Accessibility links

"Орыс сепаратизмі", татулық туралы "бос сөз" және АҚШ-тың "жаулары"


Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдық мерейтойында. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Ақмола облысы. 16 наурыз, 2015 жыл.
Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдық мерейтойында. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Ақмола облысы. 16 наурыз, 2015 жыл.

Осы аптада халықаралық басылымдар Қордайдағы қақтығыстың себеп-салдарына үңілді және Ресейдің "орыс мәселесін" көтеруінің артында Кремльдің "саяси ойыны" тұр деп болжады. Сонымен бірге шетел БАҚ-тары АҚШ Қытай мен Ресейге қарсы тұру үшін Қазақстанға ықпалын арттыруға кірісті деген тұжырым жасады.

ТОҚАЕВТЫҢ ЕКІ УӘДЕСІ ЖӘНЕ "ҚҰЛАЗЫТҚАН" СОТ ШЕШІМІ

Eurasianet тілшісі былтыр ақпанда Жамбыл облысы Қордай ауданындағы ұлтаралық қақтығыс қатысушыларына шығарылған сот үкімі негізінде материал жариялады. Автор Джоанна Лиллистің жазуынша, 27 сәуірде шыққан сот шешімі "көңіл құлазытқан".

50 адам сотталды. "Қордай ісі" бойынша сот қалай аяқталды?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:49 0:00

"Былтыр Қазақстан тарихындағы ең қанды этносаралық қақтығыс болғанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлтаралық келісімімен мақтанатын елі есеңгіреп қалғанда екі уәде берген еді. Ол әділдікке қол жеткізуге және Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы дүнгендер тұратын ауылдарда болған 10 адамның қазасына әкелген атыс пен тонаудың түпкі себебін анықтауға уәде берген" деп жазады журналист.

Оның тұжырымы бойынша, бұл екі уәде де орындалмаған сыңайлы. 27 cәуірдегі Таразда шыққан сот шешімі авторды осындай ойға жетелеген.

Автордың айтуынша, екі ұлт арасында болған бұл қақтығыс – "халықтар арасында кикілжіңге жол бермеген" Қазақстан образын ондаған жылдар бойы насихаттап келген мемлекет үшін "ыңғайсыз факт".

"Мұның бәрінің саяси аспекті де бар, себебі Қазақстандағы ондаған этнос аралас-құралас бейбіт өмір сүріп жатыр деген түсінік ел басқаруда әлі де рөл ойнап отырған бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мәңгілік мұрасы деп дәріптеледі. Дегенмен жергілікті жердегі ұрыс-керіс этностық бөліністер негізінде тұтанып, этностық реңктегі қантөгіске алып келетін оқиғалар қайталанған сайын бұл әдемі көрініс бұзыла береді" деп қорытады автор.

Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың айтуынша, үкімет "әдемі ұрандар көтереді, бірақ оның бәрі бос сөз болып көрінеді", себебі олар "жұрттың бәріне түсінікті, барлық қазақстандықты біріктіретін ұлттық идеология ойлап таба алмай келеді".

Оның айтуынша, "кедейлік, теңсіздік және жемқорлықтан болған наразылық кикілжіңге жағдай жасап береді, сондықтан кішкентай оқиғаның өзі қантөгіске ұласады".

Жамбыл облысы Қордай ауданы Масанчи ауылындағы қақтығыста өртенген ғимарат. 26 ақпан, 2020 жыл.
Жамбыл облысы Қордай ауданы Масанчи ауылындағы қақтығыста өртенген ғимарат. 26 ақпан, 2020 жыл.

Ал этностар арасындағы кикілжің туралы айтуға тыйым салу мәселені одан сайын "бықсыта" береді дейді Қазақстан дүнгендер қауымдастығының басшысы Мухарме Дауров.

"Ақиқат қаншалық ауыр, қаншалық жағымсыз болса да, бәрін дұрыс шешу үшін оны айту керек. Жасырып-жаба берсең, жағдай ушыға береді" дейді ол.

РЕСЕЙДІҢ КЕЛЕСІ "САЯСИ ОЙЫНЫ" - СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН БОЛУЫ МҮМКІН БЕ?

Қазақстандағы "орыс сепаратизмі" тақырыбына қайтып оралған америкалық Diplomat басылымы бұл мәселеде сыртқы фактор – Ресейден көп қауіп бар деген болжам жасайды.

Ресей мемлекеттік думасы депутаттары Евгений Федоров пен Вячеслав Никоновтың "жерге таласқан, Қазақстанның аумақтық тұтастығына қауіп төндіреді деген пікірлері" бұл жолғы "толқынының қатты екенін" аңғартады дейді автор.

«Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық бірлестігінің мүшелері Алматыдағы Ресей консулдығы алдына Қазақстан жері туралы айтқан дума депутаттарының кешірім сұрауын талап етіп тұр. 26 желтоқсан 2020 жыл.
«Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық бірлестігінің мүшелері Алматыдағы Ресей консулдығы алдына Қазақстан жері туралы айтқан дума депутаттарының кешірім сұрауын талап етіп тұр. 26 желтоқсан 2020 жыл.

"Солтүстік Қазақстанға қатысты мәлімдемелер адуынды болды, әрі Кремльдің еш цензурасына ұшырамады, бұған қоса оны Ресей өкіметіндегі белді тұлғалар қолдады" деген автор бұл жолы Қазақстан үкіметінің орнына Солтүстік Қазақстанның қазақтары "жер иесі өздері екенін көрсетіп, бас біріктірген". "Олар үшін "орыс мәселесі" - ерекше нәзік әрі өте маңызды мәселе" дейді автор.

Мұның бір себебі – Солтүстік Қазақстан облысында халықтың 35 пайызы қазақ, ал 49,5 пайызы орыс ұлтының өкілі. Облыс орталығы – Петропавлда қазақтар 30, орыстар 59 пайыз. "Бұл тұрғыдан алғанда, дәл осы аймақта "орыс әлемі" қоғамдық дискурсқа үстемдік етіп тұр. Бұл аймақ көп жағынан Нұр-Сұлтаннан бөлініп қалған әрі тура және ауыспалы мағынасында Ресей Федерациясына жақын. Мұнда Ресей телеарналары мен медиасы кең тараған, шекараның екі жағында отбасылық байланыс тығыз, әрлі-берлі миграция жиі" деп сипаттайды Diplomat.

Автордың жазуынша, солтүстік қазақтарының Ресейдегі мәлімдемелерге наразылық білдіріп, көк ту ұстап, атпен шауып шығуы – аймақта азаматтық қоғамның өсе бастағанының "жақсы нышаны". "Азаматтық сана оянып, мәселе төңірегіне топтасып, ұлттық мұраға қатысты тегеурінді қоғамдық мәлімдеме жасау көрінісін байқап отырмыз" дейді автор. Дегенмен, оның айтуынша, мұндай аймақта "этностық национализмнің" өршуі қауіпті.

"Ресейдің бірнеше жыл бұрынғы Грузия мен Украинаға қарсы әрекеттері кезіндегідей, қазір Ресейде "келесі кезекте Қазақстан тұр" деген қаңқу сөз бар. Ел ішінде жағдай қиындағанда "тудың айналасында шеруді" қоздыру – Мәскеудің сүйікті саяси ойыны екенін ескерсек, Алексей Навальныйға қатысты тәртіпсіздік күшейіп, халықтың наразылығы артып бара жатқан қазіргі сәтте Ресей Қазақстанмен мәселеде қай жерге дейін барады деген ашық сұрақ туындайды" деп қорытады автор.

АҚШ-ТЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ "СТРАТЕГИЯЛЫҚ БӘСЕКЕСІ"

Қытай мен Ресейге қарсы саясатын күшейткен АҚШ Орталық Азияда, соның ішінде Қазақстанда бұл елдермен стратегиялық бәсекеге түседі. Қазірдің өзінде мұның нышандары байқалады. Екі елдің бүгінгі қарым-қатынасын талқыға салған америкалық Forbes журналы осындай тұжырым жасайды.

Автордың айтуынша, Совет одағы құрамынан шыққан Қазақстан Ресей мен Қытайға, АҚШ пен Еуроодаққа есігін ашып, саяси-экономикалық байланыс орнатқан. "Қытай мен АҚШ сауда соғысын жүргізіп, ал Байден әкімшілігі табиғи отын түрлерін іздеп жатқан қазіргі сәтте Қазақстан барлық тұрғыдан стратегиялық [серіктес] бола алады".

Вашингтон бұл қадамын бастап та кеткен. Соның бір мысалы – былтыр қыркүйекте АҚШ – Қазақстан бизнес кеңесі құрылған. Бұл кеңес Қазақстанмен тұрақты бизнес қарым-қатынас орнатып, бизнес лоббиін арттырады, соның арқасында қазақстандықтар қазіргіден төмен тарифпен Америка нарығына шыға алады.

"Вашингтон Қазақстанды бұрынғы Совет одағының Орталық Азия бөлігіндегі ең дамыған, бірақ Қытай мен Ресейдің қатты ықпалында тұрған ел деп танитыны анық. Қазір бұл екеуі де ресми түрде жау ел әрі стратегиялық бәсекелес саналады, әрі олар АҚШ-тың Азия нарықтарындағы статусына және саяси ықпалына стратегиялық қатер болып есептеледі".

Автордың айтуынша, Вашингтон бұған дейін Орталық Азия "Қытайдың трансұлттық корпорацияларының бекінісіне айналғанын бақылап қана келген".

Қытай мен Қытай арасындағы құрлықтағы порттың көрінісі. Желтоқсан, 2017
Қытай мен Қытай арасындағы құрлықтағы порттың көрінісі. Желтоқсан, 2017

Төраға Си Цзиньпин жариялаған "Бір белдеу – бір жол" бастамасының арқасында елдегі 55 жобаға кемі 27 миллиард доллар инвестиция салған Қытай қазірдің өзінде "Қазақстанда тұр" деп жазады Forbes.

АҚШ-тың Трамп кезінде жарияланған 2019-2025 жылдарға арналған Орталық Азияға қатысты стратегиясы Буш пен Обама әкімшіліктерінің саясатына негізделген және "Қазақстанда және жалпы аймақта Америка инвестициясын арттыруды" ғана көздейді. "АҚШ-тың Орталық Азиядағы инвестиция серіктестігін құру арқылы бұл стратегияны нақты әрекетпен бекітуі қуантады" дейді Caspian Policy Center сарапшысы Джереми Коэн.

Бірақ, "негізгі нысана Қытайдың Орталық Азиядағы сүйікті елі – Қазақстан" деп қорытады Forbes.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG