Accessibility links

Қазақстан мұнайынан "бас тартқан" ВР және сарқылу қаупі төнген Балқаш


Қазақстанның Теңіз кенішіндегі күкіртсутек жанып жатқан мұржалар. Атырау облысы
Қазақстанның Теңіз кенішіндегі күкіртсутек жанып жатқан мұржалар. Атырау облысы

Осы аптада басылымдар британдық British Petroleum-ның "жасыл энергия стратегиясына сай келмейтін" Қазақстандағы кеніштен бас тартқанын жазды. Сонымен бірге Қытайда ауыл шаруашығылы қарқынды дамып жатқандықтан, Балқаш көлі тартылып кетуі мүмкін деген болжам айтты. Бұған қоса, коронавирусқа қарсы вакцина салу науқанының кешеуілдеу себептеріне тоқталды.

ВР МҰНАЙ ЕМЕС, САРҚЫЛМАЙТЫН ЭНЕРГИЯҒА БАСЫМДЫҚ БЕРЕДІ

"Қазмұнайгаз" ұлттық мұнай-газ компаниясы British Petroleum (ВР) Қазақстандағы мұнай кеніштерін игеру жөніндегі келіссөзге қатысудан бас тартқанын хабарлады. Оған себеп – британдық мұнай алпауыты сарқылмайтын энергия көздеріне басымдық береді, яғни Қазақстанда мұнай өңдеу оның жаңа стратегиясына сай келмейді. Америкалық Diplomat бұл оқиғаны "Қазақстан үшін нашар жаңалық" деп бағалаған.

Басылымның жазуынша, ВР-дың Каспий теңізі қайраңындағы үш блок бойынша келіссөз жүргізу ниетінен бас тартатыны туралы былтырғы қазанда жіберген хатын "Қазмұнайгаз" өткен аптада ғана жарыққа шығарған. Онда да оны қазақстандық Orda.kz онлайн басылымындағы "ВР келіссөз жүргізетін адам болмағаннан талқыдан бас тартты" деген сарындағы мақаланы терістеу мақсатында жариялаған. Хаттың мазмұнына қарасақ, британдық мұнай алпауыты "Үлкен Жамбыл", "Жемчужина" және "Қаламқас" офшор блоктарын зерттей келе, "сарқылмайтын энергияға бет бұру стратегиясы" негізінде келіссөзге әрі қарай қатыспауды жөн деп тапқан".

Каспий теңізіндегі Қашаған мұнай кенішінің әуеден көрінісі. 7 сәуір, 2013 жыл.
Каспий теңізіндегі Қашаған мұнай кенішінің әуеден көрінісі. 7 сәуір, 2013 жыл.

Diplomat мұны "ВР-дің Каспийге қайта оралу жоспарының бұзылуы" деп бағалайды.

Biritish Petroleum Қазақстандағы Теңіз мұнай кенішінен және Каспийден өндірілген шикі мұнайды Қара теңіз жағалауындағы портқа тасымалдайтын мұнай құбырын тарту үшін құрылған "Каспий құбыр консорциумынан" шығатынын 2009 жылы мәлімдеген. Сол жылы мамырда ол консорциумға кіретін, LukArco компаниясындағы 46 пайыз акциясын Ресейдің "Лукойлына" қайта сатып жіберген. Бұған қоса, сол жылы ВР құбыр консорциуымының 1,75 пайыз акциясына иелік еткен Kazakhstan Pipeline Ventures компаниясындағы үлесін "Қазмұнайгазға" сатып, Теңізді игеруден біржола кеткен.

2019 жылы британдық компания Қазақстандағы мұнай жобаларына қайта қызығушылық танытып, "Қазмұнайгазбен" түсіністік меморандумына қол қойған, кейін сол ниетін қайталап хат та жіберген. Пандемиядан мұнай бағасы түсіп жатқан былтырғы күзде күзде британ компаниясы жобадан бас тартты.

Bloomberg агенттігінің жзауынша, "Екеуі де алып Қашаған кенішінде орналасқан жобалардан бас тартуға шығынның көптігі және оның тиімсіздігі" себеп болған.

"2020 жылы пандемия кесірінен барыс-келіс азайып, мұнай бағасы тіпті құлдырап кетті. Осы тоқырау кезеңінде ВР және бірнеше ірі мұнай компаниясы зиянды қалдығы жоқ өндіріске бет бұратынын айтты.

ВР-дың атқарушы директоры Бернард Луни 2021 жылғы ақпандағы конференцияда бұл трендке қарсы келу мүмкін емесін айтқан: "Тартылыс күшіне төтеп бере алмайсыз, қоғамның қалауына қарсы шыға алмайсыз. Мен жұртқа сарқылмайтын энергия көзін беретін

адамдар қатарынан болғым келеді" деген еді ол.

"Басқа компаниялар тастап кеткен жобаны ВР-дың қолға алмауы – Қазақстан үшін нашар жаңалық" деген басылым бұған дейін нидерландтық Shell-дың Хазар кеніші жобасынан және халықаралық бірлескен кәсіпорын – North Caspian Operating Company (NCOC) консорциумынан шығып кеткенін еске салады. Олар да Қазақстан кенішінде мұнай өндірудің тым қымбатқа түсетінін айтқан.

Diplomat-тың жазуынша, 2020 жылы "Қазмұнайгазда" мұнай өндірісі 8 пайызға, ал газ өндірісі – 3 пайызға азайған, құбырмен газ тасымалдау 16 пайызға түскен.

"ҚЫТАЙДЫҢ КЕСІРІНЕН БАЛҚАШ САРҚЫЛУЫ МҮМКІН"

Орталық Азиядағы қазіргі ең үлкен көл – Балқаш бір кездегі Арал теңізінің кебін киіп, тартылып қалуы ықтимал. Бұған Қытайдағы ауыл шаруашылығы өндірісінің ұлғаюы басты себеп болмақ. Water деп аталатын ғылыми журналда жарық көрген Оксфорд университеті ғалымдарының зерттеуінде осындай қорытынды жасалған. Олардың болжауынша, көл суының 80 пайызын беретін 1500 километрлік Іле өзеніне суалу қауіп төніп тұр.

Су тұтынудағы өзгерістер мен климаттың түрлі сценарийлерін қосу арқылы жүздеген симуляция жасаған ғалымдар Балқаш көлін көп жағдайда "ауыр тағдыр күтіп тұр" деген қорытындыға келген.

2020 жылы АҚШ, Қазақстан және Қытай зерттеушілерінен құралған топ спутник мәліметтерін қолдану арқылы Қытай жағындағы суармалы егістік алқабы 1995-2015 жылдар аралығында шамамен 30 пайызға артқанын байқапты. Ал Қазақстан жағында көп өзгеріс болмаған.

Іле өзені Қытайдың Шыңжаң аймағынан бастау алады. Бұл – ұйғыр, қазақ, қырғыз сияқты жергілікті мұсылмандарды "саяси үйрету лагері" деген орындарға мыңдап қамаумен аты шыққан аймақ. Батыстың кей елдері Қытайдың бұл әрекетін "геноцид" деп атаған. Сондықтақ Қытай "ашық ақпарат бере бастауы екіталай" деп жазады осы мақалаға шолу арнаған Eurasianet.

Ғалымдардың жазуынша, Іле суын тұтынуды азайту үшін жаңа технологияны пайдалану керек және күріштен гөрі суды аз қажет ететін мақта сияқты өнімдерді өсіру керек. Бірақ ондай жоспар жоқ сияқты. Есесіне авторлар Қытайдың "қурайлы, шалғынды даланы суармалы егіс алқабына айналдыру жоспары барын" жазған.

Шыңжаңның Хотан аймағында мақта теріп жүрген адамдар. Қытай, 2017 жыл.
Шыңжаңның Хотан аймағында мақта теріп жүрген адамдар. Қытай, 2017 жыл.

"Олардың болжамы тым қорқынышты. Симуляцияның барлығында дерлік Іле суының деңгейі Балқашты толтыруға қажет деңгейден төмен. Тіпті қазіргі сұраныстың өзі суды көлді толтыруға қажет деңгейден екі есе төмендетеді. Соңғы 20 жылда Іле сағасындағы өсімдіктердің "біртіндеп жойылуының" себебі де – осы. Симуляцияның жартысында алдағы 40 жылда Балқашты сақтап қаларлық су көлемінің болмайтыны анықталды" деп жазады Eurasianet.

"Қытай жағында адал ниеттің болмауы қиындық келтіруі мүмкін, себебі Пекин іргелес Шыңжаңда отыр әрі әлем назарын өзінің дамуға бағытталған "Бір белдеу – бір жол" жобасына аударғысы келеді (басқа зерттеушілер бұл жобаның өзі суға қатысты көп проблема туғызады деп санайды). Моңғолия шекарасында Қытайдан Қазақстанға қарай ағып жатқан Ертіс деген ірі өзеннің болашағы жайлы да осындай болжамдар бар" деп жазады басылым.

ВАКЦИНАЛАУ НАУҚАНЫ НЕГЕ БАЯУ?

Қазақстандағы коронавирус инфекциясына қарсы вакцина салу науқаны баяу жүріп жатыр, үкіметтің бұған қатысты жоспары түсініксіз, ел ішінде екпеге қарсы алыпқашпа пікір көп. Бельгияда шығатын International Politics and Society (IPSO) онлайн журналы Қазақстандағы қазіргі екпе науқанына осындай баға береді. Қазақстанда халықтың азғантай бөлігіне Ресейдің "Спутник V" вакцинасы егілгенін айтқан автор үкіметтің жергілікті QazCovid-in екпесін шығару жоспарына және Sinovac, Sinopharm, BioNTech/Pfizer сияқты басқа өндірушілермен келіссөз жүргізіп жатқанына тоқталады.

Қазақстанға Ресейден келген "Спутник V" вакцинасы салынған қораптар. 2021 жыл, ақпан.
Қазақстанға Ресейден келген "Спутник V" вакцинасы салынған қораптар. 2021 жыл, ақпан.

"Бұл вакциналар Қазақстанда қалай, қашан қолданылатыны, жалпы халыққа қашан екпе салына бастайтыны, оның қандай ретпен жүретіні анық емес. Қазақстан халқының вакцина салдыру ниеті туралы сауалнама да жоқ, дегенмен әлеуметтік желіде тарап жатқан түрлі конспирологиялық теориялар сенімсіздікті күшейте түседі" деп жазады автор.

Оның айтуынша, Қазақстан басшылығының вакциналауды асықпай жүргізуіне халықтың көп бөлігінің былтыр ауырып кеткені себеп болуы мүмкін. "Бейресми болжамдарға" сүйенген автор Қазақстанда тұрғындардың үштен бірі дерт жұқтырған деген тұжырым айтады: "Әлеуметтік желіде талқыланып жатқандай, Қазақстанда топтық иммунитет қалыптасты ма, жоқ па, оны тек долбарлай аламыз, бірақ бұл шындыққа жанасатын сияқты".

Автордың айтуынша, жаңа карантин шектеулері Қазақстан экономикасына өте ауыр тиюі мүмкін. Оған себеп – "диверсификациланбаған және ресурстарға тәуелді болғандықтан құбылып тұрған" экономика.

"Еңбекке қабілетті адамдардың 50 пайыздайын құрайтын ең мұқтаж кісілерге 95 еуро төңірегінде жәрдемақы төлеген соң (2020 жылғы наурыз-мамыр айларында үкімет табысынан айырылған азаматтарға айына 42500 теңгеден төлеген – Ред.) мемлекет бюджеті сарқылып қалды. Жаңа локдаун Қазақстанның дамуына қатер төндіріп қана қоймай, оны біраз жылға кері шегіндіруі мүмкін. Бұл жағдай елдегі тыныштық пен үйлесімге де кері әсерін тигізуі ықтимал. Пандемияға қатысты бүгінгі жеңіл шектеулер саяси-экономикалық және дәл қазіргі эпидемиялық жағдайға негізделген. Вакциналау деңгейін арттырып, бірізді стратегияны жүзеге асырса, Орталық Азиядағы бұл ел екі дағдарыстан бір екпенің көмегімен шыққан болар еді" деп қорытады IPSO.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG