Accessibility links

Белсенді оққа ұшса да, ешкім жазаланбады. Бақтыбаевтың өліміне қатысты сот қалай аяқталды?


Ғалы Бақтыбаевтың жақындары үйдің ауласында отыр. Белсендіні осы үйдің табалдырығында атып кеткен. Атасу, 1 маусым 2019 жыл.
Ғалы Бақтыбаевтың жақындары үйдің ауласында отыр. Белсендіні осы үйдің табалдырығында атып кеткен. Атасу, 1 маусым 2019 жыл.

Қарағанды қаласындағы сот жаңаарқалық белсенді Ғалы Бақтыбаевтың қазасына қатысты күдікке ілінгендерді ақтады. Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданындағы заң бұзушылықтарды әшкере еткен белсенді кісі қолынан қаза тапса да, ешкім жазаланбады. Марқұмның жақыны соттан мұндай шешім күтпеген.

"Кінәлі емес". Қарағандыдағы сот алқасы белсенді Ғалы Бақтыбаевтың өліміне қатысты сотта осындай үкім шығарды. 2019 жылы 28 мамырда жаңаарқалық 59 жастағы белсенді Ғалы Бақтыбаевты біреулер үйінің табалдырығында, әйелінің көзінше атып кеткен. Бақтыбаев оқтан қаза болған. Кейін полиция күдіктілерді ұстағанын хабарлап, бір жылдан соң іс сотқа жеткен еді. 1 маусымда сот күдіктілердің адам өлтіргені дәлелденбеді деген шешім шығарды.

АЙЫПТАЛУШЫЛАРДЫҢ ҚУАНЫШЫ, ЖӘБІРЛЕНУШІНІҢ ТАҢДАНЫСЫ

Бақтыбаевтың өліміне күдіктілер – бұрынғы полицей (белсенді қаза тапқанда ішкі істер органында жұмыс істеген), Бақтыбаевтың туысқаны болған кәсіпкер, бұрын сотталған екі тұрғын – сот шешіміне қатты қуанды. Олардың жақындары да қуаныштарын жасырмады.

Іс бойынша жәбірленуші саналатын Зәуре Бақтыбаева (Ғалы Бақтыбаевтың әпкесі) сот шешімінен кейін көңілі түсіп кетті.

— Айтарға сөзім жоқ. Қалай болғаны? шу тудырған іс еді, ІІМ бұл қорқынышты қылмысты ашамыз демеп пе еді. Адамды өлтіріп кетті, бірақ ешкім жазаланбай ма? Апелляцияға беремін, президентке дейін жеке барамын. Адам өлтіргендер жазаланбаса не істеуім керек? Тергеу қылмыс жасағандардың ізіне түсті деп ойлап едім, оларды ақтады. Енді не болмақ? Мұны бұлай қалдырмаймын, - деді марқұмның әпкесі Азаттық тілшісіне.

Ғалы Бақтыбаевтың әпкесі Зәуре Бақтыбаева (оң жақта).
Ғалы Бақтыбаевтың әпкесі Зәуре Бақтыбаева (оң жақта).

"Адам өлтіруді ұйымдастырды" деп айыпталған 42 жастағы экс-полицей Ғалым Ахмеджанов пен 41 жастағы бизнесмен Азамат Букенаев ақталды. Олар сот барысында тағылған айыптарды мойындамады. Бірақ тергеу кезінде бұрынғы полицей басқа сөз айтқанымен, сотта "тергеу мені көндірді" деді.

Прокурор оларды 20 жылға соттауды сұраған. Сот алқасы бір ауыздан адам өлімінде тапсырыс ізі және айыпталушылардың бұл өлімге қатысы жоқ деп тапқан. Сот оларды қамаудан босатуға қаулы шығарды. Айыпталушыларды Атасуға, үйлеріне, жіберді. Олар екі жылдай қамауда отырған еді.

Прокурор бұрын бірнеше рет сотталған 29 жастағы Иман Мияшовқа 25 жыл сұраған. Тергеу Мияшовты тапсырысты орындаған киллер деген еді. Сот ол адам өлтіруге қатысы жоқ деп тапты. Бірақ сот Мияшовты Бақтыбаевтың көзі тірісінде оны соқты және бұзақылық жасады (Ақсудың екі тұрғынының терезесіне оқ ату фактісі) деп айыптап, бес жылға түрмеге қамады.

Ғалы Бақтыбаев.
Ғалы Бақтыбаев.

Соттағы соңғы сөзінде Мияшов Бақтыбаевты соққанын және бұзақылық жасағанын мойындап, басқа айыптарды жоққа шығарған. Тергеу кезінде ол да басқаша сөйлеген, бірақ сот отырысы кезінде "тергеу мені мәжбүрледі" деген.

Сот Мияшовты тағы бір эпизод – Ақмола облысының тұрғынын өлтірмек болды деген күдік бойынша да ақтады. Айыптау тарабының дерегінше, Мияшов ер адамға оқ атқан. Оқ тиген адам сотта мүгедек болып қалғанын, Мияшовты өмір бойына түрмеге қамауды сұраған. Бірақ сот алқасы Мияшов адам өміріне қауіп төндірмеді деп шешті.

Сот Мияшовпен бірге Ғалы Бақтыбаевты ұрды деген 31 жастағы Елдар Жәкенді (бұрын бірнеше рет сотталған) үш жарым жылға соттады. Жәкен сот кезінде айыбын мойындаған. Прокурор соттан оны үш жарым жылға соттауды сұраған еді.

Айыпталушылардың жақындары үкім шыққан соң сот алқасына алғыс білдірді.

— Мен толық ақталып шығады деп айттым ғой. Мияшовты да адам өлтіру бойынша ақтады, себебі қару басқа болған. Кешіріңізші, эмоциядан қазір ештеңе айта алмай тұрмын, - деді айыпталушы Азамат Бөкенаевтың әпкесі әрі қоғамдық қорғаушысы Сымбат.

— Толық ақтап босатты. Алда апелляция болатын шығар, бірақ бұл бәрібір біз үшін жеңіс. Қуаныштан толқып тұрмын. Біз ұзақ күттік, бастысы айып дәлелденбеді. Кеше жақсы шешім болады деп ойлаған едік, сендік, - деді айыпталушы экс-полицейдің жақыны Азаттық тілшісіне.

СОТ: ШЕШІМ БАСЫМ ДАУЫСПЕН ҚАБЫЛДАНДЫ

Прокуратура шағым түсірер-түсірмесі белгісіз. Мемлекеттік айыптаушы сот барысында "күдіктілер жергілікті мәселелерді көтеріп жүрген Бақтыбаев таяқ жеген соң арыз жазуды қояр деп күткен. Бірақ Бақтыбаев өзінің қоғамдық жұмысын жалғастыра берген. Кейін полицей мен кәсіпкер оны өлтіруге тапсырыс берген" деген еді.

Прокурор айтқан "кәсіпкер" - Азамат Букенаев Бақтыбаевтың күйеу баласы болып келеді. Ол белсендінің бұрынғы некесінен туған қызының күйеуі. Бақтыбаев Букенаев Жаңаарқа аудандағы полицейлермен жақын қарым-қатынаста деп арыз жазған.

Айыптау актісіне сай, олар Бақтыбаевты өлтіруге Мияшовты жалдап, оған бір миллион теңге (сол уақыттағы курспен 2,5 мың доллар) уәде еткен, Мияшов келісіп, тапсырысты орындаған.

Туыстарының сөзінше, киллер үй иесі Ғалы Бақтыбаевты осы бұрышта тығылып күтіп тұрған. Атасу, 1 маусым 2019 жыл.
Туыстарының сөзінше, киллер үй иесі Ғалы Бақтыбаевты осы бұрышта тығылып күтіп тұрған. Атасу, 1 маусым 2019 жыл.

Сот алқасы кеңесуге 28 мамырда кеткен. Сол күні айыпталушылардың туыстары видеомәлімдеме таратып, сот алқасына қысым жасала ма деген қорқынышын білдірген.

Облыстық сот сейсенбі күні үкімге қатысты пікір білдіріп, "сот алқасы айыпталушылардың кінәсі дәлелденген жоқ деп бірауыздан шешті" деді.

"Заң бойынша, істі сот алқасы қараса айыпталушыларға шешім дауыс беру арқылы шығарылады. 10 сот алқасы мен судья дауыс береді. Әрқайсы бір дауысқа ие. Судья басым дауысқа ие емес. Егер алты дауыс беруші айыптаумен келіспесе, ақтау шешімі шығады. Ал Букенаев, Ахмеджанов және Мияшовтың ісі бойынша он адам ақтау керек деп дауыс берді" деп хабарлады Қарағанды облысы сотының баспасөз қызметі.

Шешім шыққан соң желіде талқы үдеп, бір топ шешіммен келіспей, сот алқасы істі дұрыс қарамады десе; енді бірі айыпталушылар арасында кінәсіздер де болды деді.

"БЕЛСЕНДІНІ КІМ ӨЛТІРДІ?"

Белсендінің өліміне қатысты қоғамда көп әңгіме болды. Кейбіреулер бұл қылмыстың астарынан саяси астар көрсе, енді біреулер кек алу үшін жасалған көп қылмыстың бірі деді. Үшіншілері Бақтыбаев шенеуніктердің біріне кедергі келтірді десті. Бір анығы, Бақтыбаев жемқорлыққа, алаяқтыққа, ақша жымқыруға төзе алмады.

Сот кезінде айыпталушылардың адвокаттары Бақтыбаевты басқа біреулер өлтіруі мүмкін дегенді дәлелдеуге тырысты. Қорғаушылар "Бақтыбаевтың ірі энергетикалық компаниядан жүздеген миллион теңге ақша талап етуі де оның өліміне себеп болуы мүмкін" деген. Бақтыбаев энергетикалық компаниядан талап еткен ақшаны ауылының қажетіне жұмсағысы келген, бірақ бақилық болып кетті.

Бақтыбаевты жеке таныған қарағандылық белсенді Айтқожа Фазылов тергеу ең жеңіл жолды таңдаған болуы керек деп топшылайды.

— Кейінгі бес жылдағы ең шулы іс осы болды. Халықаралық резонанс туғызды. ІІМ мен Қарағанды облысы полиция департаентінің тәжірибелі тергеушілерінен арнайы топ құрылды. Бізге кінәлілер ұсталды, бұл тапсырыспен жасалған өлім деді. Енді келіп осындай шешім шықты. Бұған ішкі істер министрінен белгі болды деп ойлаймын. Себебі бұл іс соның бақылауында болған. Әріқарай іздейтін шығар, іс жалғасар, бірақ табуы қиын. Себебі уақыт өтіп кетті. "Кім өлтірді?" деген сауалдың басы ашық қалды, - дейді Фазылов Азаттыққа.

Айтқожа Фазылов.
Айтқожа Фазылов.

Бақтыбаев көзі тірісінде Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданындағы жемқорлық, әлеуметтік мәселелерді көтеріп жүрген. Өзі ата-анасының ескі үйінде тұрып жатты. Бұл қылмысқа Transparency Kazakhstan қоғамдық ұйымы назар аударып, Қазақстан билігін істі объективті түрде жүргізуге шақырған. Ұйым "Бақтыбаевтың өлімі Қазақстанның азаматтық қоғамына үлкен соққы болды", "жұрт осы жайттан кейін заңсыздықты көре тұра айтудан жасқанады" деген.

Бақтыбаевтың өлімі АҚШ мемлекеттік департаментінің 2021 жылы наурыздағы есебінде де айтылады. Есепте ол "ақша жымқыру мәселесін көтерген белсенді" деп сипатталған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG