Accessibility links

"Үйдегі шаруа еселеп өсті". Пандемия әйелдердің өмірін қиындатты


Әйелдердің құқығын қорғайтын LeanIn.Org және McKinsey жүргізген зерттеу бойынша, пандемия кезінде әлемде әйелдер үй шаруасы мен бала тәрбиесіне ерлермен салыстырғанда үш есе көп араласқан. Ал БҰҰ есебінше, пандемия кезінде Қазақстанда әйелдердің 81 пайызының үй шаруасына жұмсайтын уақыты көбейген. Пандемия әйелдер өміріне қалай әсер етті?

"ПАНДЕМИЯ ШАРУАНЫ КӨБЕЙТТІ"

Әлемді жайлаған коронавирус нұр-сұлтандық бес балалы ана Әлия Қуанова "өмірін түбегейлі өзгерткен". Пандемияда "үйдегі шаруа еселеп өскенін" айтқан әйел індетке дейінгі қалыпты өмірді аңсайды.

Нұр-сұлтандық бес балалы әйел Әлия Қуанова (Сурет жеке мұрағатынан алынды)
Нұр-сұлтандық бес балалы әйел Әлия Қуанова (Сурет жеке мұрағатынан алынды)

- Бұрынғы тамақ пісіру, үй жинау, кір жуу сияқты жұмыстарға баланың көңілін аулау, сабақ оқыту сынды жаңа шаруалар көбейді. Пандемия кезінде үйден шықпау, балаларды ешқайда жібермеу, онлайн оқу деген бұрын-соңды болмаған жайттарды көріп отырмыз. Әсіресе балалардың төрт қабырғаға қамалуы психологиялық тұрғыдан да, физикалық тұрғыдан да ауыр тиді, - дейді 35 жастағы әйел.

Наурызда Қазақстанда вирус жұқтырған алғашқы адам тіркелген соң билік абыр-сабыр карантин енгізген соң Әлияның отбасындағы қалыпты өмір бұзылған. Ол індет әбігері тым ұзаққа созылады деп күтпегенін айтады.

– Пандемияға дейін 8, 12, 14 жасар қыздарымның қалыпты режимі болған. Гимнастика, атлетика, бассейнге баратын, қосымша сабақтары да бар еді. Былай айтқанда, балаларымның бос уақыты жоқ еді. Күйеуім жұмысына барып жүретін. Мен декретте едім. Көктемде карантин енгізілгенде бәрі жабылды. Отбасымыздың күн тәртібін толықтай түзеп, жаңалауға тура келді. Балалар үйде қамалды. Энергиясы жұмсалмай, дос-жарандарымен араласпай қалып, кәдімгідей көңілі құлазып, стреске түсті. Осының бәрі маған қосымша уайым болды, - дейді көп балалы әйел.

Әлияға карантин кезінде мектептер жабылып, балалар үйден онлайн оқуы өзіне қиын тиген. Ол "балаларыма сабақ оқытамын деп кейде үй шаруасы жайына қалады. Кішкентай екі ұлыма да көңіл бөле алмадым. Тамағын берген соң, бір бөлмеге тыныш отырыңдар, бөгет жасамаңдар деп қамап қоямын" дейді.

Әлия биыл қыркүйекте декреттік демалысын аяқтап, Нұр-Сұлтандағы колледждің біріне тарих пәні мұғалімі болып жұмысқа шыққан. Қазір ол колледж сабағын онлайн беріп, балаларының сабағын да қадағалайды. Одан кейін үй шаруасын істеп, балаларына және жұмыстан келетін күйеуіне тамақ дайындайды.

БҰҰ мен халықаралық зерттеу орталықтары көктемнен бері түрлі зерттеу жүргізіп, пандемияда әйелдердің шаруасы артқанын, олардың иығына түскен жүктің көбейгенін айтып дабыл қақты. Гендерлік теңдік және әйелдер мәселесімен айналысатын БҰҰ структурасы (UN Women) мен БҰҰ-ның Халық саны жөніндегі қоры (UNFPA Kazakhstan) жүргізген әлеуметтік зерттеуге қатысқан қазақстандық әйелдердің 81 пайызы пандемия кезінде үй шаруасына кететін уақыттың артқанын, 65 пайызы бала күтіміне кететін уақыттың көбейгенін айтқан. БҰҰ зерттеуінше, Қазақстанда орта есеппен әйелдердің 81 пайызы, ерлердің 59 пайызы пандемия кезінде үй шаруасына көп уақыт жұмсаған. Бұдан бөлек, Қазақстанда еркектерден гөрі әйелдердің көбі қызмет орнында емес үйден жұмыс істеген. Елде шамамен 26 пайыз әйел, 22 пайыз еркек жұмысынан айырылған.

"АЗАННАН КЕШКЕ ДЕЙІН ДАМЫЛ ЖОҚ"

Нұр-Сұлтан қаласында тұратын 39 жастағы Ботагөз Еділбайқызы – карантин кесірінен жұмыссыз қалған әйелдердің бірі. Ел астанасындағы дүкендердің бірінде сатушы болған ол "індет денсаулығыма кері әсер етті" деп қамығады.

– Жалғызбасты анамын. Екі балам бар. Денсаулығыма байланысты 2004 жылы үшінші топтағы мүгедектік берілген. Десе де жеңіл-желпі жұмыс істегем. Соңғы рет сатушы болғам. Карантин басталғанда жұмысым тоқтап, кейін қайта шыға алмадым. Денсаулығым жарамай қалды. Шықпағаным дұрыс болған. Балалар тағы онлайн оқып жатыр. Ендігі шаруам солардың сабағы. Қазір мүгедектігім үшін алатын 33 мың теңгемен күн көріп отырмыз. Шешем зейнетақысынан жырып, 45 мың теңге пәтеріміздің ақысына береді, – дейді әйел.

Күйеуімен ажырасқан Ботагөз Нұр-Сұлтанда жатақхананың 15 шаршы метр бөлмесін екі ұлымен жалдап тұрады. Ол карантин әйелдердің "тырбың тіршілігін көбейтіп", шаршатып жібергенін айтады.

– Біреуге көрінбейді, әйелдің үйдегі шаруасы бастан асады. Үй шаруасын қойшы, үйренген іс қой. Бірақ онлайн оқу жүйкемізді жұқартты. Өзіміз мұғалім болдық. Балалармен таңнан кешке дейін сабақ оқимыз. Кейде өзіміз ұқпаймыз. Балаға қалай түсіндірем? Ұлдарым төртінші, бесінші сыныпта оқиды. Сабағы ауыр, - дейді Ботагөз.

Жалғызбасты әйелдің сөзінше, карантинге дейін ұлдары мектепке, одан соң аптасына бірнеше рет жеткіншектерге арналған "Аула клуб" орталығына барған. "Індет басталмаған кезде ұлдарым бірнеше үйірмеге қатысып, үйге әбден шаршап келетін" деп еске алады Ботагөз.

Павлодар іргесіндегі Жолқұдық ауылының тұрғыны, жергілікті телеарналардың бірінде режиссер болып істейтін Әйгерім Мәрденова карантиндегі қарбаластан кейін жұмыстан шығып кетпек болғанын айтады. 38 жастағы әйелдің сөзінше, шектеулер күшейгелі әйелдің үйдегі және жұмыстағы шаруасы қауырт.

Павлодар тұрғыны Әйгерім Мәрденова жұмыс орнында.
Павлодар тұрғыны Әйгерім Мәрденова жұмыс орнында.

– Режим өзгерді. Бұрын жұмыс таңнан кешке дейін болса, карантинде түстен кейін басталды. Елдегі көп мекеме сияқты ұжымдағы қызметкердің басым бөлігі онлайн форматқа көшті. Ауырып қалғандар бар. Сондықтан әріптестерімнің жүктемесін қоса атқаруыма тура келді. Бірақ дәл сол кезде мені үйдегі шаруалар шаршатып жіберді. Үй шаруасын түске дейін бітіріп кетуге тырысам. Ертемен тұрып таңғы және түскі ас дайындаймын. Балаларға тамақ берген соң сабақ оқитын жерін реттеймін. Қыздар үлкен, сабағын өздері оқыды. Ал ұлым екінші сыныпта, әлбетте сабағына көмектесем. Үш-төрт сағат тапжылмай жанында отырып, оқуын қадағалаймын. Сосын жұмысқа кетуім керек. Бірақ алдымен кешкі асты пісіріп, дайындап қоюым керек. Өйткені жұмыстан кешкі тоғыз-ондарда ғана оралам. Азаннан кешке дейін дамыл жоқ, - дейді үш баланың анасы.

Нұр-Сұлтанда тұратын төрт балалы ана Арай Қайроллақызы (аты-жөні өзінің қалауымен өзгертілді) – пандемия кесірінен жұмыстан кетуге мәжбүр болғандардың бірі. Сөзінше, биыл қаңтарда ұлы бір жарым жасқа толғанда декреттік демалыстан жұмысқа шыққан. Бірақ ұзақ жұмыс істемеді.

– Төрт балалы үйде бір адам ғана жұмыс істеген қиын екен. Оның үстіне ұлым бір жасқа толғанда мемлекеттен берілетін жәрдемақы тоқтады. Ипотекамыз бар. Білесіз, астанада бәрі қымбат. Үш қызым, бір ұлым бар. Тұңғыш қызым 15 жаста, екіншім 13 жасар, үшіншім 7 жасқа келген. Былтыр кіші қыз мектепке барды. Әпкесі екеуі таңертең, ортаншы қызым түстен кейін оқыды. Сондықтан бір жарым жасар бауырын кезектеп қарайтын. Түсте келіп-кетіп жүрдім. Бірақ наурызда төтенше жағдай жарияланып, мектеп жабылғанда қалыптасқан режим бұзылды, - дейді Нұр-Сұлтан тұрғыны.

37 жастағы Арай сабақ онлайн форматқа көшкенде жағдай қиындағанын, әсіресе бастауыш сыныптағы оқушылар үшін ауыр тигенін айтады.

– Интернет бірде жақсы, бірде баяу. Үлкен балаларым өздігінен оқып, білмегенін мұғалімнен сұрап алады. Ал 1-сыныптағы қызыма ауыр тиді. 4-тоқсанда кәдімгі мұғалім болдым. Шыны керек, екі айлық карантинде шаршап кеттім. Сол кезде өзім де, күйеуім де жұмысты онлайн істедік. Сөйтіп не керек біресе жұмыс, біресе баланың сабағы, арасында кішкентай ұлым бар, үй шаруасы, ас-су, әйтеуір, жан-жаққа сабылып, үлгермей кеттім. Кейін жаңа оқу жылы тағы онлайн болады дегенде амалсыз жұмыстан кетем деген шешімге келдім. Енді қайтем? Үшеуі қашықтан оқыса, кіші ұлды кім қарайды? – дейді ол.

"ӨТКЕН ҒАСЫРДЫҢ БАСЫНДАҒЫ КЕЙІПКЕ ҚАЙТА ОРАЛҒАНДАЙМЫЗ"

БҰҰ пандемия ондаған жыл бойы гендерлік теңдік бойынша жеткен жетістіктерді бұзып, үйде отыратын, үй шаруасымен көп айналысатын әйелдердің саны артуы мүмкін деп ескертеді.

"Қауіптенетініміз, әйелдер үйде отырып жұмыс істеуді таңдауы мүмкін. Ал кеңсе еркектер ғана баратын жер болып қалуы мүмкін. Біз әйелдердің орны асхана емес деп айту үшін көп тер төктік. Коронавирус әйелдерді үйде, ноутбугымен асханада отырғызып қойғанын, ал кеңсеге еркектердің ғана барғанын қаламаймыз" дейді UN Women ұйымының атқарушы директоры Фумзиле Мламбо-Нгкука Thomson Reuters қорына берген сұхбатында.

Қазақстандық әйелдер құқығын қорғаушы Feminita бастама тобының негізін қалаушылардың бірі Гүлзада Сержанның пікірінше, пандемия қыз-келіншектердің жұмысын көбейтіп қана қоймай, өткен ғасырдың басындағы ахуалға шегінгендей әсер қалдырған.

– 1900 жылдың басында әйелдер өз құқығын қорғап, теңсіздікпен ашық күреске шыққан. Сондағы бар қалауы 16 сағаттық жұмыс уақытын 8 сағатқа қысқарту еді. Балабақша ашу, балаларды мектепке жіберіп, оқыту мәселесін көтерген. Пандемия кесірінен сол талаптар құрдымға кетіп бара жатқандай. Әйтеуір саяси тұрғыда "құқығын жоқ" демесе де, халықтың денсаулығы үшін үйде отыру міндет деп қыз-келіншектің құқығын шектегендей. Меніңше, қазір мектеп не балабақша жұмысы шектеліп, пандемия әйелдерді ақша табатын мүмкіндіктен айырып жатқандай, - дейді ол.

Сиыр жетектеп келе жатқан әйел. Алматы облысы. 2020 жылдың наурызы.
Сиыр жетектеп келе жатқан әйел. Алматы облысы. 2020 жылдың наурызы.

Гүлзада Сержанның Қазақстанда пандемия кезінде тұрмыс тауқыметін тартқандардың арасында әйелдер үлесі басым болды деп болжайды. Ол пандемия аяқталғанның өзінде жұмысқа әйелдер емес еркектер бірінші және көбірек оралады деп санайды.

– Неге дейсіз ғой? Қазақстандағы статистикаға сенсек, әйелдер табысы еркектерге қарағанда 35 пайызға төмен (Нархоз университетінің зерттеуінше, Қазақстанда әйелдер еркектерге қарағанда 35 пайыз аз табыс табады – Ред.). Бірдей жұмыс атқарғанның өзінде көрсеткіш осындай. Яғни, отбасыдағы әйел жұмыс істесе де, күйеуінен 35 пайыз аз ақша табады. Халық ақымақ емес. Кім көп тапса, сол жұмысқа шығады. Отбасылық бюджетке мың теңге түскен әлде үш мың теңге түскен тиімді ме? Осы теңсіздік жойылмай, әйелдер жағдайы түзеледі дегенге күмәнім бар. Қазақстан қоғамында әйелдің қолы бос, бала-шағасын қалдыратын жері болса ғана жақсы жұмысқа шыға алады деген түсінік бар. Мұның бәрі әйелдердің экономикалық тәуелділігіне әкеледі. Ондай жағдайда әйел жан-жақтан қыспаққа алынады. Пандемия осы бір келеңсіз тенденцияны күшейтті дер едім, - дейді белсенді.

Ал астанада тұрып жатқан жалғызбасты ана Ботагөз "пандемия біткеннің өзінде өмірім бұрынғыша боларына күмәнім бар. Бір көзім көрмей қалды, омыртқамда "грыжа" пайда болып, денсаулығым нашарлады" деп күрсінеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG