Accessibility links

"Даулы заң қабылданса, алаңда шатыр тігіп, аштық жариялаймыз". Жер митингісі қалай өтті?


Алматыдағы Жер митингісі. 24 сәуір 2021 жыл.
Алматыдағы Жер митингісі. 24 сәуір 2021 жыл.

Қазақстанда 24 сәуірге белгіленген жер митингісінің ең ірісі Алматыда өтті. Жиналғандар кез келген мақсаттағы жерді шетелдіктерге бермеуді және жерді мемлекет меншігінде қалдыруды талап етті. Демпартия өкілдері "жер туралы даулы заң қабылданса, алаңда шатыр тігіп, аштық жариялаймыз" деді.

Сенбі күні арнайы жасақ шерулетіп жүрмек болған белсенділердің жолын бөгеді.

Белсенділердің айтуынша, қазір парламенттің жоғары палатасына түскен жер туралы заң жобасы шетелдіктердің орман өсіру үшін 25 жылға жалға жер алуына мүмкіндік береді. Олар аталған жоба кері қайтарылсын дейді. Наразылар жерді қазақстандықтарға сатудың өзі ел болашағына қауіп төндіретінін айтып отыр.

"ОЛИГАРХТАРДА ЖҮЗДЕГЕН МЫҢ ГЕКТАР ЖЕР БАР, АЛ ҚАРАПАЙЫМ ҚАЗАҚТА ОН СОТЫҚ ТА ЖОҚ"

Алматыда Шоқан Уәлиханов атындағы алаңда күндізгі сағат 12-лер шамасында басталған митинг шамамен екі сағатқа созылып, аяқталды. Аумақта интернет өшірілгендіктен, Азаттық тілшілері оқиға орнынан тікелей эфирде хабар тарата алмады.

Тыйымға қарамастан жер митингісіне шыққандар билікке шарт қойды
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:23 0:00

Биліктің тыйымына қарамастан, шараға шамамен 150-200 шақты адам жиналды. Жиналғандар кез келген мақсатта пайдаланылатын жерді шетелдіктерге жалға бермеуді және сатпауды талап етті. Бұған қоса, жерді мемлекет меншігінде қалдыру қажеттігін айтты.

– Билік халықты алдап жатыр. "Ауылшаруашылық жерлері Қазақстан азаматтарына сатылмасын, біз соған қарсы шығып отырмыз" деп билік өздеріне ұпай жинағысы келеді. Ал ауылшаруашылық жерлерін Қазақстан азаматтарына берді деген сөз - [жер] сатылды деген сөз. Оны сатып алатын кімдер? Латифундистер, олигархтар, Назарбаев айналасында жүргендер... Қазір қазақты жерден айыру саясатын көріп отырмыз. Билік бізді тәуелсіздіктен түбегейлі айырмақ. Біз бұған түбегейлі қарсымыз. Заңның қабылдануына түбегейлі қарсымыз - деді митингіде сөйлеген тіркелмеген Қазақстанның демократиялық партиясының жетекшісі Жанболат Мамай.

Белсенділер Абзал Достияров, Ырысбек Тоқтасын кез келген мақсаттағы жерді шетелдіктерге сатпауды және жалға бермеуді талап етті. Ырысбек Тоқтасын наурыз айында құрылған жер комиссиясының құрамына тәуелсіз белсенділер кірмегенін сынап, оның жұмысына күмән келтірді.

"ЖЕРДІ КҮТУ ЖӘНЕ САҚТАУ ТУРАЛЫ ЖАҢА ЗАҢ ҚАБЫЛДАУ КЕРЕК!"

Қоғам белсендісі Рысбек Сәрсенбайұлы қазіргі заң жобасын тоқтатып, орнына "Жерді күту және сақтау" туралы жаңа заң қабылдауды ұсынды.

– Онда жерді жекешелендіру мәселесі мүлде болмауы керек. Ол заң тек жеке тұлғаларға және заңды тұлғаларға жерді уақытша және тұрақты пайдалануға беретін заң болуы керек. Сол кезде жер сатылып, жекеменшікке өтіп кетеді деп алаңдаңдаудан құтылар едік, – деді ол.

Рысбек Сәрсенбайұлы "Қытайды көп айтамыз, ал солтүстіктегі көршіні неге ескермейміз?" деп Ресейдің көрші елдерге қатысты саясаты туралы айтты.

– Ол Украинада не істеді? Донецк мен Луганскіні қалай бөлшектеді? Мұның бәрі не үшін? Жер үшін. Әзербайжандағы Қарабақ не үшін? Жер үшін. Сондай соғыс, қақтығыстың бізге керегі жоқ. Жерді жекешелендіру дегеніміз - жат жұрттың қолына беру деген сөз. Ол ертеңгі күні сондай қантөгістер мен соғыстарға алып барады. Біз сол соғыстарды болдырмау үшін бүгін соның алдын алып отырмыз. Отанға қауіп төнді дейтініміз сондықтан. Мұның үлкен мәні бар, - деді Рысбек Сәрсенбайұлы.

Прокурор жиналғандарға шараның заңсыз екенін ескертуге тырысып еді, наразылар "Прокурор, кет!" деп айқайлап, оны ығыстырып тастады. Бұдан соң жұрт "Назарбаев, кет!" деп те айқайлады.

Сары түсті униформа киген санитария мамандары наразыларды аралап, "маска тағыңдар" деп ескертіп жүрді. Жұрт олардың әрекетіне наразылық білдірді.

АРНАЙЫ ЖАСАҚ БӨГЕТІ ЖӘНЕ МИТИНГ ҚОРЫТЫНДЫСЫ

Түс ауған шақта жиналғандар Алматының орталық алаңына қарай шерулетіп жүрмек болған. Бірақ белсенділер жүз метр жылжыған соң арнайы жасақ олардың жолын бөгеді.

Орталық жаққа қарай шерулетіп жүрмек болған белсенділерді бөгеп тұрған арнайы жасақ. Алматы, 24 сәуір 2021 жыл.
Орталық жаққа қарай шерулетіп жүрмек болған белсенділерді бөгеп тұрған арнайы жасақ. Алматы, 24 сәуір 2021 жыл.

Ара-тұра екі жақ біраз тіресіп те қалды. Бірақ арнайы жасақ белсенділерді Қонаев көшесінен әрі қарай асырмады.

Митингтің соңы шеруге ұласып бара жатқанда арнайы жасақтың белсенділерді бөгеу сәті. Алматы, 24 сәуір 2021 жыл. Сурет авторы Асан Анарбайұлы.
Митингтің соңы шеруге ұласып бара жатқанда арнайы жасақтың белсенділерді бөгеу сәті. Алматы, 24 сәуір 2021 жыл. Сурет авторы Асан Анарбайұлы.

Бұдан соң наразылар Уәлиханов алаңына қайтып келді. Сол жерде жиынды қорытындылап, билікке талап қойды.

"Егер сенат даулы заңды қабылдаса, 15 мамырдан бастап Республика алаңында шатыр тігіп, сол жерде аштық жариялаймыз" деді белсенді Жанболат Мамай.

НҰР-СҰЛТАН

24 сәуірде Нұр-Сұлтанда полиция митинг өтеді делінген цирк маңындағы бір шақырымдай жерді қоршап, ешкімді жолатқан жоқ. Айналада жүрген санаулы белсенді ұсталған. Куәгерлер мен ақпарат құралдары полицияның он шақты адамды ұстағанын көрген. Полиция әзірге ақпарат бермеді.

Сенбі күні мұнда билет тексеретін униформа киген қызметкерлер аялдамадағы жолаушыларды "автобус жоқ" деп қуып, қоғамдық көліктерді аялдатпай жіберіп отырған. Белсенділердің бірі Нағызхан Төлеубай Азаттық тілшісіне "жер мәселесіне алаңдап келген едік, полиция бұл жаққа мүлде жолатпай қойды" деп айтқан.

ШЫМКЕНТ

Сенбі күні Шымкентте митинг өтеді делінген орталық саябақты полиция қызметкерлері қоршап, күзетіп тұрды. Саябақтың автотұрағында қаз-қатар тізілген оннан аса полиция көлігі байқалды. Саябақ маңында жер сатуға қарсы екенін айта бастаған Түркістан облысы Төлеби ауданының тұрғыны Қайрат Абылаевты өздерін "әкімдік өкіліміз" деп таныстырғандар "түсіндіру жұмысын жүргіземіз" деп шақырды. Әңгімелескен соң тұрғынды шығарып салды.

Орталық саябақ маңына қойылған полиция көліктері. Шымкент, 24 сәуір, 2021 жыл.
Орталық саябақ маңына қойылған полиция көліктері. Шымкент, 24 сәуір, 2021 жыл.

24 сәуірде мұнда біраз белсенді үйлерін полиция күзетіп тұрғанын айтып, сыртқа шыға алмай қалғанына шағымданды. Кей белсенділер митингіге шыға алмаған соң наразылықты үйінде өткізіп, әлеуметтік желіге жариялады. Сенбі күні таңертең мұнда кемінде үш белсендіге полицияның барғаны не олардың жолда ұсталғаны белгілі болды.

АҚТӨБЕ

Ақтөбеде жер митингісінің орнына Шығармашылық академиясында белсенділер мен әкімдік өкілдері кездесіп, жер мәселесін талқылаған. Жергілікті билік тұрғындарды "заңсыз шарадан қорғау үшін" осындай шара өткізіп отырғанын айтқан. Жиынның барысына көңілі толмаған кей адамдар жиналыстың ортасынан кетіп қалған.

Жақында жергілікті БАҚ қазір парламентте талқыланып жатқан "Жер қатынастары туралы" заң жобасында шетелдіктердің жерді жалға алып, орман шаруашылығымен айналысуына мүмкіндік беретін пункттер қалдырылғанын хабарлаған. Бұл қоғам арасында наразылық туғызған. Атырау облысы Ресеймен шекара маңындағы Көптоғай ауылындағы жағдай да жер мәселесінің қозғалуына түрткі болған.

Бұған дейін мәжіліс депутаттарының кейбірі шетелдіктерге "он, жүз мыңдап жер берілмейді, берілсе, зауыт-фабрикасы бар таза ауаға зәру елді мекендер немесе трассалардың бойындағы жерлерден орман өсіруге берілуі мүмкін, елдегі жасыл орман аумағын осылайша шетелдіктер есебінен кеңейтуге болады" деп айтқан еді.

Қазақстанның демократиялық партиясын құру жөніндегі бастамашы топ және қуғындағы экс-банкир, шетелде тұратын Мұхтар Әблязов жақтастарын жер мәселесіне байланысты митингіге шақырған. Бірақ Әблязов митингіні 1 мамырға белгілеген. Онда "саяси тұтқындарды" босату, Еуропарламенттің 11 ақпан күнгі қарарын орындау, еркінен тыс вакцина салдыртпау және қымбатшылықты жою талап етілетіні хабарланды. Ол құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын Қазақстан соты "экстремистік ұйым" деп танығанмен Еуропарламент "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған. Елде қозғалысты қолдаған көптеген белсенді әкімшілік және қылмыстық жауапқа тартылып, сотталған. Құқық қорғаушылар биліктің "экстремистік баптарды пайдаланып" оппоненттерін қудалады деп сынайды.

(Мақаланы әзірлеуге Аян Қалмұрат, Манас Қайыртайұлы, Өркен Жоямерген, Дилара Иса, Жаңагүл Жүрсін атсалысты).

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG