктер, ғалымдар, қоғам өкілдері, ақпарат құралдары мен NCOC компаниясы өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өткен. Жиынға қатысушылар "жобаны ұйымдастырушылар өндіріске қажетті тауарларды тасымалдау мәселесін шешуге, экологиялық, техникалық және экономикалық қауіптерді ескеріп, апатты жағдайға дер кезінде реакция білдіреді" деп шешіп, теңіз астын қазу жұмыстарын "бұл қысқа мерзімдегі ақталатын шығын" деп сипаттайды.

Мемлекеттік органдар NCOC компаниясының құрылыс жұмыстары итбалық популяциясына "әсер етпейді", ал балық қорына "аздаған шығын келеді" деген мәлімдемесімен де келіскен.

Компанияға құрылыс барысы туралы қоғамға ақпарат беріп, әр тоқсан сайын кездесу өткізіп тұруға кеңес берілген.

"БАСЫҢДЫ ЖОҒАЛТҚАНДА ШАШЫҢДЫ ОЙЛАМАЙСЫҢ"

Журналист әрі мұнай-газ саласындағы сарапшы Артур Шахназарян теңіз түбін тереңдету жұмыстарын жүргізбесе, компания кен орны жабдықтарын уақытылы ауыстырып үлгермейді, ал бұл апатты жағдайларға әкеп соғуы мүмкін деп есептейді.

Артур Шахназарян.
Артур Шахназарян.

– Қашағанда күкірт сутегі мен метанолдың мөлшері жоғары. Бұл құрал-жабдық пен құбырларды тот бастырып жібереді. Жабдықтарды дер кезінде ауыстырмаса, бәрі жарылып кетеді. Бар қауіп те – осында. [Қашаған] жобасын бастамау керек еді, бастаған соң, енді кері шегінерге жол жоқ. Бұл – мәжбүрлі шара. Басыңды жоғалтқан кезде, шашыңды ойламайсың, – дейді Шахназарян.

Сарапшы ол жерде бұл аумақта балық бұрын да болмаған, қазір ол жерге жоламайтынын айтады.

– Ол жердегі судың тереңдігі бір метр болса, қандай балық болуы мүмкін? Оның үстіне бекіре тұқымдас балық. Жылына бір рет ол жерден ұсақ балықтар өтеді деп есептеледі. Шындығына келгенде, ол жақта бұрыннан мұнай өздігінен төгіліп жататын. Қашаған кен орнын осылай тапты ғой! Мұнай күкірттен тұрады, сондықтан жобаны игеру басталған кезде-ақ шикізат балықтардың көзін жоя бастады. Яғни, бұл – балық пен биологияға кедей аудан. Тек қыста итбалықтар мұздың үстіне шығып, терісін тастайды, – дейді ол.

Артур Шахназарянның пікірінше, Қашағанды игеру – "технологиялық тұрғыдан сәтсіз жоба".

– Олар мұнайды газдан бөліп ала алмайды. Бір жылда өндірілуі керек шикізатты үш-төрт жылда өндіріп, созып жүрді. Мұнай өндіреді емес, оны сүзгіден өткізеді деген дұрыс шығар. Кен орнын игерудің бірінші кезеңі аяқталып келеді, компания Қашағанды 2054 жылға дейін толық игеру жобасын дайындап жатыр. Бұл жоба келесі жылдан бастап күшіне енеді. Ол –біз елестеткеннен де сәтсіз жоба. Бірақ біздің билік бас тарта алмайды, – дейді сарапшы.

– Бұл кен орны 25 жылдан бері пайдаланылып келеді (Үкімет пен NCOC компаниясы арасындағы келісім 1997 жылы жасалған. Бұл келісімшарт ашық дереккөздерде жоқ). Бірақ мұнайды уәде етілген 2005, 2008, 2013 жылдары емес, тек 2016 жылы ғана өндіре бастады. Қазір олар кен орнына төнген жаңа қауіп пен мәселеге тап болды, – дейді Галина Чернова.

Биыл сәуірдің соңында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелер жөніндегі жиында уақытты созбай, Қашағанды толық игеру процесін жеделдетуді тапсырды.

– Ақпанда концессионер компаниялардың басшыларымен кездесуде 2021 жылдың соңына дейін Қашағанды толық игеру жоспарын бекітуді тапсырдым. Үкіметтен осы мәселені бақылауына алып, тапсырманың орындалу мерзімін кешіктірмеуді сұраймын, – деді Тоқаев.

Наурыздың басында энергетика министрі Нұрлан Ноғаев министрлік алқасының жиынында сөйлеген сөзінде "Қазір Қашағанда тәжірибелік-өндірістік игеру кезеңіндегі нысандардың бәрі іске қосылған, олардың өндірістік қуаты тәулігіне 400 мың баррельді құрайды. Бірақ министрліктің 2020 жылы мамырда енгізген шектеулеріне байланысты қазір тәулігіне орташа есеппен 280 мың баррель мұнай өндіріледі” деп мәлімдеген.

Министрдің айтуынша, 2021 жылы кен орнынан алынған шикізат негізінде қуаты 1,1 миллиард кубметр, құны 860 миллион доллар болатын газ өңдейтін зауыт құрылысын бастау жоспарланып отыр.

ДЕПУТАТТАР ҚОҒАМ ӨКІЛДЕРІН ҚОЛДАДЫ

Экологтар мен қоғам белсенділерінің талабына мәжіліс депутаттары да қосылды. Олардың пікірінше, Каспий теңізінің акваториясының нашарлауы қоғамды алаңдатып отыр.

Мәжіліске "Нұр Отан" партиясының атынан сайланған депутат, экология және табиғатты пайдалану комитетінің мүшесі Дүйсенбай Тұрғанов әріптестерімен бірлесіп, 26 мамырда премьер-министрдің орынбасары Роман Склярдың атына депутаттық сауал жолдады.

Фрезерлік жер снаряды. Фото NCOC сайтынан алынды.
Фрезерлік жер снаряды. Фото NCOC сайтынан алынды.

Онда депутаттар вице-премьерге Экологиялық кодекс бойынша Каспийдің солтүстік бөлігі ерекше қорғауға алынған мемлекеттік қорық аумағына кіретінін, бұл жерде табиғатты пайдалануға байланысты шектеулер енгізіліп, инженерлік-құрылыс жұмыстарын жүргізуге тыйым салынғанын ескерткен.

Депутаттық сауалда "Каспий акваториясында теңізден жүк тасымалдайтын кемелер жүретін канал қазу орны толмас экологиялық салдарға әкеліп соғуы мүмкін. Кең аумақтағы теңіз түбін мекендейтін ағзалар 100 пайыз жойылады, судың лайлануы балық қозғалысы мен миграциясын нашарлады, шаң, күл, нитрат, түтін сияқты зиянды заттар суға түсіп, ағыспен бірге Солтүстік Каспийдің түбіне тұнып, ихтиофаунаның азық қорын бүлдіреді" делінген.

Депутаттар Қазақстан Ресей, Әзербайжан, Түркіменстан және Иранмен бірге қол қойып, 2005 жылы ратификациялаған "Каспийдің теңіз ортасын қорғау туралы шекаралық конвенциясына" сілтеп отыр.

Мәжіліс депутаттары вице-премьерден бірнеше сұраққа, оның ішінде "Бұл жобаға Каспий жағалауындағы басқа мемлекеттер рұқсат берді ме?" деген сауалға жауап беруді сұрады.

Хатқа "Нұр Отан" партиясының алты депутаты мен "Ақ жол" партиясының бір депутаты қол қойған.

ЖОБА ИТБАЛЫҚТАРҒА ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТЕДІ?

Канал құрылысының қоршаған ортаға әсерін бағалау құжатында жобаның Каспийде өмір сүретін жалғыз сүтқоректі – итбалықтарға әсері туралы бірнеше бөлімде жазылған. Жоба авторлары теңіз түбін қазу жұмыстарының итбалықтарға "болмашы" ғана әсер ететінін айтады.

Қолданбалы экология агенттігінің атқарушы директоры Фёдор Климов NCOC жобасы бойынша мемлекеттік сараптамаға қатысқан. Ол – қоршаған ортаға келетін әсер туралы құжат дайындау кезінде қолданылатын ықтимал зардапты бағалау әдісінің авторы.

– Олардың қоршаған ортаға келетін зардапты бағалау кезінде "зардабы өте көп болады-ау" деген нұсқаны таңдағанына көз жеткіздім. Яғни, олар әлі жұмыс бастамай тұрып, бірақ ең негативті нұсқаны таңдаған. Мұндай көп зиян болмайды әрине, бірақ біз үнемі негативті сценарийлердің алдын-алып, сақтануға тырысамыз, – деді Климов.

Каспий теңізінің жағалауында жатқан итбалықтың өлексесі. Баутино, Маңғыстау облысы, 27 сәуір 2013 жыл.
Каспий теңізінің жағалауында жатқан итбалықтың өлексесі. Баутино, Маңғыстау облысы, 27 сәуір 2013 жыл.

Агенттік басшысының дерегінше, Қашаған территориясында бір шаршы километрдегі итбалық саны 0,04-0,06 аралығында өзгереді.

– Иә, ол жақта итбалық кездеседі, сол жерден азығын тауып жейді. Оларға әсер етпеу үшін итбалықтардың жер снарядтарына бір километр қашықтықтан ары жақындауға мүмкіндік бермейтін арнайы құрылғы қолданылады. Бұл – жануарларды үркітетін норвегиялық құрылғы, оны ТШО (ТШО Каспийдегі Теңіз кен орнын игеріп жатыр, 2014 жылы Солтүстік Каспийдің оңтүстік-шығыс бөлігіндегі Прорва кен орны аумағынан 700 миллион долларға ұзындығы – 50 км, тереңдігі – 5 метр болатын канал салатынын жариялаған) да пайдаланған. Итбалықтарға зиян келмейді, бірақ құрылыс жұмыстары кезінде олардың мазасын біраз аламыз, – дейді Фёдор Климов.

Мейірғали Баймұқанов
Мейірғали Баймұқанов

Биология ғылымдарының докторы, Алматыдағы гидробиология және экология институтының директоры Мейірғали Баймұқанов он бес жылдан бері Каспий итбалығын зерттеп келеді.

– Итбалықтар адамдар сияқты теңіз деңгейінің төмендеуіне бейімделе алады. Біздің зерттеулеріміз итбалықтардың бес-он жыл бұрын жатқан жерлерден кетіп, теңіздің түбіне қарай жылжып, жаңа аралдар іздейтінін көрсетті, – дейді Баймұқанов.

Ғалымның дерегінше, кейінгі жылдары итбалық саны тұрақтала бастаған. Бұл бірінші кезекте, 2006 жылдан бастап итбалық аулауға ресми түрде тыйым салумен байланысты.

Баймұқановтың айтуынша, соңғы зерттеулер биыл сәуірде жүргізілген. Ғалымның бағалауынша, қазір Каспийде жүз мыңнан астам итбалық бар. Есеп нәтижесі күзде белгілі болады. Мамандардың есебінше, биыл 60 мыңнан астам күшік (ақүрпек) туады деп күтіліп отыр.

– Құдай сақтасын, бірақ аяқ астынан кен орнында мұнай төгілсе, итбалық жаппай қырылып, үлкен апат болады. Өйткені олар көбіне мұнай кен орындарына жақын маңда шоғырланған. Мұнай саласы өндіріске қызмет ететін инфрақұрылым салуды талап етеді. Теңізге барынша аз деңгейде әсер ететін шараларды таңдау керек. Канал құрылысының қоршаған ортаға әсерін бағалау құжатында итбалықтардың қыста жайлайтын аумағы алынады деп жазылғаны алаңдатып отыр. Осыны тексеріп көру керек.

Ғалымның айтуынша, соңғы рет итбалықтың жаппай қырылуы 2017 жылы болған. Ол кезде Маңғыстау облысынан 240 итбалық өлі күйінде табылған.

Баймұқановтың сөзінше, биыл көктемде Түп-Қараған мүйісі, Қаламқас кен орны мен Комсомолец бұғазының батыс жағалауынан 72 итбалықтың денесі шыққан.

– Ол жақта итбалық денесінің қалдығы ғана болды, күз бен қыста өлген жануарлардың денесі жағалауға жаңа шыққан. Сараптама қорытындысы олардың өліміне зиянды заттардың қатысы жоғын көрсетті.

–Итбалықтар күкірт сутегінен өледі десек, бұл ғылыми тұрғыдан дәлелденуі керек. Бірақ өкінішке қарай, өзім білетін итбалықтардың жаппай қырылу оқиғаларының бәрінде бірде-бір дәлелденген жағдай болмады. Итбалық улы ластанудың әсерін сезеді деген ғылыми факті бар. Бұл мұнай секторы, ауыл шаруашылығы немесе басқа да факторлардың әсерінен болуы мүмкін. Біздің зерттеулеріміз теңізде микропластик те барын көрсетті. Микропластик азықпен бірге итбалықтың ішіне түсуі мүмкін. Каспийде ағыс жоқ, сондықтан Еділ мен Жайықтан түскен нәрсенің бәрі теңізде қалады. Яғни, итбалықтардың кешенді улану процесі жүріп жатыр, бұл жануардың ұрпақ тарату қабілетін төмендетеді, – дейді Баймұқанов.

Қашаған кен орнындағы негізгі нысандардың орналасу сызбасы. Фото NCOC сайтынан алынды.
Қашаған кен орнындағы негізгі нысандардың орналасу сызбасы. Фото NCOC сайтынан алынды.

"АҒАЛАРДЫҢ" ТЕНДЕРГЕ ТАЛАСЫ ЖӘНЕ ҚҰРЛЫҚТАҒЫ ҚАШАҒАН

Эколог Галина Чернова теңіз түбінен канал қазу Каспийдің қазақстандық секторына (Солтүстік-шығыс Каспий) кері әсер етеді деп есептейді.

– Теңіз суы тартылып жатыр. Жоба ақылға қонбайды, оның еш мәні жоқ. Өйткені сегіз жылдан кейін теңіз жағалаудан алыстап, түбі көрініп қалады. Олар неге бұл туралы ертерек ойланбады? Бұл мәселе 2018 жылы қаралып еді ғой? Үш жылда таяз суда жүзе алатын кемелерді сатып алып, қазір бұл мәселені қоғамның алдына асығыс шығармауға болар еді. Иә, жоба логистика бойынша қысқамерзімді мәселелерді шешеді, бірақ одан кейін не болады? – дейді эколог.

Чернова ғылыми деректерге сүйеніп, теңізде әр жүз жыл сайын трансгрессия мен регрессия болатынын айтады. 1977 жылдан бері теңіз құрлықты басып, жақын маңдағы аумақтар су астына кетіп, су деңгейі көтерілген. Кейін теңіз деңгейі күрт төмендей бастаған.

– Неміс ғалымдарының есебі бойынша, теңіз деңгейі кем дегенде 2054 жылға дейін төмендей береді. Қашаған құрлыққа шығып қалады деген қауіп бар. Теңіздің түбі құрғаса, бұл каналдардың не қажеті бар?! – дейді Чернова.

Эколог пен оны қолдайтын азаматтар қайта қоғамдық тыңдау ұйымдастырып, канал құрылысының қоршаған ортаға әсерін бағалау құжатын қосымша мақұлдаудан өткізуді сұрап отыр.

– Олар қырсығып, көнбей отыр. "Канал құрылысының қоршаған ортаға әсерін бағалау құжатына ешқандай өзгеріс енбеді, қайтадан қоғамдық тыңдауөткізуге негіз жоқ" дейді. Экология министрлігінен де мақұлданып кеткен құжаттарды кейін қайтарып, мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысының күшін жоюды сұрап отырмыз, — дейді Чернова.

Чернова шын мәнінде бұл жобада тендерге таласқан "ағалардың" мүддесі туралы жатыр деп топшылайды.

– Біз ақымақ сияқты ережесін білмесек те осы ойынды ойнап жатырмыз. Олар бізді мазақ қылып, осының бәріне экологиялық сипат беріп отыр. Шын мәнінде, канал құрылысына кететін қаржы үшін қырғын төбелес болып жатыр.

Сәуірдің басында қазақстандықтардан құралған бастамашыл топ желіде канал құрылысына қарсы петицияға қол жинай бастаған. Екі айдан аз уақыт ішінде петицияға 20,5 мың адам қол қойған.

КҮКІРТ СУТЕГІНІҢ ҚОЛАМСА ИІСІ

Эколог Галина Чернова кен орындарының өңір халқына жалпы әсері туралы пікірін бөлісіп, олардың Атырау қаласы мен облысын күкірт сутегімен улап отырғанының жанында, канал қазу жобасы түк емес деп есептейді. Бұл пікірге өңірде күкірт сутегінің иісі көп шығатынын айтқан Артур Шахназарян да қосылады.

– Бізде Қашағанда мұнай өндіріле бастағалы күн сайын Атырау атмосферасындағы күкірт сутегінің мөлшері рұқсат етілген шектік мөлшерден бірнеше есе жоғары екені байқалады. Бұл Қаратабаннан келіп жатыр. Кейде иіс тура теңіз жақтан шығады. Қаладағы ауа құрамында үнемі адамның өміріне қауіпті заттар болады. Үнемі шіріген жұмыртқаның иісі шығып тұрады, бұл ауаны жұтып, өмір сүру мүмкін емес. Олар бұл мәселені шеше алмайды. Бізді жел ғана құтқарып отыр, – дейді Шахназарян.

Облыстық экология департаменті Атырау тұрғындары негізінен Атырау мұнай өңдеу зауытынан, "Тухлая балка" және "Квадрат" қалдық су тазалау аумағынан шығатын иіске шағынатынын айтады.

Ведомствоның хабарлауынша, жергілікті билік экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында Атырау облысының экологиялық мәселелерін шешуге арналған жол картасын бекіткен. Алдағы жылдары жол картасы аясында қалдық су тазалау аумағын рекультивациядан өткізу жоспарланып отыр.

NCOC ЖОБАҒА КЕТЕТІН ҚАРЖЫ КӨЛЕМІН КӨРСЕТПЕЙ ОТЫР

NCOC жобаны ғылыми қауымдастық пен жергілікті билік қолдағанын айтады. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің экологиялық реттеу және бақылау комитетінің сайтында "Каспийге зиян келмейді" деген хабарлама жарияланған. Онда "компания келетін шығынды өтеу бойынша бүкіл жауапкершілікті өз мойнына алады” деп жазылған.

NCOC компаниясының қоғаммен байланыс бөлімі жіберген жауапқа сай, Канал құрылысы жобасының техникалық авторы – Нидерландыда тіркелген "Witteveen+Bos Consulting Engineers B" кәсіпорнының еншілес компаниясы "Witteveen+Bos Caspian.

NCOC дерегінше, жобаны жүзеге асырумен қазақстандық мердігер мен халықаралық компанияның бірлескен кәсіпорны айналысады. Компания "коммерциялық сипаттағы ақпарат бермейтінін" алға тартып, жобаға кететін қаржы көлемін жарияламай отыр.

"Норт Каспиан Оперейтинг Компани" (NCOC) 1997 жылы 18 қарашада жасалған Солтүстік Каспий өнімін бөлу туралы келісім аясында консорциумға мүше жеті қатысушының атынан Қашағаннан мұнай мен газ өндіреді.

Компания игеріп отырған 5600 шаршы километр аумаққа Қашағаннан бөлек, Ақтоты және Қайран кен орындары кіреді.

Консорциум мүшелерінің жобадағы үлесі:

КМГ Қашаған Б.В. — 16,88 пайыз;

Аджип Каспиан Си Б.В. — 16,81 пайыз;

ЭксонМобил Қазахстан Инк. — 16,81 пайыз;

Шелл Қазақстан Девелопмент Б.В. — 16,81 пайыз;

Тоталь ЭиП Қазақстан — 16,81 пайыз;

КННК Қазақстан Б.В. — 8,33 пайыз;

Инпекс Норт Каспиан Си, Лтд. — 7,56 пайыз.

Қашаған — әлемдегі кейінгі 40 жылда барланған ең ірі мұнай кен орындарының бірі. Оның қоры шамамен 9-13 миллиард баррель мұнайды құрайды. Кен өндіру әдісінің қиындығы, қатаң климаттық және экологиялық жағдайға байланысты Қашаған "әлемдегі күрделі мұнай жобалардың бірі" саналады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG